Сәкен Бибосынов: ұлттық құраманы жазғы Азия ойындарына дайындауға көмектесіп жатырмыз

Ұлттық құраманың мүшесі Сәкен Бибосынов Алматы облысы, Жаңашар ауылында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны бойынша өз ойымен бөлісті.
– Алматыдағы оқу-жаттығу жиыны жоспарға сай өтіп жатыр. Бәрі жақсы, көңіл-күй де жоғары. Қазір ұлттық құрама үшін биылғы жылдың ең маңызды додаларының бірі саналатын Азия ойындарына бар күшімізді салып дайындалып жатырмыз.
Бұйырса, жиынды ешқандай жарақатсыз аяқтап, Жапонияда өтетін соңғы оқу-жаттығу жиынын да ойдағыдай өткізуге ниеттіміз. Одан кейін 19 қыркүйекте Азия ойындары басталады.
Сондықтан бүкіл елімізге, жанкүйерлерге ұлттық құрамамызға қолдау білдіріп, тілекші болыңыздар дегім келеді. Тақым қысулы болсын. Жігіттеріміздің бағы мен бабы қатар шауып, ел намысын абыроймен қорғап, Әнұранымызды сан мәрте шырқатып, елге көп алтын жүлде алып келеді деп сенемін. Біз де қазіргі таңда ұлттық құрамаға өз үлесімізді қосып, қолдан келгенше көмектесіп жатырмыз.
Сондай-ақ боксшы алдағы жоспарымен де бөлісе кетті.
Азия ойындарынан кейінгі ең жақын жарыс – Қазақстан чемпионаты. Бұл – еліміздегі ең мықты боксшылар бас қосатын маңызды бәсеке. Сол жарыста спортшылар өз деңгейін көрсетіп, ұлттық құрама сапына іріктеледі.
Бізді де әр жарыс алдында қатаң тексереді. Сондықтан Қазақстан чемпионатына жақсы дайындықпен барып, өз салмағымда лайықты нәтиже көрсетуге тырысамын. Басты мақсатым – жақсы өнер көрсетіп, ұлттық құрамадағы орнымды сақтап қалу.
Айта кетейік, Сәкен Бибосынов Токио Олимпиадасының қола жүлдегері саналады. Сондай-ақ ол 2021 және 2025 жылдары әуесқойлар арасында әлем чемпионы атағына қол жеткізген.
Қазақстан бокс федерациясының бас серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.













