Дархан Қызайбаев: Азия ойындарында қазақ боксының үстемдігін дәлелдеуге тырысамыз
Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Дархан Қызайбаев 2026 жылдың басты спорттық додаларының бірі саналатын Жапониядағы жазғы Азия ойындарына дайындық барысы туралы пікір білдірді.
«Жазғы Азия ойындарының соңғы екі циклінде алтын жүлде бұйырмай келеді. Енді қыркүйек айында Жапонияда өтетін бәсекеге үмітіміз зор. Біздің боксшылар топ жарады дегенге кәміл сенімдімін. Бұйырса, қазақ боксының үстемдігін дәлелдеп, Азия ойындарын сәтті өткізуді көздеп отырмыз.
Қазір боксқа өте жақсы жағдай жасалған. Федерациядан бөлек, министрлік пен өңірлік федерациялар тарапынан да қолдау бар. Оларға алғысымыз шексіз. Оқу-жаттығу жиындары үздіксіз өтіп жатыр. Халықаралық жарыстарда негізгі құрамдағы спортшылармен қатар, резервтегі боксшыларға да өз мүмкіндігін көрсетуге жағдай жасалуда.
Екі жылдан бері шетелдік мамандарды тартып, тәжірибе алмасып келеміз», – деді Дархан Қызайбаев.
Айта кетейік, ХХ Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти-Нагоя қаласында өтеді. Бокстан әйелдер арасында бес, ерлер арасында алты салмақта жүлделер сарапқа салынады.
Қазақстан бокс федерациясының бас серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.
15 августа, 2026
8
Ұлттық Олимпиадалық комитеті боксшылар мен бапкерлерді марапаттады
Спорт күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінде спорт қауымдастығы өкілдерін марапаттау рәсімі өтті.
Отандық спорт пен олимпиадалық қозғалыстың дамуына қосқан үлесі үшін спортшылар, жаттықтырушылар және спорт саласының мамандары Қазақстан ҰОК-нің Құрмет белгілерімен марапатталды.
«Қазақстан Республикасы Олимпиадалық қозғалысының еңбек сіңірген қайраткері» I дәрежелі Құрмет белгісімен:
Назым Қызайбай - 2024 жылғы Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, бокстан 2025 жылғы әлем чемпионы;
Нұрбек Оралбай - 2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері;
Айбек Оралбай - бокстан 2025 жылғы әлем чемпионы;
Елдос Сайдалин - бокстан Қазақстан Республикасы әйелдер ұлттық құрамасының бас бапкері;
Асқар Еркебаев - бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы;
Дархан Қызайбаев - «Қазақстан бокс федерациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің халықаралық байланыстар жөніндегі вице-президенті;
«Қазақстан Республикасы Олимпиадалық қозғалысының еңбек сіңірген қайраткері» II дәрежелі Құрмет белгісімен:
Долкунжан Камеков - бокстан Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы.
ҰОК-нің құрмет белгілері спорт пен олимпиадалық қозғалыстың дамуына қосқан елеулі үлесі, кәсіби жетістіктері, сондай-ақ, қазақ спортын өркендетуге және жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлауға бағытталған көп жылғы еңбегі үшін табысталады.
Айта кетейік, Қазақстанда Спорт күні жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі.
Қазақстан бокс федерациясының бас серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.
14 августа, 2026
11
Назым Қызайбай: Өміріміздің басым бөлігі жаттығу залында өтеді
Қазақстан әйелдер бокс құрамасының капитаны Назым Қызайбай әлеуметтік желідегі парақшасында мақсатқа жету мен болашақтағы жеңістер жолындағы еңбектің және тәртіптің маңыздылығы туралы жазба жариялады.
«Бүгін Олимпиада ойындарының аяқталғанына тура екі жыл болды.
Кейде уақыттың қаншалықты тез өтіп жатқанын түсіну де қиын. Кеше ғана болғандай еді. Ал арада екі жыл өтіп кетіпті.
Өміріміздің басым бөлігі жаттығу залында өтеді. Осы жолда біз барымызды саламыз: уақытымызды, күшімізді, энергиямызды, денсаулығымыз бен эмоцияларымызды арнаймыз. Барлығы бір кездері алдымызға қойған арманымыз бен мақсатымыз үшін.
