WE ARE ON SOCIAL MEDIA

Қазақстанның U19 әйелдер құрамасы әлем чемпионатына дайындықты жалғастыруда

Қазақстанның 19 жасқа дейінгі әйелдер бокс құрамасы алдағы әлем чемпионатына дайындық жұмыстарын пысықтап жатыр. Бұл туралы ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Жангелді Ахметов мәлімдеді.

Қазіргі таңда қазақстандық боксшылар Польшада өтіп жатқан XXI халықаралық Silesian Open турниріне қатысуда. Гливице қаласындағы жарыс 25-29 тамыз аралығында ұйымдастырылып, оған 18 елден 200-ге жуық спортшы келген.

«Қазір Польшадамыз. 25-29 тамыз аралығында Гливице қаласында өтіп жатқан XXI халықаралық Silesian Open турниріне қатысып жатырмыз. Жарысқа 18 елден 200 қатысушы жиналды. Қыркүйек айында Алматы облысының Жаңашар ауылында оқу-жаттығу жиынын өткізу жоспарланған. Ал қазан айында Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығында дайындықты жалғастырамыз. Бұл жастар арасындағы әлем чемпионатына дайындықтың негізгі кезеңдері», – деді Жангелді Ахметов.

Жастар арасындағы әлем чемпионаты 14-28 қазан аралығында Черногорияның Будва қаласында өтеді.

Айта кетейік, Қазақстанның U19 әйелдер құрамасы биыл Джакартада өткен жастар және жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 3 алтын және 3 қола медаль жеңіп алды. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы медальдар есебінде екінші орынға тұрақтады. 

Қазақстан бокс федерациясының бас  серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

27 August, 2026
8

Қазақстандық боксшылар Красноярскідегі халықаралық турнирде 15 медаль жеңіп алды

20-23 тамыз аралығында Ресейдің Красноярск қаласында 17 жасқа дейінгі боксшылар арасында «Достық кубогі» халықаралық турнирі өтті.

Халықаралық додаға Қазақстан мен Қырғызстанның жас спортшылары қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша, Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы 6 алтын, 5 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды.

Алтын жүлдені Сұлтан Бейбарыс, Ануар Дінмұхамед, Ғалым Нұрасыл, Төрегелді Нұрбақыт, Максим Ососов және Нұрислам Ташмағанбет иеленді.

Күміс медаль Әмір Тайржанов, Шыңғыс Ахметов, Елдос Бердібекұлы, Марғұлан Жамбыл және Жандос Қалхановтың еншісінде.

Ал Осман Жәнібек, Темірлан Нұрлыбаев, Тамерлан Қайыржан және Ерсұлтан Абдурахман жарыстың қола жүлдегері атанды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы «Достық кубогі» халықаралық турнирін жалпы 15 медальмен қорытындылады.

Қазақстан бокс федерациясының бас  серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

26 August, 2026
7

Сәкен Бибосынов: ұлттық құраманы жазғы Азия ойындарына дайындауға көмектесіп жатырмыз

Ұлттық құраманың мүшесі Сәкен Бибосынов Алматы облысы, Жаңашар ауылында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны бойынша өз ойымен бөлісті.

– Алматыдағы оқу-жаттығу жиыны жоспарға сай өтіп жатыр. Бәрі жақсы, көңіл-күй де жоғары. Қазір ұлттық құрама үшін биылғы жылдың ең маңызды додаларының бірі саналатын Азия ойындарына бар күшімізді салып дайындалып жатырмыз.

Бұйырса, жиынды ешқандай жарақатсыз аяқтап, Жапонияда өтетін соңғы оқу-жаттығу жиынын да ойдағыдай өткізуге ниеттіміз. Одан кейін 19 қыркүйекте Азия ойындары басталады.

