WE ARE ON SOCIAL MEDIA

Лос-Анджелес Олимпиада ойындарына іріктеу өтетін мемлекеттер анықталды

Глазгода World Boxing атқарушы комитетінің жиыны өтті. Халықаралық федерация мамандары Лос-Анджелес 2028 Олимпиада ойындарына дайындық және бүкіл әлемде боксты одан әрі дамыту барысын талқылап, сондай-ақ ауқымды стратегиялық, спорттық және басқару мәселелерін қарастырды.

Президент Геннадий Головкин мен бас хатшы Том Диленнің төрағалығымен өткен бұл жиынның басты назарында 2027–2029 жылдарға арналған ірі халықаралық жарыстарды, соның ішінде Олимпиадаға іріктеу кезеңдерін өткізетін елдерді анықтау мәселесі болды.

Атқарушы комитет 2027 жылғы құрлықтық іріктеу турнирлері мен 2028 жылғы қос әлемдік іріктеу турнирін өткізуге үміткерлерді қарастырды. Қазіргі уақытта бұл іріктеу жарыстары бойынша келісімшарт жасау процесі жүріп жатыр.

Келесі әлем чемпионаты Азияда (Астана, Қазақстан) өтетіндіктен, Атқарушы комитет олимпиадалық қос әлемдік іріктеу турнирін өткізу мүмкіндігін Италия мен Мажарстанға беру шешіміне келді.

Осылайша, Құрлықтық Олимпиадалық іріктеу турнирлері:

Америка – АҚШ

Азия – Қытай

Еуропа – Еуропа ойындары, Ыстанбұл

Океания – Самоа (жақын апталарда негізгі құжаттарды тапсыру шартымен)

Африка – Нигерия (жақын апталарда негізгі құжаттарды тапсыру шартымен)

Әлемдік іріктеу турнирлері:

1-ші әлемдік іріктеу турнирі – Италия

2-ші әлемдік іріктеу турнирі – Мажарстан

Өткізу туралы келісімшарт жұмыстары алдағы айларда толық аяқталады.

Сондай-ақ Атқарушы комитет 2027 жылы Астанада өтетін World Boxing әлем чемпионатына дайындық барысын және Лос-Анджелес Олимпиада циклінің соңына дейінгі халықаралық жарыстардың кеңейтілген күнтізбесін қарады.

Жарыс мәселелерінен бөлек, Комитет World Boxing ұйымын басқаруды нығайту мен ұзақ мерзімді дамыту бағытындағы жұмыстарын жалғастырды. Мүшелер 2026 жылдың қарашасында Панамада өтетін World Boxing конгресіне дайындық барысымен, соның ішінде комитет құрылымына және сайлау процедураларына ұсынылатын түзетулермен танысты.

Кездесуден кейін сөз сөйлеген World Boxing Президенті Геннадий Головкин:

«Бүгінгі талқылаулар мен шешімдер World Boxing шаршы алаңның ішінде де, сыртында да айтарлықтай ілгерілеушілікке жетіп жатқанын көрсетті. Олимпиадалық іріктеу жолын өткізетін елдерді анықтаудан бастап, басқару жүйемізді нығайтуға, жаһандық мүшелігімізді кеңейтуге және Конгреске дайындалуға дейінгі қадамдар арқылы біз Олимпиада қозғалысы аясында бокстың табысты болашағын қамтамасыз ете алатын ашық, әрі қуатты ұйым құрып жатырмыз», – деді.

31 July, 2026
7

Боксшыларымыз Лос-Анджелесте оқу-жаттығу жиынын жалғастырып жатыр

Махмұд Сабырханның Лос-Анджелесте Фредди Роучпен бірге жаттығу залында жүрген сәтімен бөлісті.

– Аңызға айналған тұлғаның қасында тұрғанда, арманыңыз да айқын бола бастайды. Фредди Роучтың жетекшілігімен Мэнни Пакьяо 8 салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Құдай қаласа, дәл сондай табандылық, қажырлы еңбек пен жеңістер арқылы біз де, Пакьяо сияқты, халқымыздың мақтанышына айнала аламыз, - деп жазды Сабырхан Instagram-дағы парақшасында Роучпен түскен суретін бөлісе отырып.

Қазіргі сәтте ерлер және әйелдер құрамасы жазғы Азия ойындарына байланысты арнайы жаттығуларын өткізіп жатыр.

Айта кетейік, Махмұд Сабырхан – бокстан екі дүркін әлем чемпионы. Ол 2023 жылы Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алса, 2025 жылы Англияның Ливерпуль қаласында өткен World Boxing ұйымының әлем чемпионатында да топ жарды.

Сонымен қатар, Махмұд 2021 жылы Сербияның Белград қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған.

30 July, 2026
6

Астанада 500-ге жуық бокс жаттықтырушысы біліктілігін арттырды

Еліміздің барлық өңірінен келген 500-ге жуық бокс жаттықтырушы-оқытушысы Астанада 72 сағаттық біліктілікті арттыру курсынан өтті. 

Бағдарлама аясында алғашқы медициналық көмек көрсету, антидопинг талаптары, жаттығу үдерісін тиімді ұйымдастыру және өзге де маңызды тақырыптар қамтылды. Курсты қорытындылаған емтиханнан сәтті өткен мамандарға арнайы куәліктер табысталды.

