WE ARE ON SOCIAL MEDIA

Елдос Сайдалин: Азия ойындарында тарихты жаңғыртсақ дейміз

Бокстан Қазақстанның әйелдер құрамасы Жазғы Азия ойындарына тыңғылықты дайындалып жатыр. Осы орайда бас бапкер Елдос Сайдалин алдағы ірі доданың алдында өз ойымен бөлісті.

– Өткен айда АҚШ-тан оралып, енді Алматы облысында кезекті оқу-жаттығу жиынын өткіздіңіздер. Сіздер үшін қалай өтті?

– 16-30 тамыз аралығында өткен оқу-жаттығу жиынымыз қыздарымыздың физикалық көрсеткіштерін шыңдауға бағытталды. Барлығы жоспардағыдай өтті. Енді 8 қыркүйекте бірлескен оқу-жаттығу жиынына қатысу үшінЖапонияға аттанамыз. Ол жаққа Жазғы Азия ойындарына қатысатын бес аруымыз және құрамадағы тағы 15 қызымыз барады.

Неге мұндай шешім қабылдадық? Біріншіден, әйелдер арасында ұйымдастырылатын жарыстар өте аз. Сондықтан осы мүмкіндік арқылы әр салмақтағы төрт спортшының да тәжірибе жинауына жағдай жасағымыз келеді. Екіншіден, Азия ойындарына қатысатын боксшыларымызға да дайындық барысында көмек қажет.

– Сіздердің оқу-жаттығуларыңыз ерлер құрамасымен тұспа-тұс келді. Арасында олармен бірге дайындалдыңыздар ма?

– Иә. Нұржан Насановпен алдын ала сөйлесіп, жұптық жаттығулар кезінде бір-екі қызымызды біртіндеп спаррингке қоссақ деген ұсыныс айттық. Себебі, ерлер боксы өте жылдам әрі физикалық күшке негізделеді. Дәл осы қырлары қыздарымызға да ауадай қажет деп санаймыз. Мұндай тәжірибенің пайдасы тиетініне сенімдімін. АҚШ-тағы оқу-жаттығу кезінде де осы тәсілді қолданған болатынбыз. Маған ұнады.

– Сіздер Жапонияға бір салмақтан төрт боксшы апаруды жоспарлап отырсыздар. Мұндай жағдай бірінші рет тіркеліп отыр ма?

– Бұған дейін әр салмақта бір-екі қызды апарған кездер болды. Бірақ бір салмақта төрт спортшының баруы – алғаш рет.

– Жазғы Азия ойындарына баратын құрамдағы төрт боксшының әлем чемпионы деген атағы бар. 60 келідегі Виктория Графеева да әлем чемпионатының финалисі саналады әрі биыл екі әлем кубогында топ жарды. Жүлде бойынша қандай жоспар қойып отырсыздар?

– Жазғы Азия ойындарының бағдарламасына әйелдер боксы 2010 жылы енгізілді. Содан бері елімізде әлі күнге дейін чемпион шыққан жоқ. Сондықтан мақсатымыз – алтын жүлде алу. Жоспарымыз жоғары. Азия ойындарында тарихты жаңғыртсақ дейміз. Барлығын алдағы уақытта көре жатарсыздар. Бастысырингке кім шықса да, әр қарсыласқа дайын болуға тиіспіз.

– 2023 жылғы Азия ойындарымен салыстырсақ, салмақ дәрежелері жағынан біршама өзгеріс бар ғой?

– Иә. Үш жыл бұрын Ханчжоуда әйелдер арасында алты жүлде жиынтығы сарапқа салынған еді. Сол кезеңмен салыстырсақ, 57 келі салмақ дәрежесі алынып тасталды. Сондай-ақ Лос-Анджелес Олимпиадасының бағдарламасына кіретін 70 келі де бұл жолы жоқ. Салдарынан 70 келіде әлем чемпионы атанған Наталья Богданова уақытша 75 келі салмаққа көтерілуге мәжбүр.

Қазақстан бокс федерациясының бас  серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

02 September, 2026
7

Назым Қызайбай: Қыркүйек айы қарбаласқа толы болғалы тұр

Қазақстан құрамасының боксшысы Назым Қызайбай Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарына дайындығы туралы айтып, жанкүйерлерге үндеу жолдады.

Тамыз айында қазақстандық боксшылар Алматы облысында оқу-жаттығу жиынын өткізді. Осы айда команда Жапонияға ұшып, дайындықтың қорытынды кезеңін өткізуді жоспарлап отыр.

