Әлем чемпионатының жүлдегерлері сыйақысын алды

2025 жылғы IBA әлем чемпионатында жүлдеге ие болған Қазақстан құрамасының боксшылары уәде етілген ақшалай сыйлықтарын алды.
Өткен жылдың желтоқсан айында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) бастамасымен әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Бұл турнирде Қазақстан боксшылары үш алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте Ресейден кейін екінші орынға ие болды.
Бұған дейін IBA президенті Умар Кремлев чемпионат кезінде алтын медаль иегерлеріне 300 мың доллардан, күміс жүлдегерлерге 150 мың доллардан, ал қола жүлдегерлерге 75 мың доллардан сыйақы берілетінін мәлімдеген болатын. Тіпті ширек финалға дейін жеткен боксшылардың әрқайсысына 10 мың доллардан төлеу жоспарланған. Әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 8,3 миллион долларды құрады.
Арада біраз уақыт өткен соң уәде етілген қаражат спортшылардың есепшоттарына аударылды.
Еске салайық, Дубайдағы әлем чемпионатында Сәкен Бибосынов, Абылайхан Жүсіпов және Оразбек Асылқұлов алтын медаль жеңіп алды. Сабыржан Аққалықов күміс жүлдеге ие болса, Теміртас Жүсіпов пен Ертуған Зейнуллинов қола медальді қанжығалады.
2025 жылғы IBA әлем чемпионаты Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында 4-13 желтоқсан аралығында өтті. Қазақстан құрамасы сапында 13 боксшы өнер көрсетті. Турнир әуесқойлар боксындағы рекордтық 8,32 миллион доллар жүлде қорымен есте қалды.
Қазақстан бокс федерациясының бас серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.













