Қазақстан бокс федерациясының президенті бокс мамандарын марапаттады

Бүгін Астанада Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтəліп бокс саласының бірқатар маманын қабылдап, Спорт күнімен құттықтады.
Жиын барысында федерация басшысы қазақстандық бокстың халықаралық аренадағы жетістіктеріне тоқталып, спортшылармен қатар жаттықтырушылар, дәрігерлер, менеджерлер және басқа да мамандардың еңбегі зор екенін атап өтті.
«Барлығыңызды Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің үздік спорт түрлерінің бірі – бокста нәтижеге қол жеткізіп, осы бағытта жұмыс істеп жүрген мамандардың еңбегі орасан зор.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев боксты ұлттық спорт деңгейіне көтеру өте маңызды міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әр нәтиже – бірлескен жұмыстың жемісі екенін айтып жүр.
Демек, әлемдік аренада Қазақстанның байрағы жоғары көтерілсе, бұл жетістікте спортшының, жаттықтырушының, дәрігерлер мен менеджерлердің де үлесі бар. Сіздерге алғыс білдіремін және бүгінгі лайықты марапаттарыңызбен құттықтаймын!» – деді Шахмұрат Мүтəліп.
Іс-шара барысында бірқатар маманның спорт саласын дамытуға қосқан үлесі еленіп, мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды.
Атап айтқанда, Париж Олимпиадасының қатысушысы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Қазақстан бокс федерациясы баспасөз қызметінің жетекшісі Назерке Сұлтанбекке «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды.
Ал төрешілер алқасының төрағасы Дінмұхамед Абайхан мен Қазақстан бокс федерациясының бас заңгері Әсел Ақпарова «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.
Марапаттау рәсімі отандық бокстың дамуына үлес қосып жүрген мамандардың еңбегін бағалап, олардың спорт саласындағы қызметіне қолдау білдіру мақсатында ұйымдастырылды.
Қазақстан бокс федерациясының бас серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.