Сондықтан бүкіл елімізге, жанкүйерлерге ұлттық құрамамызға қолдау білдіріп, тілекші болыңыздар дегім келеді. Тақым қысулы болсын. Жігіттеріміздің бағы мен бабы қатар шауып, ел намысын абыроймен қорғап, Әнұранымызды сан мәрте шырқатып, елге көп алтын жүлде алып келеді деп сенемін. Біз де қазіргі таңда ұлттық құрамаға өз үлесімізді қосып, қолдан келгенше көмектесіп жатырмыз.

Сондай-ақ боксшы алдағы жоспарымен де бөлісе кетті.

Азия ойындарынан кейінгі ең жақын жарыс – Қазақстан чемпионаты. Бұл – еліміздегі ең мықты боксшылар бас қосатын маңызды бәсеке. Сол жарыста спортшылар өз деңгейін көрсетіп, ұлттық құрама сапына іріктеледі.

Бізді де әр жарыс алдында қатаң тексереді. Сондықтан Қазақстан чемпионатына жақсы дайындықпен барып, өз салмағымда лайықты нәтиже көрсетуге тырысамын. Басты мақсатым – жақсы өнер көрсетіп, ұлттық құрамадағы орнымды сақтап қалу.

Айта кетейік, Сәкен Бибосынов Токио Олимпиадасының қола жүлдегері саналады. Сондай-ақ ол 2021 және 2025 жылдары әуесқойлар арасында әлем чемпионы атағына қол жеткізген.

Қазақстан бокс федерациясының бас  серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

25 August, 2026
7

Ағайынды Камачолар жалпы дене дайындығы жаттықтырушыларына семинар өткізіп жатыр

АҚШ-тан арнайы келген ағайынды Камачолар Алматы облысының Жаңашар ауылында өтіп жатқан ерлер мен әйелдер құрамаларының оқу-жаттығу жиыны аясында жалпы дене дайындығы жаттықтырушыларына семинар өткізуде.

Мамандар өздерінің тәжірибесі мен кәсіби білімін бөлісіп, спортшылардың физикалық дайындығын жетілдірудің заманауи әдістері бойынша практикалық сабақтар ұйымдастырып жатыр.

Оқу-жаттығу жиыны барысында ағайынды Камачолардың қатысуымен осындай бірнеше семинар өткізу жоспарланған.

Қазақстан бокс федерациясының бас  серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

24 August, 2026
9

Қазақстан құрамасына криотерапияға арналған жабдық алынды

Қазақстанның бокс құрамасы ауыр жаттығулардан кейінгі қалпына келу үдерісін сапалы әрі тиімді ұйымдастыру мақсатында арнайы мұзды ванналармен қамтамасыз етілді.

Заманауи спортта қалпына келу әдістерінің маңызы ерекше. Соның бірі – криотерапия. Суық сумен қалпына келу процедуралары қарқынды жаттығулар мен жарыстардан кейін спортшылардың ағзасын сергітіп, физикалық дайындықты сақтауға бағытталған.

Арнайы мұзды ванналар боксшыларға жаттығу жүктемелерінен кейін қалпына келу процесіне қосымша жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл спортшылардың жоғары деңгейдегі дайындықтарын үздіксіз жалғастыруына ықпал ететін заманауи тәсілдердің бірі.

Қазақстан құрамасының оқу-жаттығу процесінде спортшылардың тек жаттығуына ғана емес, олардың дұрыс әрі тиімді қалпына келуіне де ерекше мән берілуде.

Қазақстан бокс федерациясының бас  серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

22 August, 2026
5

Алматы облысында боксшылардың бірлескен оқу-жаттығу жиыны басталды

Алматы облысының Жаңашар ауылында ерлер құрамасының жазғы Азия ойындарына дайындық кезеңіндегі бірлескен оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр.

19 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында өтетін жиынға Қазақстан құрамасынан бөлек, Ирак, Қытай және Англия елдері де келді. Негізгі мақсат – спортшылардың арнайы дене дайындығына көңіл бөлу.

Жаттығу барысында Азия ойындарында кездесуі мүмкін қарсыластарға бейімделуге ерекше көңіл бөлініп, боксшылардың техникалық және тактикалық дайындығы жетілдіріледі.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасының боксшылары Алматы облысындағы оқу-жаттығу жиынын аяқтағаннан кейін қыркүйек айының басында Жапонияға аттанады. Жазғы Азия ойындарына дайындықтың соңғы кезеңі сол елде өтеді.

