WE ARE ON SOCIAL MEDIA

Алуа Балқыбекова Азиадада басты фавориттің бірін жеңді

Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында бокстан кезекті жарыс күні өтіп жатыр.

2 дүркін әлем чемпионы, 51 келідегі Алуа Балқыбекова Азиададағы алғашқы жекпе-жегінде Үндістан өкілі, Астанадағы Әлем Кубогының жеңімпазы Сакши Чаудхаримен жұдырықтасты. 3-раунд бойы тартысты өткен айқас 3:2 есебімен отандасымыздың пайдасына шешілді.

Енді отандасымыз ширек финалда Жапония боксшысымен күш сынасады.

24 September, 2026
9

Төрехан Сабырхан жазғы Азия ойындарында алғашқы айналымнан өтті

Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан Азия ойындарында алғашқы жекпе-жегін өткізді.

Жерлесіміз 70 келіге дейінгі салмақтың 1/8 финалында қатарлық Мохаммед Дбичимен қолғап түйістірді.

Үш раундтың қорытындысы бойынша, Төрехан Сабырхан төрешілердің шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша ол ширек финалға жолдама алды.

Ширек финалда Сабырхан Ирак өкілі Али Касим Хамдан Әл-Сарраимен кездеседі. Жекпе-жек 28 қыркүйекте өтеді.

Ирактық боксшы ширек финалға үндістандық Сумитті мерзімінен бұрын жеңгеннен кейін жолдама алды. Алғашқы екі раунд үнді боксшысының пайдасына шешілді. Алайда үшінші раундта Сумиттің жарақатына байланысты төреші жекпе-жекті тоқтатты.

Айта кетейік, бұған дейін Сабыржан Аққалықов (80 келіге дейін) жарысты аяқтаған болатын.

24 September, 2026
12

Сабыржан Аққалықов жазғы Азия ойындарында сүрінді

Қазақстандық боксшы Сабыржан Аққалықов 2026 жылғы Азия ойындарындағы өнерін алғашқы жекпе-жектен кейін аяқтады. 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің 1/8 финалында ол төрешілердің екіге бөлінген шешімімен кореялық Ким Мин Соннан 2:3 есебімен жеңілді.

Аққалықов Аичи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан бокс турнирінде шаршы алаңға шыққан Қазақстан құрамасының алғашқы өкілі болды. Үш раундтың қорытындысы бойынша. үш төреші жеңісті кореялық боксшыға, ал екеуі қазақстандық спортшыға берді.

Ким Мин Сон — 80 келіге дейінгі салмақтағы 2026 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері. Сондай-ақ осы маусымда ол Қытайдың Гуйян қаласында өткен World Boxing ұйымының әлем кубогы кезеңінде қола медаль иеленді.

Аққалықов Азия ойындарына қазіргі Азия чемпионы мәртебесінде келген болатын. Сәуір айында ол 75 келіге дейінгі салмақта құрлық чемпионатында жеңімпаз атанып, кейін 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне ауысты.

23 September, 2026
16

Қазақстан мен Моңғолия меморандумы: бокс құрамалары бірлескен жаттығу жиынын өткізеді

Аичи-Нагоя-2026 ХХ жазғы Азия ойындары аясында Қазақстан мен Моңғолия Ұлттық Олимпиадалық комитеттері арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Құжатқа Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин мен Моңғолия ҰОК басшысы Баттушиг Батболд қол қойды.

Меморандум спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Құжат аясында спортшыларды даярлау, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу, жаттықтырушылар мен мамандар арасында тәжірибе алмасу, сондай-ақ, спорттық медицина, допингке қарсы күрес, спорттық менеджмент, маркетинг және Олимпиада құндылықтарын ілгерілету бағыттарында өзара іс-қимыл жасау көзделген.