«Тамыз айы өте қарапайым өтті: жаттығу, жаттығу және тағы да жаттығу. Жаттығу. Күн тәртібі. Тәртіп. Ал қыркүйек айы қарбаласқа толы болғалы тұр. Алда маңызды жарыстар күтіп тұр. Сондықтан мен үшін, біздің еліміз үшін жұдырықтарыңызды түйіп, қолдау көрсетіңіздер. Осы жаттығуларымыз бен еңбегіміз өз нәтижесін береді деп қатты үміттенемін», — деп жазды Қызайбай оқу-жаттығу жиынынан түскен суреттерімен бөлісіп.

Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Нагоя қаласы мен Айти префектурасында өтеді.

Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, 3 дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай биыл 51 келіден 54 келіге көтерілуге шешім қабылдаған болатын.

Қазақстан бокс федерациясының бас  серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

01 September, 2026
4

Cұлтан Айбарұлы: Шетелдік боксшылармен тәжірибе алмасудамыз

Бокстан ұлттық құраманың мүшесі, 85 келіде көшбасшы саналатын Сұлтан Айбарұлы Алматы облысы, Жаңашар ауылында өтіп жатқан бірлескен оқу-жаттығу бойынша өз ойымен бөлісті.

«Жазда бір айдай демалып, Алматы облысындағы кезекті оқу-жаттығу жиынына кірістік. Жақсы өтіп жатыр. Осы жерде жазғы Азия ойындарына баратын спортшыларға өз көмегімізді тигізудеміз. Бізден бөлек, Ирак пен Қытай боксшылармен де тәжірибе алмасудамыз. Жеке өзімде алда Қазақстан чемпионаты тұр. Соған қарқынды дайындалып жатырмыз. Өткен маусым мен үшін табысты өтті деуге болады. Себебі, мен Үндістан мен Бразилиядағы Әлем Кубоктарында топ жардым. Бұйырса, алдағы ірі жарыстарда да биіктен көрінсем деймін.

Оқу-жаттығуға келетін болсақ, ағайынды Камачолардың жаттығуы ерекше. Күнделікті таңертең сол шетелдік мамандардың нұсқауымен дайындалудамыз. Деңгейлері өте жоғары. Одан бөлек, командаға психолог пен диетолог та келді. Жаттығудан кейін тез қалыпқа келетін ванна мен оттегі құрал-жабдығы да алынды» – деді Сұлтан Айбарұлы.

Айта кетейік, Сұлтан Айбарұлы 2025 жылы Семейде өткен Қазақстан чемпионатында 85 келіде жұдырықтасып, күміс жүлдеге ие болған еді. Ол жарыс барысында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Бек Аманқұлдан басым түскен болатын.

Қазақстан бокс федерациясының бас  серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

31 August, 2026
10

Қазақстан құрамасы Silesian Open-2026 турнирінде 14 медаль жеңіп алды

Қазақстанның әйелдер арасындағы бокс құрамасы Польшада өткен Silesian Open-2026 халықаралық турнирінде сәтті өнер көрсетті.

Қазақстандық боксшылар 17 жасқа дейінгі (U-17) және 19 жасқа дейінгі (U-19) екі жас санатында бақ сынап, 10 алтын, екі күміс және екі қола медаль жеңіп алды.

U-17 санатында Нұрайым Құдайберген (52 кг), Балым Ғабитқызы (60 кг), Мадина Нұрманова (63 кг) және Аяулым Оспанова (70 кг) чемпион атанды.

Ал U-19 санатында Асылай Мұрат (48 кг), Мадина Жұмахан (51 кг), Жанель Имантаева (54 кг), Камила Оспанова (70 кг), Алтынгүл Аймұхан (75 кг) және Зарина Толыбай (+80 кг) алтын медаль иеленді.

Күміс жүлдені Ақнұр Тұрсынғали (60 кг) мен Айдана Убайдуллақызы (80 кг) жеңіп алса, Марал Төлепберген (54 кг) және Рамина Маханова (57 кг) қола медальға қол жеткізді.

Silesian Open-2026 турниріне 18 елден 200 спортшы қатысты.

Қазақстан бокс федерациясының бас  серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

29 August, 2026
11

Қазақстан бокс федерациясы бірқатар маманды марапаттады

Бокстан Павлодар облысы, Баянауыл ауданында еңбек сіңірген жаттықтырушы Азымбек Абжановтың құрметіне ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы ашық республикалық турнирінде отандық боксты дамытуға үлес қосып келе жатқан мамандарға Қазақстан бокс федерациясының төсбелгілері табысталды.

