WE ARE ON SOCIAL MEDIA

Жазғы Азия ойындары: 27 қыркүйек күнінің нәтижесі

Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының ширек финалында екі отандасымыз жарыс жолына шықты.

Аса ауыр салмақта (90 келіден жоғары) бақ сынаған Айбек Оралбай ширек финалда қырғызстандық боксшы Мырзакир Кошалиевпен қолғап түйістірді. Үш раундқа созылған тартысты кездесуде Айбек соққыларын дәл бағыттап, қорғаныста да сауатты өнер көрсетті. Төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен (5:0) Оралбай жеңіске жетіп, турнирдің жартылай финалына жолдама алды.

Өкінішке қарай, екі дүркін әлем чемпионы, 65 келі салмақтағы Аида Әбікеева жарыс жолынан шығып қалды. Жартылай финал жолдамасы мен Азия ойындарының медалі сарапқа салынған кездесуде оның қарсыласы Азия чемпионатының қола жүлдегері, қытайлық Ли Шу болды.

Үш раундқа созылған жекпе-жек өте тартысты өтті. Кездесу барысында төреші клинч және ереже бұзу әрекеттері үшін, Әбікееваның еншісіне жазылған екі ұпайды, ал қытайлық боксшының бір ұпайын шегерді.

Шешуші сәттерде дәлдік танытқан Ли Шу төрешілердің шешімімен 4:0 есебінде жеңіске жетіп, жартылай финалға өтті.

Айта кетейік, бокс бәсекелері 2 қазанға дейін жалғасады. Жарыс барысында ерлер арасында алты, әйелдер арасында бес салмақта жүлделер сарапқа салынады.

27 September, 2026
13

Жазғы Азия ойындары: 26 қыркүйек күнінің нәтижесі

Жапонияның Аичи манифактурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында 3 отандасымыз өз жекпе-жектерін өткізді.

60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Виктория Графеева алғашқы айналымда-ақ турнирдің басты фавориттерінің бірімен қолғап түйістірді. Қытайлық Тайбэй өкілі Линь Юйтинмен кездесу тартысқа толы болды. Үш раундтың қорытындысы бойынша, төрешілердің шешімімен жеңіс Графееваның қарсыласына берілді. Қорытынды есеп: 2:3. Осылайша, Виктория Азия ойындарындағы өнерін аяқтады.

Айта кетейік, Линь Юйтин 57 келіге дейінгі салмақта Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы атанған.

Артынша 2 дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырхан 1/8 финалдық кезеңде Иран боксшысы Мехди Каземимен қолғап түйістірді.

Махмұд алғашқы раундтан-ақ басымдық танытты. Тіпті, екінші және үшінші раундта қарсыласын нокдаунға жіберді. Осылайша отандасымыз айқын басымдықпен жеңіске жетіп, ширек финалға өтті.

Күндізгі сессияда 90 келідегі Нұрбек Оралбай қорытындылады. Оның алғашқы қарсыласы Ауғанстан өкілі Силаб Нури болды.

Қазақстандық боксшы жекпе-жектің алғашқы минуттарынан-ақ басымдығын байқатты. Бірінші раундта үш төреші Оралбайдың пайдасына 10:9 есебін қойса, тағы екеуі 10:8 деп бағалады. Кейінгі раундтарда да Нұрбек қарсыласына жекпе-жектің тізгінін бермеді.

Үш раундтың қорытындысында төрешілер жеңісті бірауыздан қазақстандық боксшыға берді – 5:0.

26 September, 2026
15

Жазғы Азия ойындары: 25 қыркүйек күнінің нәтижесі

Жапонияның Аичи манифактурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында 2 отандасымыз жарыс жолына шықты.

Алдымен 3 дүркін әлем чемпионы, биыл 54 келіге көтерілген Назым Қызайбай алғашқы жекпе-жегінде қытайлық Чжао Сюаньмен кездесті.

3 раундтың қорытындысы бойынша, 1:4 есебімен жеңіс қарсыласқа берілді. 

Одан кейін биылғы Азия чемпионы, 60 келідегі Оразбек Асылқұлов шаршы алаңға көтерілді.

Ол Оңтүстік Корея өкілі Чан Дон Хванмен айқасып, 1:4 есебімен есе жіберді.

Айта кетейік, бокс бәсекесі 2 қазанға дейін жалғасады. Жарыс барысында ерлер 6 салмақ және әйелдер 5 салмақта жүлдені сарапқа салады.