Алғашқы қадамдардың бірі бокстағы ынтымақтастық болмақ. Қазақстан тарапы өзара келісім негізінде моңғолиялық спортшыларды бірлескен оқу-жаттығу жиынына шақыруға дайын. Ал келесі оқу-жаттығу жиынын Моңғолияда өткізу жоспарланып отыр. Оған Қазақстан құрамасы да қатысады.

22 September, 2026
11

Махмұд Сабырханның алғашқы қарсыласы белгілі болды

Жапонияның Нагоя қаласында Махмуд Сабырханның Азия ойындарындағы 55 келіге дейінгі салмақтағы алғашқы қарсыласы анықталды. 

Қазақстандық боксшының қарсыласы ирандық Мехди Каземи болады. Жеребе нәтижесі бойынша әлемнің екі дүркін чемпионы Махмуд Сабырхан жарыстың алғашқы айналымынан босатылған болатын. Оның қарсыласы Иран өкілі Мехди Каземи мен Солтүстік Корея боксшысы Рён Чон Со арасындағы жекпе-жекте анықталды. 

Бірінші раундта боксшылардың ешқайсысы айқын басымдық таныта алмады. Алайда Каземи сәл дәлірек қимылдап, бес төрешінің үшеуінен 10:9 есебімен басым түсті. Келесі раундта Мехди қарсыласынан жақсырақ көрініп, төрт төрешінің бағалауы бойынша жеңіске жетті. Дегенмен төреші ереже бұзғаны үшін екі боксшыдан да бір ұпайдан шегерді. Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілердің екііге бөлінген шешімімен ирандық боксшы жеңіске жетті — 29:26, 29:26, 28:27, 27:28, 29:26. 

Осылайша, Мехди Каземи 26 қыркүйекте Махмуд Сабырханмен ширек финалға шығу жолдамасы үшін жұдырықтасады. Айта кетейік, Мехди Каземи 2024 жылы Черногорияның Будва қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған.

22 September, 2026
12

Боксшыларымыз жазғы Азия ойындарында кімдермен жұдырықтасады?

 Аичи-Нагоядағы жазғы Азия ойындарында бокс бәсекесінің жеребесі тартылды.

Әйелдер

51 келі. 18 боксшы.

Алуа Балқыбекова 1/8 финалда Сакши Чаудхари (Үндістан) - Аира Виллигас (Филиппин, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері) жұбының жеңімпазымен жолығады.

54 келі. 17 боксшы.
1/8 финал
Назым Қызайбай - Ксуа Жао (Қытай)

60 келі. 16 боксшы
1/8 финал
Виктория Графеева - Линь Юй-Тин (Тайпей, Париж Олимпиадасының чемпионы. 2 дүркін әлем чемпионы)

65 келі. 13 боксшы
Аида Әбікеева ширек финалда Шу Ли (Қытай, Азия чемпионатының қола жүлдегері, Қытай) - Кусум Таманг (Непал) жұбының жеңімпазымен жолығады.
75 келі. 7 боксшы
1/4 финал
Наталья Богданова - Азиза Зокирова (Өзбекстан, 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері)

Ерлер

55 келі. 23 боксшы

Махмұд Сабырхан 1/8 финалда Чон Рионг Со (Солтүстік Корея) - Мехди Каземи (Иран) жұбының жеңімпазын күтеді.

60 келі. 27 боксшы
Оразбек Асылқұлов 1/8 финалда Жун-ю Лин (Тайпей) - Донгхван Жанг (Оңтүстік Корея) жұбының жеңімпазымен айқасады.

70 келі. 24 боксшы
Төрехан Сабырхан 1/8 финалда Дук Нгок Нгуен (Вьетнам) - Мохаммед Дбичи (Қатар) жұбының жеңімпазымен жұдырықтасады.

80 келі. 14 боксшы
1/8 финал
Сабыржан Аққалықов - Минсеонг Ким (Оңтүстік Корея)

90 келі. 12 боксшы
1/8 финал
Нұрбек Оралбай - Силаб Нури (Ауғанстан)

+90 келі. 9 боксшы
Айбек Оралбай ширек финалда Мирзакир Кошалиев (Қырғызстан) - Довлет Исламов (Түркіменстан) жұбының жеңімпазын күтеді.

