Елдос Сайдалин: АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиыны жоспар бойынша өтті

Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен оқу-жаттығу жиынының қорытындысы туралы айтып, дайындық барысына тоқталды.
АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиыны қалай өтті? Алдын ала жоспарлаған мақсаттарыңыздың барлығы жүзеге асты ма?
Шілде айының басынан тамызға дейін жалғасқан оқу-жаттығу жиынымыз жоспар бойынша ойдағыдай өтті. Алдын ала қойған мақсаттарымызды толық орындадық.
АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынына Қазақстан құрамасынан қанша боксшы қатысты? Лос-Анджелесте қай елдердің немесе қандай деңгейдегі боксшыларымен спарринг өткіздіңіздер?
Жиынға Қазақстан құрамасынан 8 спортшы қатысты. Әр боксшы 3-4 спаррингтен өткізді. Қарсыластардың деңгейі жоғары болды.
Осы оқу-жаттығу жиынындағы басты мақсат қандай болды? Жаттығу процесіне немесе дайындық жүйесіне жаңа әдістер енгізілді ме?
Басты мақсат - спортшылардың физикалық дайындығын жетілдіру және барынша мықты спортшылармен спарринг өткізу болды.
Алматы облысында өтетін келесі оқу-жаттығу жиынына шетелдік құрамалар да қатыса ма? Егер иә болса, қай елдердің боксшыларын күтіп отырсыздар?
Ресей және АҚШ құрама командаларымен өткізуге алдын ала жоспарлаған болатынбыз. Бірақ екі құрама да келе алмайтын болды.
Лос-Анджелестегі оқу-жаттығу жиынының басқа жиындардан ерекшелігі неде? АҚШ-тағы дайындықтың қандай артықшылықтарын байқадыңыздар?
Бұл жиынның басты ерекшелігі - кәсіпқой боксшылармен жоғары қарқында жұмыс істегеніміз. 4 раундтан 8 раундқа дейін спаррингтер өткіздік. Бұл спортшыларымыздың тәжірибесін арттырып, түрлі деңгейдегі қарсыластарға бейімделуіне жақсы мүмкіндік берді.
Қазақстан бокс федерациясының бас серіктесі - “Самұрық Қазына” АҚ, серіктесіміз - “Sport Qory” туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.