25 September, 2026
7

Алуа Балқыбекова Азиадада басты фавориттің бірін жеңді

Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында бокстан кезекті жарыс күні өтіп жатыр.

2 дүркін әлем чемпионы, 51 келідегі Алуа Балқыбекова Азиададағы алғашқы жекпе-жегінде Үндістан өкілі, Астанадағы Әлем Кубогының жеңімпазы Сакши Чаудхаримен жұдырықтасты. 3-раунд бойы тартысты өткен айқас 3:2 есебімен отандасымыздың пайдасына шешілді.

Енді отандасымыз ширек финалда Жапония боксшысымен күш сынасады.

24 September, 2026
9

Төрехан Сабырхан жазғы Азия ойындарында алғашқы айналымнан өтті

Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан Азия ойындарында алғашқы жекпе-жегін өткізді.

Жерлесіміз 70 келіге дейінгі салмақтың 1/8 финалында қатарлық Мохаммед Дбичимен қолғап түйістірді.

Үш раундтың қорытындысы бойынша, Төрехан Сабырхан төрешілердің шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша ол ширек финалға жолдама алды.

Ширек финалда Сабырхан Ирак өкілі Али Касим Хамдан Әл-Сарраимен кездеседі. Жекпе-жек 28 қыркүйекте өтеді.

Ирактық боксшы ширек финалға үндістандық Сумитті мерзімінен бұрын жеңгеннен кейін жолдама алды. Алғашқы екі раунд үнді боксшысының пайдасына шешілді. Алайда үшінші раундта Сумиттің жарақатына байланысты төреші жекпе-жекті тоқтатты.

Айта кетейік, бұған дейін Сабыржан Аққалықов (80 келіге дейін) жарысты аяқтаған болатын.

24 September, 2026
12

Сабыржан Аққалықов жазғы Азия ойындарында сүрінді

Қазақстандық боксшы Сабыржан Аққалықов 2026 жылғы Азия ойындарындағы өнерін алғашқы жекпе-жектен кейін аяқтады. 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің 1/8 финалында ол төрешілердің екіге бөлінген шешімімен кореялық Ким Мин Соннан 2:3 есебімен жеңілді.

Аққалықов Аичи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан бокс турнирінде шаршы алаңға шыққан Қазақстан құрамасының алғашқы өкілі болды. Үш раундтың қорытындысы бойынша. үш төреші жеңісті кореялық боксшыға, ал екеуі қазақстандық спортшыға берді.

Ким Мин Сон — 80 келіге дейінгі салмақтағы 2026 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері. Сондай-ақ осы маусымда ол Қытайдың Гуйян қаласында өткен World Boxing ұйымының әлем кубогы кезеңінде қола медаль иеленді.

Аққалықов Азия ойындарына қазіргі Азия чемпионы мәртебесінде келген болатын. Сәуір айында ол 75 келіге дейінгі салмақта құрлық чемпионатында жеңімпаз атанып, кейін 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне ауысты.

23 September, 2026
16

Қазақстан мен Моңғолия меморандумы: бокс құрамалары бірлескен жаттығу жиынын өткізеді

Аичи-Нагоя-2026 ХХ жазғы Азия ойындары аясында Қазақстан мен Моңғолия Ұлттық Олимпиадалық комитеттері арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Құжатқа Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин мен Моңғолия ҰОК басшысы Баттушиг Батболд қол қойды.

Меморандум спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Құжат аясында спортшыларды даярлау, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу, жаттықтырушылар мен мамандар арасында тәжірибе алмасу, сондай-ақ, спорттық медицина, допингке қарсы күрес, спорттық менеджмент, маркетинг және Олимпиада құндылықтарын ілгерілету бағыттарында өзара іс-қимыл жасау көзделген.

Алғашқы қадамдардың бірі бокстағы ынтымақтастық болмақ. Қазақстан тарапы өзара келісім негізінде моңғолиялық спортшыларды бірлескен оқу-жаттығу жиынына шақыруға дайын. Ал келесі оқу-жаттығу жиынын Моңғолияда өткізу жоспарланып отыр. Оған Қазақстан құрамасы да қатысады.

22 September, 2026
11

Махмұд Сабырханның алғашқы қарсыласы белгілі болды

Жапонияның Нагоя қаласында Махмуд Сабырханның Азия ойындарындағы 55 келіге дейінгі салмақтағы алғашқы қарсыласы анықталды. 

Қазақстандық боксшының қарсыласы ирандық Мехди Каземи болады. Жеребе нәтижесі бойынша әлемнің екі дүркін чемпионы Махмуд Сабырхан жарыстың алғашқы айналымынан босатылған болатын. Оның қарсыласы Иран өкілі Мехди Каземи мен Солтүстік Корея боксшысы Рён Чон Со арасындағы жекпе-жекте анықталды. 