Бокс жарысы 21 қыркүйек - 2 қазан аралығында өтеді.

21 September, 2026
32

Шоқыр Бөлтекұлының құрметіне арналған халықаралық турнирде кімдер топ жарды?

Беделді мемориалдың алтын медальдарын мына боксшылар иеленді: Дамир Әбдіқадыр (50 келіге дейін, ерлер), Бекзат Алдамжаров (55 келіге дейін, ерлер), Талғат Сырымбетов (60 келіге дейін, ерлер), Илья Калинин (70 келіге дейін, ерлер), Георгий Натрошвили (75 келіге дейін, ерлер, Грузия), Санжар-Али Бегалиев (80 келіге дейін, ерлер), Ислам Бетаев (85 келіге дейін, ерлер), Ілияс Жандау (90 келіге дейін, ерлер), Бекболат Әбдікерім (90 келіден жоғары, ерлер), Ақбота Болат (51 келіге дейін, әйелдер), Рашида Тагирова (60 келіге дейін, әйелдер, Өзбекстан) және Асем Таңатар (65 келіге дейін, әйелдер).

Еске салайық, қазақ боксының негізін қалаушылардың бірі Шоқыр Бөлтекұлының құрметіне арналған дәстүрлі халықаралық турнир Ақтау қаласында өтіп, 19 қыркүйекте аяқталды. Жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Грузия және Қырғызстаннан келген мықты былғары қолғап шеберлері қатысты.

20 September, 2026
8

Жазғы Азия ойындарында ең көп жүлде алған боксшы кім?

4 жылда бір мәрте өтетін алдағы жазғы Азия ойындарында Қазақстаннан рекордтық 558 отандасымыз 35 спорт түрінен жүлдеге таласса да, жанкүйерлер үшін бокс бәсекесінің орны бөлек.

1994 жылдан бергі жазғы Азиаданың тарихына көз жүгіртсек, Қазақстан боксшылары 16 алтын, 15 күміс, 15 қола жүлдеге қол жеткізген.

8 жазғы Азия ойындарына қатысып үлгерген жерлестеріміздің арасынан әзірше 7 боксшымыз ғана бірнеше жүлде иеленген.

Мұхтархан Ділдәбеков. 1 алтын, 2 күміс (1998, 2002, 2006)

1998 жылы Бангкокте өткен Азиада Мұхтарханның мансабындағы алғашқы ірі жарыстардың бірі саналды. Ол осы салмақта басты фаворит саналған әрі 1995, 1997 жылғы Азия чемпионы Мохаммад Реза Самадиді (Иран) финалда нокаутпен жеңді.

2002 және 2006 жылдың финалы Мұхтархан мен Сидней Олимпиадасының қола жүлдегері Рустам Саидовтың (Өзбекстан) арасында өтіп, жеңіс қарсыластың еншісіне кетті.

Данияр Елеусінов. 2 алтын (2010, 2014)

2010 жылғы Азия ойындарында Данияр 4 жекпе-жек өткізіп, қарсыласына небәрі 1 ғана ұпай берді. Финалда жерлесіміз Үндістан өкілі Вирозу Санзуш Кумарды 16:1 есебімен тас-талқан етті.

2014 жылы Данияр финалда Өзбекстан боксшысы Исраил Мадримовтан айласын асырып кетті.

Нұржан Сманов. 1 алтын, 1 күміс (1994, 1998)

Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы алғашқы жазғы Азия ойындарында 67 келіде алтын жүлде сыйлаған боксшы. Финалда ол Барселона Олимпиадасының қола жүлдегері Архом Ченглайды (Таиланд) техникалық нокаутпен жеңді.

1998 жылы отандасымыз Таиландтың өзге Паркпум Жангфонакқа 4:10 есебімен жол берді.