Ең қызығы, көп жылдық еңбектің нәтижесінде қалағаныңа қол жеткізгеннен кейін де тоқтағың келмейді. Керісінше, бұдан да биік мақсаттарға ұмтылуға деген құлшыныс пайда болады. Өйткені бір жетістік – соңы емес, келесі деңгейдің бастауы.
Сондықтан алдарыңа үлкен мақсаттар қоюдан қорықпаңдар. Үлкен армандардан қорықпаңдар және қиын жолды таңдаудан тартынбаңдар.
Ең бастысы – еңбек ету, өзіңе сену және қандай жағдай болса да, жұмысты жалғастыру. Өз ісіңе адал болу. Қызығатын ісіңді шын жүрегіңмен жақсы көріп, осы жолға бар күшіңді арнау.
Өйткені үлкен мақсаттарға бір күнде қол жеткізу мүмкін емес. Оның артында жылдар бойғы еңбек, тәртіп, шыдамдылық, қателіктер, жеңістер мен өзіңе деген сенім тұр. Егер өз ісіңді шынымен жақсы көрсең – тоқтама. Еңбек ет. Сен. Алға ұмтыл.
Ең үлкен жеңістер әлі алда», – деп жазды спортшы Instagram парақшасында.
Парижде өткен 2024 жылғы Олимпиада ойындарында Қызайбай 50 келі салмақта қола медаль жеңіп алды. Спортшы Қазақстан тарихындағы бокстан үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы боксшы. Ол 2014, 2016 және 2025 жылдары әлем чемпионатында алтын медаль иеленді.
Қазақстан бокс федерациясының бас серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.
13 августа, 2026
11
Әлем кубогының финалдық кезеңінің уақыты өзгертілді
Биыл Ташкентте (Өзбекстан) өтетін бокс бойынша әлем кубогының финалдық кезеңінің мерзімі өзгертілді. Енді жарыс 2026 жылғы 26 қараша мен 4 желтоқсан аралығында өтеді.
Бастапқыда турнирді 2026 жылғы 25 қараша мен 2 желтоқсан аралығында өткізу жоспарланған болатын.
Ташкенттегі турнир 2026 жылғы бокс бойынша әлем кубогы сериясының қорытынды кезеңі болады. Бұған дейін жарыстың кезеңдері сәуір айында Бразилияда және маусым айында Қытайда өткен.
Финалдық турнирде World Boxing әлемдік рейтингіне есептелетін ұпайлар сарапқа салынады. Бұл ұпайлар 2027 және 2028 жылдардағы Олимпиада ойындарына іріктеу жарыстарындағы спортшылардың жеребедегі орналасу тәртібін анықтау кезінде пайдаланылады.
Қазақстан бокс федерациясының бас серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.
12 августа, 2026
8
Жазғы Азия ойындарының кестесі белгілі болды
XX Азия ойындарын-2026 ұйымдастыру комитеті бокс бойынша әр салмақ дәрежесіндегі жарыстардың ресми кестесін бекітті.
Жарыстар 2026 жылғы 21 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді. Алдын ала жекпе-жектер 21 қыркүйекте басталып, жартылай финалдық кездесулер 29 және 30 қыркүйекте ұйымдастырылады. Турнир 2 қазанда финалдық жекпе-жектермен аяқталады.
Жарыс кестесінде ерлер мен әйелдер арасындағы әр салмақ дәрежесі бойынша спортшылардың өнер көрсететін күндері көрсетілген. Бұл командаларға Азиядағы ең беделді көпсалалы турнирлердің біріне дайындықты түпкілікті пысықтауға мүмкіндік береді.
Алдын ала кезеңде жарыстар күніне екі сессиядан өтеді. Күндізгі сессиялар жарыс күніне байланысты сағат 12:00 немесе 13:00-де, ал кешкі сессиялар 17:00-де басталады. 2 қазандағы финалдық жекпе-жектер де екі сессияға бөлінеді.
Ерлер арасында 55, 60, 70, 80, 90 және 90 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша жарыстар өтеді. Ал әйелдер 51, 54, 60, 65 және 75 келіге дейінгі салмақ санаттарында сынға түседі.
Ұйымдастыру комитеті жарыс кестесіне өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін атап өтті. Қажет болған жағдайда жекелеген сессиялардың өткізілу уақыты мен күндері түзетілуі ықтимал.
Айти-Нагоя-2026 XX Азия ойындарының бокс турниріне Азияның үздік боксшылары қатысып, құрлық чемпионы атағы мен Азия ойындарының медальдары үшін бақ сынайды.