Қазақстан Республикасының боксын дамытуға сіңірген еңбегі үшін:

Жарбол Орынбасарұлы

Бекишев Ержан Амангелдіұлы

Ержанов Олжас Егембергенұлы

Әлімхан Мадияр Даниярұлы

Ибадулла Нартай Ерғалиұлы

Өтеппергенов Нұрлыхат Құдайбергенұлы

Молдаханов Жақсылық Қайнарбекұлы

Қазақстан Республикасы боксының ардагері:

Абжанов Азымбек Неспекұлы

Қазақстан бокс федерациясының бас  серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

28 August, 2026
11

Қазақстанның U19 әйелдер құрамасы әлем чемпионатына дайындықты жалғастыруда

Қазақстанның 19 жасқа дейінгі әйелдер бокс құрамасы алдағы әлем чемпионатына дайындық жұмыстарын пысықтап жатыр. Бұл туралы ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Жангелді Ахметов мәлімдеді.

Қазіргі таңда қазақстандық боксшылар Польшада өтіп жатқан XXI халықаралық Silesian Open турниріне қатысуда. Гливице қаласындағы жарыс 25-29 тамыз аралығында ұйымдастырылып, оған 18 елден 200-ге жуық спортшы келген.

«Қазір Польшадамыз. 25-29 тамыз аралығында Гливице қаласында өтіп жатқан XXI халықаралық Silesian Open турниріне қатысып жатырмыз. Жарысқа 18 елден 200 қатысушы жиналды. Қыркүйек айында Алматы облысының Жаңашар ауылында оқу-жаттығу жиынын өткізу жоспарланған. Ал қазан айында Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығында дайындықты жалғастырамыз. Бұл жастар арасындағы әлем чемпионатына дайындықтың негізгі кезеңдері», – деді Жангелді Ахметов.

Жастар арасындағы әлем чемпионаты 14-28 қазан аралығында Черногорияның Будва қаласында өтеді.

Айта кетейік, Қазақстанның U19 әйелдер құрамасы биыл Джакартада өткен жастар және жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 3 алтын және 3 қола медаль жеңіп алды. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы медальдар есебінде екінші орынға тұрақтады. 

Қазақстан бокс федерациясының бас  серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

27 August, 2026
8

Қазақстандық боксшылар Красноярскідегі халықаралық турнирде 15 медаль жеңіп алды

20-23 тамыз аралығында Ресейдің Красноярск қаласында 17 жасқа дейінгі боксшылар арасында «Достық кубогі» халықаралық турнирі өтті.

Халықаралық додаға Қазақстан мен Қырғызстанның жас спортшылары қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша, Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы 6 алтын, 5 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды.

Алтын жүлдені Сұлтан Бейбарыс, Ануар Дінмұхамед, Ғалым Нұрасыл, Төрегелді Нұрбақыт, Максим Ососов және Нұрислам Ташмағанбет иеленді.

Күміс медаль Әмір Тайржанов, Шыңғыс Ахметов, Елдос Бердібекұлы, Марғұлан Жамбыл және Жандос Қалхановтың еншісінде.

Ал Осман Жәнібек, Темірлан Нұрлыбаев, Тамерлан Қайыржан және Ерсұлтан Абдурахман жарыстың қола жүлдегері атанды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы «Достық кубогі» халықаралық турнирін жалпы 15 медальмен қорытындылады.

Қазақстан бокс федерациясының бас  серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

26 August, 2026
7

Сәкен Бибосынов: ұлттық құраманы жазғы Азия ойындарына дайындауға көмектесіп жатырмыз

Ұлттық құраманың мүшесі Сәкен Бибосынов Алматы облысы, Жаңашар ауылында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны бойынша өз ойымен бөлісті.

– Алматыдағы оқу-жаттығу жиыны жоспарға сай өтіп жатыр. Бәрі жақсы, көңіл-күй де жоғары. Қазір ұлттық құрама үшін биылғы жылдың ең маңызды додаларының бірі саналатын Азия ойындарына бар күшімізді салып дайындалып жатырмыз.

Бұйырса, жиынды ешқандай жарақатсыз аяқтап, Жапонияда өтетін соңғы оқу-жаттығу жиынын да ойдағыдай өткізуге ниеттіміз. Одан кейін 19 қыркүйекте Азия ойындары басталады.