Серік Сәпиев. 1 алтын. 1 қола (2006, 2010)

2006 жылы Дохада өткен Азиаданың жартылай финалында Серік Сәпиев қазақ жұртына жақсы таныс, Афина Олимпиадасының чемпионы Манус Бунжумонгтан (Таиланд) 18:22 есебімен есе жіберді.

Араға 4 жыл салып, боксшымыз финалда Уктамжон Рахмонован 9:3 есебімен басым түсті.

Біржан Жақыпов. 2 күміс (2010, 2014)

Біржан 2010 жылы бітіспес қарсыласы, 2 дүркін Олимпиада чемпионы Зоу Шиминге (Қытай) жол берсе, 2014 жылы әлем чемпионатының 2 мәрте жүлдегері Шин Жонг-ханнан (Оңтүстік Корея) жеңілді.

Галиб Джафаров. 1 күміс, 1 қола (2002, 2006)

Қазақстан тарихындағы екінші әлем чемпионы саналатын Галиб Джафаров 2002 жылы Пәкістан боксшысы Мехруллах Лассиге 21:26 есебімен жол берді.

2006 жылы жерлесіміз жартылай финалға дейін жетіп, Зоригбаатарин Енхзоригтен (Моңғолия) 21:28 есебімен есе жіберді.

Асланбек Шымбергенов. 1 күміс, 1 қола (2018, 2023)

2018 жылы Джакартадағы Азиаданың финалында Асланбек Өзбекстан спортшысы Бобо-Усмон Батуровтан есе жіберді.

2023 жылы отандасымыз қола жүлдені ғана қанағат тұтқанымен, бокс бәсекесінде жеңіске деген ұмтылысымен жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді.

Алдағы 21 қыркүйек - 2 қазан аралығында Нагояда өтетін Азиадада ел намысын қорғайтын 11 отандасымыздың арасынан Наталья Богданованың ғана қола жүлдесі бар.

19 September, 2026
9

Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған XVIII халықаралық бокс турнирінде 150-ге жуық спортшы сынға түсті

Ақтауда қазақ боксының негізін қалаушы, КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шоқыр Бөлтекұлының құрметіне арналған XVIII халықаралық бокс турнирі өтіп жатыр.

Маңғыстау облыстық бокс федерациясының мәліметінше, жарысқа Қазақстаннан және шетелдерден 150-ге жуық спортшы қатысуда.

Турнирге Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан және Түрікменстаннан боксшылар келген. Қазақстан құрамында 11 облыстың, сондай-ақ Астана мен Шымкент қаласының өкілдері бар. 

Жарыс ерлер мен әйелдер арасында бірнеше салмақ дәрежесінде өтуде. Турнир қорытындысы бойынша, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, оларға арнайы марапаттар табысталады.

Ақтауда он сегізінші рет ұйымдастырылып отырған турнир боксты дамытуға, жастар арасында спортты насихаттауға және қатысушылардың спорттық шеберлігін арттыруға бағытталған.

18 September, 2026
14

World Boxing ұйымы жазғы Азия ойындарында рейтингтік ұпай береді

Азия бокс федерациясы Жапонияның Айти-Нагоя қаласында өтетін алдағы Азия ойындарына қатысушыларға рейтингтік ұпай есептеудің ресми жүйесін жариялады.

Регламентке сәйкес, спортшылар жарыстағы иеленген орнына қарай рейтингтік ұпай жинай алады. Әр салмақ дәрежесінің жеңімпазына 800 ұпай, күміс жүлдегерге — 500, қола жүлдегерлерге — 300 ұпайдан, ал бесінші мен сегізінші орын аралығында орналасқан боксшыларға 150 ұпайдан беріледі. Осылайша, 2026 жылғы Азия ойындарындағы нәтиже қазақстандық боксшылардың World Boxing әлемдік рейтингіндегі орнына тікелей әсер етеді. Бұған дейін Қазақстан бокс федерациясы Азия ойындарына қатысатын ұлттық құраманың сапын бекіткен болатын.