Қазақстан бокс федерациясының бас  серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

21 August, 2026
13

Әлем чемпионатының жүлдегерлері сыйақысын алды

2025 жылғы IBA әлем чемпионатында жүлдеге ие болған Қазақстан құрамасының боксшылары уәде етілген ақшалай сыйлықтарын алды.

Өткен жылдың желтоқсан айында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) бастамасымен әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Бұл турнирде Қазақстан боксшылары үш алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте Ресейден кейін екінші орынға ие болды.

Бұған дейін IBA президенті Умар Кремлев чемпионат кезінде алтын медаль иегерлеріне 300 мың доллардан, күміс жүлдегерлерге 150 мың доллардан, ал қола жүлдегерлерге 75 мың доллардан сыйақы берілетінін мәлімдеген болатын. Тіпті ширек финалға дейін жеткен боксшылардың әрқайсысына 10 мың доллардан төлеу жоспарланған. Әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 8,3 миллион долларды құрады.

Арада біраз уақыт өткен соң уәде етілген қаражат спортшылардың есепшоттарына аударылды.

Еске салайық, Дубайдағы әлем чемпионатында Сәкен Бибосынов, Абылайхан Жүсіпов және Оразбек Асылқұлов алтын медаль жеңіп алды. Сабыржан Аққалықов күміс жүлдеге ие болса, Теміртас Жүсіпов пен Ертуған Зейнуллинов қола медальді қанжығалады.

2025 жылғы IBA әлем чемпионаты Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында 4-13 желтоқсан аралығында өтті. Қазақстан құрамасы сапында 13 боксшы өнер көрсетті. Турнир әуесқойлар боксындағы рекордтық 8,32 миллион доллар жүлде қорымен есте қалды.

Қазақстан бокс федерациясының бас  серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

20 August, 2026
20

Қазақстан бокс федерациясы жанкүйерлерді Азия ойындарында қолдауға шақырады

Жапонияда тұратын қазақстандық жанкүйерлер Азия ойындарында ұлттық бокс құрамасына тегін қолдау көрсете алады. Қазақстан бокс федерациясы отандастарымыз үшін арнайы жейделер мен жарысқа кіру билеттерін дайындады.

Жарыс Жапонияның Айти префектурасында орналасқан Нисио қаласында өтеді. Қазақстан құрамасы жарыстағы өнерін 21 қыркүйекте бастайды. Ал Азия ойындарының өзі 19 қыркүйекте Айти-Нагояда бастау алады.

Тегін билеттер мен атрибутиканы алу үшін жанкүйерлер Қазақстан бокс федерациясының өкілдеріне хабарласуы қажет. Ұйымның ресми үндеуінде байланыс деректері жарияланған.

Осылайша, жарыс кезінде Жапонияда болатын қазақстандықтар бокс турниріне қосымша шығынсыз кіріп, спортшыларымызға трибунадан қолдау көрсете алады.

Қазақстан құрамасы үшін бұл турнир маусымдағы маңызды жарыстардың біріне айналады. Азия ойындарында қазақстандық боксшылар 11 салмақта (6 ер, 5 әйел) жүлдеге таласады. Ал жанкүйерлер олардың алғашқы жекпе-жектерінен бастап шешуші кездесулеріне дейін қолдау көрсете алады.

Қазақстан бокс федерациясының бас  серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

19 August, 2026
11

Қазақстан бокс федерациясының президенті бокс мамандарын марапаттады

Бүгін Астанада Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтəліп бокс саласының бірқатар маманын қабылдап, Спорт күнімен құттықтады.

Жиын барысында федерация басшысы қазақстандық бокстың халықаралық аренадағы жетістіктеріне тоқталып, спортшылармен қатар жаттықтырушылар, дәрігерлер, менеджерлер және басқа да мамандардың еңбегі зор екенін атап өтті.