Сондықтан бүкіл елімізге, жанкүйерлерге ұлттық құрамамызға қолдау білдіріп, тілекші болыңыздар дегім келеді. Тақым қысулы болсын. Жігіттеріміздің бағы мен бабы қатар шауып, ел намысын абыроймен қорғап, Әнұранымызды сан мәрте шырқатып, елге көп алтын жүлде алып келеді деп сенемін. Біз де қазіргі таңда ұлттық құрамаға өз үлесімізді қосып, қолдан келгенше көмектесіп жатырмыз.

Сондай-ақ боксшы алдағы жоспарымен де бөлісе кетті.

Азия ойындарынан кейінгі ең жақын жарыс – Қазақстан чемпионаты. Бұл – еліміздегі ең мықты боксшылар бас қосатын маңызды бәсеке. Сол жарыста спортшылар өз деңгейін көрсетіп, ұлттық құрама сапына іріктеледі.

Бізді де әр жарыс алдында қатаң тексереді. Сондықтан Қазақстан чемпионатына жақсы дайындықпен барып, өз салмағымда лайықты нәтиже көрсетуге тырысамын. Басты мақсатым – жақсы өнер көрсетіп, ұлттық құрамадағы орнымды сақтап қалу.

Айта кетейік, Сәкен Бибосынов Токио Олимпиадасының қола жүлдегері саналады. Сондай-ақ ол 2021 және 2025 жылдары әуесқойлар арасында әлем чемпионы атағына қол жеткізген.

Қазақстан бокс федерациясының бас  серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

25 August, 2026
7

Ағайынды Камачолар жалпы дене дайындығы жаттықтырушыларына семинар өткізіп жатыр

АҚШ-тан арнайы келген ағайынды Камачолар Алматы облысының Жаңашар ауылында өтіп жатқан ерлер мен әйелдер құрамаларының оқу-жаттығу жиыны аясында жалпы дене дайындығы жаттықтырушыларына семинар өткізуде.

Мамандар өздерінің тәжірибесі мен кәсіби білімін бөлісіп, спортшылардың физикалық дайындығын жетілдірудің заманауи әдістері бойынша практикалық сабақтар ұйымдастырып жатыр.

Оқу-жаттығу жиыны барысында ағайынды Камачолардың қатысуымен осындай бірнеше семинар өткізу жоспарланған.

Қазақстан бокс федерациясының бас  серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

24 August, 2026
9

Қазақстан құрамасына криотерапияға арналған жабдық алынды

Қазақстанның бокс құрамасы ауыр жаттығулардан кейінгі қалпына келу үдерісін сапалы әрі тиімді ұйымдастыру мақсатында арнайы мұзды ванналармен қамтамасыз етілді.

Заманауи спортта қалпына келу әдістерінің маңызы ерекше. Соның бірі – криотерапия. Суық сумен қалпына келу процедуралары қарқынды жаттығулар мен жарыстардан кейін спортшылардың ағзасын сергітіп, физикалық дайындықты сақтауға бағытталған.

Арнайы мұзды ванналар боксшыларға жаттығу жүктемелерінен кейін қалпына келу процесіне қосымша жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл спортшылардың жоғары деңгейдегі дайындықтарын үздіксіз жалғастыруына ықпал ететін заманауи тәсілдердің бірі.

Қазақстан құрамасының оқу-жаттығу процесінде спортшылардың тек жаттығуына ғана емес, олардың дұрыс әрі тиімді қалпына келуіне де ерекше мән берілуде.

Қазақстан бокс федерациясының бас  серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

22 August, 2026
5

Алматы облысында боксшылардың бірлескен оқу-жаттығу жиыны басталды

Алматы облысының Жаңашар ауылында ерлер құрамасының жазғы Азия ойындарына дайындық кезеңіндегі бірлескен оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр.

19 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында өтетін жиынға Қазақстан құрамасынан бөлек, Ирак, Қытай және Англия елдері де келді. Негізгі мақсат – спортшылардың арнайы дене дайындығына көңіл бөлу.

Жаттығу барысында Азия ойындарында кездесуі мүмкін қарсыластарға бейімделуге ерекше көңіл бөлініп, боксшылардың техникалық және тактикалық дайындығы жетілдіріледі.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасының боксшылары Алматы облысындағы оқу-жаттығу жиынын аяқтағаннан кейін қыркүйек айының басында Жапонияға аттанады. Жазғы Азия ойындарына дайындықтың соңғы кезеңі сол елде өтеді.

Қазақстан бокс федерациясының бас  серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

21 August, 2026
13