Бірінші раундта боксшылардың ешқайсысы айқын басымдық таныта алмады. Алайда Каземи сәл дәлірек қимылдап, бес төрешінің үшеуінен 10:9 есебімен басым түсті. Келесі раундта Мехди қарсыласынан жақсырақ көрініп, төрт төрешінің бағалауы бойынша жеңіске жетті. Дегенмен төреші ереже бұзғаны үшін екі боксшыдан да бір ұпайдан шегерді. Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілердің екііге бөлінген шешімімен ирандық боксшы жеңіске жетті — 29:26, 29:26, 28:27, 27:28, 29:26. 

Осылайша, Мехди Каземи 26 қыркүйекте Махмуд Сабырханмен ширек финалға шығу жолдамасы үшін жұдырықтасады. Айта кетейік, Мехди Каземи 2024 жылы Черногорияның Будва қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған.

22 September, 2026
12

Боксшыларымыз жазғы Азия ойындарында кімдермен жұдырықтасады?

 Аичи-Нагоядағы жазғы Азия ойындарында бокс бәсекесінің жеребесі тартылды.

Әйелдер

51 келі. 18 боксшы.

Алуа Балқыбекова 1/8 финалда Сакши Чаудхари (Үндістан) - Аира Виллигас (Филиппин, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері) жұбының жеңімпазымен жолығады.

54 келі. 17 боксшы.
1/8 финал
Назым Қызайбай - Ксуа Жао (Қытай)

60 келі. 16 боксшы
1/8 финал
Виктория Графеева - Линь Юй-Тин (Тайпей, Париж Олимпиадасының чемпионы. 2 дүркін әлем чемпионы)

65 келі. 13 боксшы
Аида Әбікеева ширек финалда Шу Ли (Қытай, Азия чемпионатының қола жүлдегері, Қытай) - Кусум Таманг (Непал) жұбының жеңімпазымен жолығады.
75 келі. 7 боксшы
1/4 финал
Наталья Богданова - Азиза Зокирова (Өзбекстан, 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері)

Ерлер

55 келі. 23 боксшы

Махмұд Сабырхан 1/8 финалда Чон Рионг Со (Солтүстік Корея) - Мехди Каземи (Иран) жұбының жеңімпазын күтеді.

60 келі. 27 боксшы
Оразбек Асылқұлов 1/8 финалда Жун-ю Лин (Тайпей) - Донгхван Жанг (Оңтүстік Корея) жұбының жеңімпазымен айқасады.

70 келі. 24 боксшы
Төрехан Сабырхан 1/8 финалда Дук Нгок Нгуен (Вьетнам) - Мохаммед Дбичи (Қатар) жұбының жеңімпазымен жұдырықтасады.

80 келі. 14 боксшы
1/8 финал
Сабыржан Аққалықов - Минсеонг Ким (Оңтүстік Корея)

90 келі. 12 боксшы
1/8 финал
Нұрбек Оралбай - Силаб Нури (Ауғанстан)

+90 келі. 9 боксшы
Айбек Оралбай ширек финалда Мирзакир Кошалиев (Қырғызстан) - Довлет Исламов (Түркіменстан) жұбының жеңімпазын күтеді.

Бокс жарысы 21 қыркүйек - 2 қазан аралығында өтеді.

21 September, 2026
32

Шоқыр Бөлтекұлының құрметіне арналған халықаралық турнирде кімдер топ жарды?

Беделді мемориалдың алтын медальдарын мына боксшылар иеленді: Дамир Әбдіқадыр (50 келіге дейін, ерлер), Бекзат Алдамжаров (55 келіге дейін, ерлер), Талғат Сырымбетов (60 келіге дейін, ерлер), Илья Калинин (70 келіге дейін, ерлер), Георгий Натрошвили (75 келіге дейін, ерлер, Грузия), Санжар-Али Бегалиев (80 келіге дейін, ерлер), Ислам Бетаев (85 келіге дейін, ерлер), Ілияс Жандау (90 келіге дейін, ерлер), Бекболат Әбдікерім (90 келіден жоғары, ерлер), Ақбота Болат (51 келіге дейін, әйелдер), Рашида Тагирова (60 келіге дейін, әйелдер, Өзбекстан) және Асем Таңатар (65 келіге дейін, әйелдер).