Ерлер арасындағы турнирде Қазақстан намысын Махмұд Сабырхан (55 келіге дейін), Оразбек Асылқұлов (60 келіге дейін), Төрехан Сабырхан (70 келіге дейін), Сабыржан Аққалықов (80 келіге дейін), Нұрбек Оралбай (90 келіге дейін) және Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) салмақ дәрежелерінде қорғайды.

Әйелдер арасындағы турнирде Алуа Балқыбекова (51 келіге дейін), Назым Қызайбай (54 келіге дейін), Виктория Графеева (60 келіге дейін), Аида Әбікеева (65 келіге дейін) және Наталья Богданова (75 келіге дейін) өнер көрсетеді.

17 September, 2026
17

Ерлер құрамасына Жазғы Азия ойындарында басты қарсыластар кім болуы мүмкін?

Бокстан 21 қыркүйек - 2 қазан аралығында жалғасатын жазғы Азия ойындарында ерлер бәсекесі бойынша 6 салмақта 121 спортшы жүлдеге таласады.

55 келі. 24 боксшы

2 дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырхан қатысады.

Басты қарсыластары:

Жиамао Жанг (Қытай) - 2026 жылы Бразилиядағы Әлем Кубогының жеңімпазы. Қытайдағы Әлем Кубогының финалисі.

Өзара кездеспеген.

Руи Ямагучи (Жапония) - 2026 жылғы Азия чемпионы. Әлем Кубоктарында сәтсіз өнер көрсетті. Жарыс қожайыны ретінде қауіпті қарсылас болуы мүмкін.

Отандасымыз 2025 жылы Ливерпульдегі әлем чемпионатында 5:0 есебімен сенімді түрде жеңген. Астанадағы Әлем Кубогының финалында Жапония боксшысы жарақатына байланысты жекпе-жектен бас тартқан.

Билгунсайхан Хархуу (Моңғолия) - 2026 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері.

Биылғы Азия чемпионатының ширек финалда жерлесіміз Моңғолия спортшысына күтпеген жерден есе жіберді.

Карло Паалам (Филиппин) - Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері

2022 жылы Азия чемпионатының финалында қос боксшы жолығып, Филиппин өкілі басым түскен.

Самандар Олимов (Өзбекстан) - 2024 жылғы жастар арасында әлем чемпионы. Биылғы Өзбекстан чемпионы.

2026 жылы Қытайдағы Әлем Кубогы, Странджа турнирі секілді жарыстарда сәтсіз өнер көрсетті.

Чон Рионг Со (Солтүстік Корея) - 2023 жылғы жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері

2023 жылы Махмұд Сабырхан 57 келіге көтеріліп, 1/8 финалда Солтүстік Кореяның өзге боксшысына жол берген болатын. Сондықтан бұл елдің спортшысын елемей кету мүмкін емес.

Хузайфа Ишиш (Иордания) - 2026 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері.

Жадумани Сингх Манденгбам (Үндістан)

Шілде-тамыз айында Шотландияда өткен Достастық ойындарында финалға дейін жетті.

2026 жылы Испаниядағы Boxam турнирінде отандасымызбен жолығып, айқас 5:0 есебімен Махмұд Сабырханның пайдасына шешілген.

60 келі. 29 қатысушы.

Әлем чемпионы Оразбек Асылқұлов қатысады.

Басты қарсыластары:

Абдумалик Халоков (Өзбекстан) - Париж Олимпиадасының чемпионы

2022 және 2023 жылдары Странджа турнирінде 2 мәрте жолығып, әзірше есеп 1:1 болып тұр.

Шунсуке Китамото (Жапония) - 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері

Биыл Азия чемпионатының екінші айналымда қабағының жарылуына байланысты отандасымызбен шығудан бас тартты.

Акмал Убаидов (Тәжікстан) - 2024 жылғы Азия чемпионы, 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері

Өзара кездеспеген. Бірақ Тәжікстан боксшысы Бейбарыс Жексен, Серік Теміржанов сынды боксшыларымыздар айласын асырған.

