Назым Қызайбай АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынының кезекті кезеңін қорытындылады

Лос-Анджелестегі жаттығу барысында Жапонияда өтетін Азия ойындарының алдында жалпы дене дайындығына және америкалық кәсіпқой боксшылармен спарринг өткізуге басымдық берілді.
Назым Қызайбай жоғары жүктемеге байланысты спортшылардың демалуға және қаламен танысуға іс жүзінде уақыты болмағанын айтты.
«Күн сайынғы тәртібіміз бірдей болды: жаттығу, қалпына келу және қайтадан жаттығу. Бірақ біз мұнда дәл осы мақсатпен келдік. Соңғы күндері спаррингтер өткіздік. Жалпы, оқу-жаттығу жиыны өте нәтижелі өтті», – деп жазды Қызайбай әлеуметтік желідегі парақшасында.
Спортшының айтуынша, команда АҚШ-қа аттанар алдында бос уақытта қаланың көрікті жерлерін аралап, белсенді демалуды жоспарлаған. Алайда жаттығудан кейін боксшылардың бар ойы қалпына келіп, келесі жаттығуға дайындалуға ғана бағытталған.
«Тіпті демалыс күндері де бір жерге барып қайту қиын болды. Бар ойымыз демалып, ұйқымызды қандырып, келесі жаттығуға күш жинау еді», – деді Қазақстан құрамасының капитаны.
Сондай-ақ Назым Қызайбай оқу-жаттығу жиыны бойы спортшыларға қолдау көрсетіп, үйі мен отбасынан жырақта бірге жұмыс істеген жаттықтырушылар штабына алғысын білдірді.
АҚШ-тағы дайындық кезеңі аяқталғаннан кейін, қазақстандық боксшылар тамыз айының ортасында жаттығуларын елде жалғастырады.
32 жастағы Назым Қызайбай бокспен 17 жылдан бері айналысады. Ол 2024 жылдың қазан айынан бері ұлттық құраманың капитаны. Назым Қызайбай – Қазақстан тарихындағы әйелдер арасында үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы боксшы. Ол 2014, 2016 және 2025 жылдары әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған. Сондай-ақ ол Париж Олимпиадасының қола жүлдегері саналады.