Еске салайық, қазақ боксының негізін қалаушылардың бірі Шоқыр Бөлтекұлының құрметіне арналған дәстүрлі халықаралық турнир Ақтау қаласында өтіп, 19 қыркүйекте аяқталды. Жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Грузия және Қырғызстаннан келген мықты былғары қолғап шеберлері қатысты.

20 September, 2026
8

Жазғы Азия ойындарында ең көп жүлде алған боксшы кім?

4 жылда бір мәрте өтетін алдағы жазғы Азия ойындарында Қазақстаннан рекордтық 558 отандасымыз 35 спорт түрінен жүлдеге таласса да, жанкүйерлер үшін бокс бәсекесінің орны бөлек.

1994 жылдан бергі жазғы Азиаданың тарихына көз жүгіртсек, Қазақстан боксшылары 16 алтын, 15 күміс, 15 қола жүлдеге қол жеткізген.

8 жазғы Азия ойындарына қатысып үлгерген жерлестеріміздің арасынан әзірше 7 боксшымыз ғана бірнеше жүлде иеленген.

Мұхтархан Ділдәбеков. 1 алтын, 2 күміс (1998, 2002, 2006)

1998 жылы Бангкокте өткен Азиада Мұхтарханның мансабындағы алғашқы ірі жарыстардың бірі саналды. Ол осы салмақта басты фаворит саналған әрі 1995, 1997 жылғы Азия чемпионы Мохаммад Реза Самадиді (Иран) финалда нокаутпен жеңді.

2002 және 2006 жылдың финалы Мұхтархан мен Сидней Олимпиадасының қола жүлдегері Рустам Саидовтың (Өзбекстан) арасында өтіп, жеңіс қарсыластың еншісіне кетті.

Данияр Елеусінов. 2 алтын (2010, 2014)

2010 жылғы Азия ойындарында Данияр 4 жекпе-жек өткізіп, қарсыласына небәрі 1 ғана ұпай берді. Финалда жерлесіміз Үндістан өкілі Вирозу Санзуш Кумарды 16:1 есебімен тас-талқан етті.

2014 жылы Данияр финалда Өзбекстан боксшысы Исраил Мадримовтан айласын асырып кетті.

Нұржан Сманов. 1 алтын, 1 күміс (1994, 1998)

Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы алғашқы жазғы Азия ойындарында 67 келіде алтын жүлде сыйлаған боксшы. Финалда ол Барселона Олимпиадасының қола жүлдегері Архом Ченглайды (Таиланд) техникалық нокаутпен жеңді.

1998 жылы отандасымыз Таиландтың өзге Паркпум Жангфонакқа 4:10 есебімен жол берді.

Серік Сәпиев. 1 алтын. 1 қола (2006, 2010)

2006 жылы Дохада өткен Азиаданың жартылай финалында Серік Сәпиев қазақ жұртына жақсы таныс, Афина Олимпиадасының чемпионы Манус Бунжумонгтан (Таиланд) 18:22 есебімен есе жіберді.

Араға 4 жыл салып, боксшымыз финалда Уктамжон Рахмонован 9:3 есебімен басым түсті.

Біржан Жақыпов. 2 күміс (2010, 2014)

Біржан 2010 жылы бітіспес қарсыласы, 2 дүркін Олимпиада чемпионы Зоу Шиминге (Қытай) жол берсе, 2014 жылы әлем чемпионатының 2 мәрте жүлдегері Шин Жонг-ханнан (Оңтүстік Корея) жеңілді.

Галиб Джафаров. 1 күміс, 1 қола (2002, 2006)

Қазақстан тарихындағы екінші әлем чемпионы саналатын Галиб Джафаров 2002 жылы Пәкістан боксшысы Мехруллах Лассиге 21:26 есебімен жол берді.

2006 жылы жерлесіміз жартылай финалға дейін жетіп, Зоригбаатарин Енхзоригтен (Моңғолия) 21:28 есебімен есе жіберді.

Асланбек Шымбергенов. 1 күміс, 1 қола (2018, 2023)

2018 жылы Джакартадағы Азиаданың финалында Асланбек Өзбекстан спортшысы Бобо-Усмон Батуровтан есе жіберді.

2023 жылы отандасымыз қола жүлдені ғана қанағат тұтқанымен, бокс бәсекесінде жеңіске деген ұмтылысымен жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді.

Алдағы 21 қыркүйек - 2 қазан аралығында Нагояда өтетін Азиадада ел намысын қорғайтын 11 отандасымыздың арасынан Наталья Богданованың ғана қола жүлдесі бар.

19 September, 2026
9