Cұлтан Айбарұлы: Шетелдік боксшылармен тәжірибе алмасудамыз

Бокстан ұлттық құраманың мүшесі, 85 келіде көшбасшы саналатын Сұлтан Айбарұлы Алматы облысы, Жаңашар ауылында өтіп жатқан бірлескен оқу-жаттығу бойынша өз ойымен бөлісті.
«Жазда бір айдай демалып, Алматы облысындағы кезекті оқу-жаттығу жиынына кірістік. Жақсы өтіп жатыр. Осы жерде жазғы Азия ойындарына баратын спортшыларға өз көмегімізді тигізудеміз. Бізден бөлек, Ирак пен Қытай боксшылармен де тәжірибе алмасудамыз. Жеке өзімде алда Қазақстан чемпионаты тұр. Соған қарқынды дайындалып жатырмыз. Өткен маусым мен үшін табысты өтті деуге болады. Себебі, мен Үндістан мен Бразилиядағы Әлем Кубоктарында топ жардым. Бұйырса, алдағы ірі жарыстарда да биіктен көрінсем деймін.
Оқу-жаттығуға келетін болсақ, ағайынды Камачолардың жаттығуы ерекше. Күнделікті таңертең сол шетелдік мамандардың нұсқауымен дайындалудамыз. Деңгейлері өте жоғары. Одан бөлек, командаға психолог пен диетолог та келді. Жаттығудан кейін тез қалыпқа келетін ванна мен оттегі құрал-жабдығы да алынды» – деді Сұлтан Айбарұлы.
Айта кетейік, Сұлтан Айбарұлы 2025 жылы Семейде өткен Қазақстан чемпионатында 85 келіде жұдырықтасып, күміс жүлдеге ие болған еді. Ол жарыс барысында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Бек Аманқұлдан басым түскен болатын.
Қазақстан бокс федерациясының бас серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.