Қазақстан бокс федерациясының бас серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.
11 августа, 2026
5
Самат Адхам: Азия ойындарына баратын ерлер құрамы әлі анықталмады
Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Самат Адхам боксшылардың Азия ойындарына дайындығы туралы айтты.
Бас хатшының айтуынша, ұлттық құрама Азия ойындарына тыңғылықты дайындалып жатыр.
«Дайындық жақсы өтіп жатыр. Боксшыларымыз АҚШ-тағы негізгі жаттығу жұмыстарын аяқтап, кәсіпқой боксшылармен спарринг өткізді.
Тамыз айының ортасында Алматы облысының Жанашар ауылында тағы бір оқу-жаттығу жиыны өтеді. Оған ағайынды Камачолар мен АҚШ құрамасы келеді. Бірлескен спаррингтер өткізіп, арнайы дайындық жұмыстарын жүргіземіз.
Қыркүйек айының басында құрама Жапонияға аттанады. Ол жерде шамамен 10 күн жаттығу өткізіп, кейін Азия ойындары басталады.
Ерлер құрамасының нақты тізімі әзірге белгісіз. Бас бапкер Жапонияға барғаннан кейін құрамды жариялайтын шығар деп ойлаймын», – деді Самат Адхам.
XX Азия ойындары биыл 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияда өтеді.
Қазақстан бокс федерациясының бас серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.
10 августа, 2026
11
Сәкен Бибосынов: Азия ойындарына кім қатысса да, елге алтын жүлде алып келсе қуанамыз
Боксшы Сәкен Бибосынов Азия ойындарына қатысты пікір білдірді.
Бибосыновтың айтуынша, 55 келі салмақта ұлттық құрамадағы бірінші нөмірлі спортшы — Махмұд Сабырхан, ал өзі екінші нөмірлі боксшы. Сондықтан Азия ойындарына жолдама алу мүмкіндігі екеуінде де бар екенін айтты.
«Азия ойындарына қатысты айтатын болсақ, 55 келіде бірінші нөмірлі боксшы — Махмұд Сабырхан, ал мен екінші нөмірлі боксшымын. Азия ойындарына баратын мүмкіндік екеумізде де бар.
Кімнің бағы жанып, бабы келіп тұр, соны таңдаса, бапкерлерге де, федерацияға да ренішім жоқ. Махмұд қатысса, сәттілік тілейміз, көмектесеміз. Ең бастысы, кім қатысса да елге алтын жүлде алып келсе қуанамыз», — деді Сәкен Бибосынов.
XX Азия ойындары биыл 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияда өтеді.
Қазақстан бокс федерациясының бас серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.
08 августа, 2026
12
Елдос Сайдалин: АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиыны жоспар бойынша өтті
Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен оқу-жаттығу жиынының қорытындысы туралы айтып, дайындық барысына тоқталды.
АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиыны қалай өтті? Алдын ала жоспарлаған мақсаттарыңыздың барлығы жүзеге асты ма?
Шілде айының басынан тамызға дейін жалғасқан оқу-жаттығу жиынымыз жоспар бойынша ойдағыдай өтті. Алдын ала қойған мақсаттарымызды толық орындадық.
АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынына Қазақстан құрамасынан қанша боксшы қатысты? Лос-Анджелесте қай елдердің немесе қандай деңгейдегі боксшыларымен спарринг өткіздіңіздер?
Жиынға Қазақстан құрамасынан 8 спортшы қатысты. Әр боксшы 3-4 спаррингтен өткізді. Қарсыластардың деңгейі жоғары болды.
Осы оқу-жаттығу жиынындағы басты мақсат қандай болды? Жаттығу процесіне немесе дайындық жүйесіне жаңа әдістер енгізілді ме?
Басты мақсат - спортшылардың физикалық дайындығын жетілдіру және барынша мықты спортшылармен спарринг өткізу болды.
Алматы облысында өтетін келесі оқу-жаттығу жиынына шетелдік құрамалар да қатыса ма? Егер иә болса, қай елдердің боксшыларын күтіп отырсыздар?
Ресей және АҚШ құрама командаларымен өткізуге алдын ала жоспарлаған болатынбыз. Бірақ екі құрама да келе алмайтын болды.
Лос-Анджелестегі оқу-жаттығу жиынының басқа жиындардан ерекшелігі неде? АҚШ-тағы дайындықтың қандай артықшылықтарын байқадыңыздар?