«Барлығыңызды Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің үздік спорт түрлерінің бірі – бокста нәтижеге қол жеткізіп, осы бағытта жұмыс істеп жүрген мамандардың еңбегі орасан зор.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев боксты ұлттық спорт деңгейіне көтеру өте маңызды міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әр нәтиже – бірлескен жұмыстың жемісі екенін айтып жүр.

Демек, әлемдік аренада Қазақстанның байрағы жоғары көтерілсе, бұл жетістікте спортшының, жаттықтырушының, дәрігерлер мен менеджерлердің де үлесі бар. Сіздерге алғыс білдіремін және бүгінгі лайықты марапаттарыңызбен құттықтаймын!» – деді Шахмұрат Мүтəліп.

Іс-шара барысында бірқатар маманның спорт саласын дамытуға қосқан үлесі еленіп, мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды.

Атап айтқанда, Париж Олимпиадасының қатысушысы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Қазақстан бокс федерациясы баспасөз қызметінің жетекшісі Назерке Сұлтанбекке «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды.

Ал төрешілер алқасының төрағасы Дінмұхамед Абайхан мен Қазақстан бокс федерациясының бас заңгері Әсел Ақпарова «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Марапаттау рәсімі отандық бокстың дамуына үлес қосып жүрген мамандардың еңбегін бағалап, олардың спорт саласындағы қызметіне қолдау білдіру мақсатында ұйымдастырылды.

Қазақстан бокс федерациясының бас  серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

18 August, 2026
13

Әйелдер құрамасы Азия ойындарына кезекті оқу-жаттығуын бастады

Алматы облысы Жаңашар ауылындағы спорт базасында Қазақстан әйелдер құрамасының оқу-жаттығу жиыны басталды.

Бұған дейін Елдос Сайдалин шәкірттері Америка Құрама Штаттарында бір айлық дайындық кезеңін өткізген еді.

Үлкен құрамда жаттығуға жиынына кіріскен әйелдер командасы екі апта бойы Алматы облысында дайындалып, қыркүйек айының басында Жапонияға аттанады.

Күншығыс елінде бірлескен жаттығу жиыны жоспарланып жатыр. Ал Азия ойындарындағы бокс бәсекесі 21 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді.

Айта кетейік, Азия ойындарында әйелдер 5 салмақта жүлдені сарапқа салады.

Қазақстан бокс федерациясының бас  серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

17 August, 2026
9

Дархан Қызайбаев: Азия ойындарында қазақ боксының үстемдігін дәлелдеуге тырысамыз

Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Дархан Қызайбаев 2026 жылдың басты спорттық додаларының бірі саналатын Жапониядағы жазғы Азия ойындарына дайындық барысы туралы пікір білдірді.

«Жазғы Азия ойындарының соңғы екі циклінде алтын жүлде бұйырмай келеді. Енді қыркүйек айында Жапонияда өтетін бәсекеге үмітіміз зор. Біздің боксшылар топ жарады дегенге кәміл сенімдімін. Бұйырса, қазақ боксының үстемдігін дәлелдеп, Азия ойындарын сәтті өткізуді көздеп отырмыз.

Қазір боксқа өте жақсы жағдай жасалған. Федерациядан бөлек, министрлік пен өңірлік федерациялар тарапынан да қолдау бар. Оларға алғысымыз шексіз. Оқу-жаттығу жиындары үздіксіз өтіп жатыр. Халықаралық жарыстарда негізгі құрамдағы спортшылармен қатар, резервтегі боксшыларға да өз мүмкіндігін көрсетуге жағдай жасалуда.

Екі жылдан бері шетелдік мамандарды тартып, тәжірибе алмасып келеміз», – деді Дархан Қызайбаев.

Айта кетейік, ХХ Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти-Нагоя қаласында өтеді. Бокстан әйелдер арасында бес, ерлер арасында алты салмақта жүлделер сарапқа салынады.

Қазақстан бокс федерациясының бас  серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

15 August, 2026
8