Сачин (Үндістан) - Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Шілде-тамыз айында Шотландияда өткен Достастық ойындарының жеңімпазы.

Моңғолиядағы құрлықтық доданың финалында Оразбек Асылқұлов 3:2 есебімен жеңді.

Мұнарбек Сейітбек уулы (Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері)

Сакда Руамзам (Таиланд) - 2026 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері

Лундаа Гантумур (Моңғолия) - 2025 жылы Астанадағы Әлем Кубогының финалисі

О Тхэ Бом (Солтүстік Корея) - 2023 жылғы жазғы Азия ойындарында Махмұд Сабырханды сенсациялық түрде жеңіп кеткен.

70 келі. 26 қатысушы.

Әлем чемпионы Төрехан Сабырхан жүлдеге таласады.

Басты қарсыластары:

Севон Оказава - әлем чемпионы. 2023 жылғы жазғы Азия ойындарының жеңімпазы.

2025 жылы Ливерпульдегі әлем чемпионатының финалында 3:2 есебімен жерлесіміз басым түскен.

Зейад Ишаиш (Иордания) - 2026 жылғы Азия чемпионы.

Қос боксшы Моңғолиядағы сары құрлық додасының финалында жұдырықтасып, жекпе-жек қарсыластың пайдасына шешілген.

Бунджонг Синсири - 2022 жылғы Азия чемпионы. 2026 жылғы Азия чемпионатында 65 келіде күміс жүлдеге ие болды.

Бямба-Эрдэнэ Отгонбаатар (Моңғолия) - әлемдік рейтингте ТОП-5-ке кіреді.

Шавкатжон Болтаев (Өзбекстан)

Байрамдурды Нұрмұхаммедов (Түркіменстан) - 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері

Сумит (Үндістан)

Али Хабибинижад (Иран) - 2025 жылғы әлем чемпионатының финалисі.

80 келі. 16 қатысушы.

Әлем чемпионатының финалисі Сабыржан Аққалықов сынға түседі.

Басты қарсыластары:

Фазлиддин Еркинбоев (Өзбекстан) - 2025 жылғы әлем чемпионы. Шілде айында U23 санатында Азия чемпионы атанды.

2025 жылы Дубайдағы әлем чемпионатының жартылай финалында Өзбекстан боксшысы жарақатына байланысты отандасымызбен шығудан бас тартқан.

Эумир Марсьяль (Филиппин) - Токио Олимпиадасының қола жүлдегері. 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері.

Хусейн Ишаиш (Иордания) - 2026 жылғы Азия чемпионатының финалисі.

Вирапон Жонгжохо (Таиланд) - 2021 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері.

90 келі. 15 қатысушы.

Париж Олимпиадасының финалисі Нұрбек Оралбай ел намысын қорғайды.

Басты қарсыластары:

Турабек Хабибуллаев (Өзбекстан) - әлем чемпионы.

Қытайдағы әлем кубогында Өзбекстан боксшысы 3:2 есебімен басым түсті.

Парвиз Каримов (Тәжікстан) - 2026 жылғы Азия чемпионатының финалисі.

Хан Хуежен (Қытай) - 2023 жылғы Азия ойындарының финалисі.

Уэлджон Миндоро (Филиппин) - кәсіпқой бокста 19 жекпе-жек (17 жеңіс, 1 тең, 1 жеңіліс) өткізген.

+90 келі. 11 қатысушы.

Әлем чемпионы Айбек Оралбай алғаш рет жазғы Азия ойындарына барады.

Басты қарсыластары:

Жахонгир Зокиров (Өзбекстан) - әлем чемпионаты мен Азия чемпионатының күміс жүлдегері.

Қос боксшы 3 мәрте жолығып, 2:1 есебімен жерлесіміз алда келеді.

Данабек Байкенже (Қытай) - 2026 жылғы Азия чемпионатының финалисі

Нариндир (Үндістан)

Амир Есмаели Вандаел (Иран)

16 September, 2026
16