Бұл жиынның басты ерекшелігі - кәсіпқой боксшылармен жоғары қарқында жұмыс істегеніміз. 4 раундтан 8 раундқа дейін спаррингтер өткіздік. Бұл спортшыларымыздың тәжірибесін арттырып, түрлі деңгейдегі қарсыластарға бейімделуіне жақсы мүмкіндік берді.
Қазақстан бокс федерациясының бас серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.
07 августа, 2026
31
Алуа Балқыбекова АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынының ерекшеліктері туралы айтты
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшы спортшыларының бірі Алуа Балқыбекова АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынының ерекшеліктеріне тоқталды.
«АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынының басты ерекшелігі – бізді ағайынды Камачолардың жаттықтырып жатқаны. Олардың бірі бұған дейін Геннадий Головкинмен жұмыс істеген тәжірибелі маман.
Мұндағы жаттығу жүйесі, қолданылатын әдістер мен жалпы дайындық үдерісі өзгеше. Біз үшін жаңа тәсілдерді меңгеріп, тәжірибе жинауға жақсы мүмкіндік болып отыр», – деді Алуа Балқыбекова.
Сондай-ақ қазақстандық боксшы оқу-жаттығу жиынының не себепті Лос-Анджелесте ұйымдастырылғанына тоқталды.
«2028 жылғы Олимпиада ойындары Лос-Анджелесте өтеді. Сол себепті біз үшін осы жердің жағдайына қазірден бастап бейімделудің маңызы зор. Ауа райына, климатқа және уақыт айырмашылығына үйреніп жатырмыз.
Қазақстан мен Лос-Анджелес арасындағы уақыт айырмашылығы шамамен 12 сағатты құрайды. Мұнда келіп, толыққанды бейімделу кезеңінен өтуіміз алдағы жарыстарда көмегін тигізеді деп ойлаймын», – деді ол.
Алуа Балқыбекова атақты америкалық бапкер Фредди Роучпен өткізген жаттығу туралы да айтып берді.
«Мэнни Пакьяоның залында жаттығып, спаррингтер өткізіп жатырмыз. Пакьяоның бапкері бізге лапа ұстап, бірге жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Қазақстандық боксшылармен өткізген жаттығу оған да ұнағанын айтты. Соңында барлығымызға сәттілік тіледі.
Әрине, онымен ұзақ отырып сөйлесуге немесе ашық әңгімелесуге мүмкіндік болған жоқ. Дегенмен Мэнни Пакьяоға үлкен алғысымызды білдіреміз. Ол Қазақстан ұлттық құрамасына өз залында жаттығуға және спарринг өткізуге жағдай жасады», – деді ұлттық құрама көшбасшысы.
Айта кетейік, әйелдер құрамасы енді 16-30 тамыз аралығында Алматы облысының Жаңашар ауылында кезекті оқу-жаттығу жиынын өткізеді.
Лос-Анджелестегі жаттығу барысында Жапонияда өтетін Азия ойындарының алдында жалпы дене дайындығына және америкалық кәсіпқой боксшылармен спарринг өткізуге басымдық берілді.
Назым Қызайбай жоғары жүктемеге байланысты спортшылардың демалуға және қаламен танысуға іс жүзінде уақыты болмағанын айтты.
«Күн сайынғы тәртібіміз бірдей болды: жаттығу, қалпына келу және қайтадан жаттығу. Бірақ біз мұнда дәл осы мақсатпен келдік. Соңғы күндері спаррингтер өткіздік. Жалпы, оқу-жаттығу жиыны өте нәтижелі өтті», – деп жазды Қызайбай әлеуметтік желідегі парақшасында.
Спортшының айтуынша, команда АҚШ-қа аттанар алдында бос уақытта қаланың көрікті жерлерін аралап, белсенді демалуды жоспарлаған. Алайда жаттығудан кейін боксшылардың бар ойы қалпына келіп, келесі жаттығуға дайындалуға ғана бағытталған.
«Тіпті демалыс күндері де бір жерге барып қайту қиын болды. Бар ойымыз демалып, ұйқымызды қандырып, келесі жаттығуға күш жинау еді», – деді Қазақстан құрамасының капитаны.
Сондай-ақ Назым Қызайбай оқу-жаттығу жиыны бойы спортшыларға қолдау көрсетіп, үйі мен отбасынан жырақта бірге жұмыс істеген жаттықтырушылар штабына алғысын білдірді.
