Назым Қызайбай: Өміріміздің басым бөлігі жаттығу залында өтеді

Қазақстан әйелдер бокс құрамасының капитаны Назым Қызайбай әлеуметтік желідегі парақшасында мақсатқа жету мен болашақтағы жеңістер жолындағы еңбектің және тәртіптің маңыздылығы туралы жазба жариялады.
«Бүгін Олимпиада ойындарының аяқталғанына тура екі жыл болды.
Кейде уақыттың қаншалықты тез өтіп жатқанын түсіну де қиын. Кеше ғана болғандай еді. Ал арада екі жыл өтіп кетіпті.
Өміріміздің басым бөлігі жаттығу залында өтеді. Осы жолда біз барымызды саламыз: уақытымызды, күшімізді, энергиямызды, денсаулығымыз бен эмоцияларымызды арнаймыз. Барлығы бір кездері алдымызға қойған арманымыз бен мақсатымыз үшін.
Ең қызығы, көп жылдық еңбектің нәтижесінде қалағаныңа қол жеткізгеннен кейін де тоқтағың келмейді. Керісінше, бұдан да биік мақсаттарға ұмтылуға деген құлшыныс пайда болады. Өйткені бір жетістік – соңы емес, келесі деңгейдің бастауы.
Сондықтан алдарыңа үлкен мақсаттар қоюдан қорықпаңдар. Үлкен армандардан қорықпаңдар және қиын жолды таңдаудан тартынбаңдар.
Ең бастысы – еңбек ету, өзіңе сену және қандай жағдай болса да, жұмысты жалғастыру. Өз ісіңе адал болу. Қызығатын ісіңді шын жүрегіңмен жақсы көріп, осы жолға бар күшіңді арнау.
Өйткені үлкен мақсаттарға бір күнде қол жеткізу мүмкін емес. Оның артында жылдар бойғы еңбек, тәртіп, шыдамдылық, қателіктер, жеңістер мен өзіңе деген сенім тұр. Егер өз ісіңді шынымен жақсы көрсең – тоқтама. Еңбек ет. Сен. Алға ұмтыл.
Ең үлкен жеңістер әлі алда», – деп жазды спортшы Instagram парақшасында.
Парижде өткен 2024 жылғы Олимпиада ойындарында Қызайбай 50 келі салмақта қола медаль жеңіп алды. Спортшы Қазақстан тарихындағы бокстан үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы боксшы. Ол 2014, 2016 және 2025 жылдары әлем чемпионатында алтын медаль иеленді.
Қазақстан бокс федерациясының бас серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.













