Алуа Балқыбекова АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынының ерекшеліктері туралы айтты

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшы спортшыларының бірі Алуа Балқыбекова АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынының ерекшеліктеріне тоқталды.
«АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынының басты ерекшелігі – бізді ағайынды Камачолардың жаттықтырып жатқаны. Олардың бірі бұған дейін Геннадий Головкинмен жұмыс істеген тәжірибелі маман.
Мұндағы жаттығу жүйесі, қолданылатын әдістер мен жалпы дайындық үдерісі өзгеше. Біз үшін жаңа тәсілдерді меңгеріп, тәжірибе жинауға жақсы мүмкіндік болып отыр», – деді Алуа Балқыбекова.
Сондай-ақ қазақстандық боксшы оқу-жаттығу жиынының не себепті Лос-Анджелесте ұйымдастырылғанына тоқталды.
«2028 жылғы Олимпиада ойындары Лос-Анджелесте өтеді. Сол себепті біз үшін осы жердің жағдайына қазірден бастап бейімделудің маңызы зор. Ауа райына, климатқа және уақыт айырмашылығына үйреніп жатырмыз.
Қазақстан мен Лос-Анджелес арасындағы уақыт айырмашылығы шамамен 12 сағатты құрайды. Мұнда келіп, толыққанды бейімделу кезеңінен өтуіміз алдағы жарыстарда көмегін тигізеді деп ойлаймын», – деді ол.
Алуа Балқыбекова атақты америкалық бапкер Фредди Роучпен өткізген жаттығу туралы да айтып берді.
«Мэнни Пакьяоның залында жаттығып, спаррингтер өткізіп жатырмыз. Пакьяоның бапкері бізге лапа ұстап, бірге жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Қазақстандық боксшылармен өткізген жаттығу оған да ұнағанын айтты. Соңында барлығымызға сәттілік тіледі.
Әрине, онымен ұзақ отырып сөйлесуге немесе ашық әңгімелесуге мүмкіндік болған жоқ. Дегенмен Мэнни Пакьяоға үлкен алғысымызды білдіреміз. Ол Қазақстан ұлттық құрамасына өз залында жаттығуға және спарринг өткізуге жағдай жасады», – деді ұлттық құрама көшбасшысы.
Айта кетейік, әйелдер құрамасы енді 16-30 тамыз аралығында Алматы облысының Жаңашар ауылында кезекті оқу-жаттығу жиынын өткізеді.