АҚШ-тағы дайындық кезеңі аяқталғаннан кейін, қазақстандық боксшылар тамыз айының ортасында жаттығуларын елде жалғастырады.
32 жастағы Назым Қызайбай бокспен 17 жылдан бері айналысады. Ол 2024 жылдың қазан айынан бері ұлттық құраманың капитаны. Назым Қызайбай – Қазақстан тарихындағы әйелдер арасында үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы боксшы. Ол 2014, 2016 және 2025 жылдары әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған. Сондай-ақ ол Париж Олимпиадасының қола жүлдегері саналады.
05 августа, 2026
10
Бокстан жазғы Азия ойындарына баратын құрам қаншалықты тәжірибелі?
Әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарына баратын бастапқы құрамды атаған еді.
51 келі. Алуа Балқыбекова (2 дүркін әлем чемпионы)
Отандасымыз 2026 жылы 2 Әлем кубогының кезеңіне қатысып үлгерді. Сәуір айында Бразилияда ол жартылай финалға дейін жетіп, Қытай өкілі Синью Циге 2:3 есебімен жол берді. Ал маусым айында ол ширек финалда осы салмақтың басты фавориті саналатын, әлем чемпионы Минакшиден (Үндістан) есе жіберген еді.
Алуа Балқыбекова ұлттық құрамада бірнеше жыл көшбасшы саналғанымен, алғаш рет жазғы Азия ойындарында бақ сынайды.
54 келі. Назым Қызайбай (3 дүркін әлем чемпионы)
48 келіде 3 дүркін әлем чемпионы атанып үлгерген Назым Қызайбай 2026 жылы 54 келіге көтерілуге шешім қабылдады. Ол Бразилиядағы Әлем кубогында Польша боксшысы Виктория Рогалинскаядан жеңіліп, жүлдесіз қалған еді. Ал Қытайдағы Әлем кубогының алдында Назым Қызайбай 54 келідегі көшбасшыны анықтау мақсатында Элина Базаровамен спарринг өткізіп, басым түсті. Сондай-ақ отандасымыз Гуйяндағы Әлем кубогында да Олимпиада және Әлем чемпионатының жүлдегерлерін жеңіп, жаңа салмаққа бейімделгенін дәлелдеді.
Назым Қызайбай бұған дейін 2018 және 2023 жылғы жазғы Азия ойындарына қатысып, ширек финалда тоқтаған болатын.
60 келі. Виктория Графеева (Әлем чемпионатының 2 мәрте жүлдегері)
Өзге отандастарымыздан атағы төмен болғанымен, 2026 жылы ең тұрақты нәтижесімен көзге түсіп келе жатыр. Алдымен ол Бразилиядағы Әлем кубогының финалында әлем чемпионы, жарыс қожайыны Ребека Сантосты жеңіп кетсе, Қытайдағы Әлем кубогының финалында Париж Олимпиадасының чемпионы Лю Тиньнен (Тайпей) айласын асырды.
Жазғы Азия ойындарында дебют жасайды.
65 келі. Аида Әбікеева (2 дүркін әлем чемпионы)
65 келіде басты фаворит саналатын Аида Әбікеева 2026 жылы әлі чемпиондық атаққа қол жеткізе алмай келе жатыр. Бразилияда ол финалға дейін жетіп, Өзбекстан боксшысы Навбахор Хамидоваға жол берсе, Қытайдағы Әлем кубогында жартылай финалда Бразилия спортшысы Беатрис Ферейрадан есе жіберді.
Жазғы Азия ойындарында дебют жасайды.
75 келі. Наталья Богданова (Әлем чемпионы)
2025 жылы әлем чемпионы атанған, сондай-ақ World Boxing ұйымының “ең мықты боксшы” номинациясының иегері. Алайда отандасымыз жазғы Азия ойындарында өзінің тұрақты 70 келісі болмағандықтан, 75 келіге көтерілуге шешім қабылдады. Маусым айында ол Қытайда осы салмақта жұдырықтасып, алғашқы кездесуінде Қытай спортшысы Бао Цзыидан есе жіберді.
2023 жылы Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері саналады.
Айта кетейік, әйелдер боксы жазғы Азия ойындарының бағдарламасына 2010 жылдан бастап енгізілді. Содан бері аруларымыз 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алған.