22–29 шілде аралығында өткен курс Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы» РМҚК ұйымдастыруымен өткізілді.

29 July, 2026
6

Отандық бокс жұлдыздары V Integra Спартакиадасының ашылу салтанатына қатысты

Астанада «Integra Construction KZ» компаниясының дәстүрлі бесінші Спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Биылғы жарыс та спорттық жарыс рухын және командалық бірлікті нығайтуға арналған. Спартакиада аясында қатысушылар 10 спорт түрінен бақ сынап жатыр: мини-футбол, волейбол, қазақ күресі, үстел теннисі, армрестлинг, шахмат, киберспорт, тоғызқұмалақ.

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, әлем чемпионы Мерей Ақшалов, Олимпиада жүлдегерлері Әділбек Ниязымбетов пен Қамшыбек қоңқабаев қатысушыларға сәттілік тілеп, салауатты өмір салты мен бірлікті ту еткен бірегей іс-шараға қолдау көрсетті.

28 July, 2026
6

Бокстан Қазақстан чемпионаттарының күнтізбесі жарияланды

Бокстан 2026 жылы ел ішінде өтетін ішкі біріншіліктердің уақыты толықтай белгілі болды.

Ересектер арасындағы ел чемпионаты 24 қазан - 1 қараша аралығында Тараз қаласында өтетін болды. Бұған дейін бұл шаһар ел додасын 2014 жылы өткізген еді.

Одан бөлек, басқа жас санаттары бойынша да ел чемпионаттары ұйымдастырылады:

U17 санаты 7-13 қараша аралығында Ақтау қаласында ұйымдастырылады.

U19 санаты 15-22 қараша аралығында Астана қаласында өтеді.

U17 және U19 санатындағы әйелдердің бәсекесі 29 қараша мен 5 желтоқсан күндері аралығына жоспарланған.

2026 жылғы Қазақстан чемпионаттары ұлттық құраманы жасақтау мен халықаралық жарыстарға іріктеу тұрғысынан маңызды дода саналады.

27 July, 2026
6

Виктория Графеева: АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиыны Азия ойындары алдындағы маңызды кезең

Қазақстанның ерлер және әйелдер ұлттық бокс құрамалары Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарына дайындық аясында АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында 36 күндік оқу-жаттығу жиынын өткізуде.

Жиынның негізгі мақсаты – Санта-Моникада жалпы дене дайындығын жетілдіру және америкалық кәсіпқой боксшылармен спаррингтік кездесулер өткізу. Қазақстандық делегация АҚШ-тағы дайындықты 8 тамызда аяқтап, Азия ойындары алдындағы соңғы оқу-жаттығу кезеңін өткізу үшін тікелей Жапонияға аттанады.

Оқу-жаттығу жиынына қатысып жатқан ұлттық құраманың боксшысы Виктория Графеева дайындық барысы туралы пікірімен бөлісті.

– Дайындық өте қарқынды өтіп жатыр. Әр күніміз минутына дейін жоспарланған. Жаттығу, қалпына келу, техникалық және физикалық дайындықты жетілдіруге бағытталған жұмыстардың барлығы нақты кесте бойынша жүргізілуде. Бұл жиынның басты ерекшелігі – жаңа спарринг-серіктестердің көптігі және олардың бокс мәнерінің өзгешелігі. Сондықтан жаңа жағдайға тез бейімделуге тура келеді.

Боксшының айтуынша, АҚШ-тағы жиын халықаралық тәжірибе жинақтап, шеберлікті шыңдауға үлкен мүмкіндік беріп отыр.

– Басты мақсатымыз – маңызды жарыстардың алдында дайындық деңгейін барынша арттыру. Мұнда мықты спортшылармен спарринг өткізіп, жекпе-жек жүргізудің түрлі мәнерлерімен танысуға мүмкіндік бар. Мұның бәрі халықаралық тәжірибе жинауға және өз шеберлігіңді шыңдауға көмектеседі.

Сондай-ақ Виктория Графеева оқу-жаттығу жиынына жасалған жағдайдың жоғары деңгейде екенін атап өтті.

– Жағдай өте жақсы. Сапалы жаттығу өткізуге қажетті барлық мүмкіндік қарастырылған. Заманауи спорт залы, қажетті құрал-жабдықтар және қалпына келуге арналған жағдай бар. Соның арқасында бар назарымызды тек дайындыққа аудара аламыз.

25 July, 2026
4

Қазақстан боксшылары Түркиядағы оқу-жаттығу жиынын аяқтады

Түркияның Кастамону қаласында Қазақстан мен Түркия боксшыларының бірлескен оқу-жаттығу жиыны аяқталды.

Оқу-жаттығу жиыны 15 шілдеде басталып, Түркия бокс федерациясының Кадыдагы оқу-жаттығу орталығында өтті.

Кастамонуда Қазақстан құрамасы сапында Диас Берікбай, Даниял Сабит, Бекзат Алдамжаров, Дамир Әбдіқадыр, Сәкен Бибосынов, Ерасыл Аманғалиев, Нұрсұлтан Алтынбек, Илья Калинин, Ертуған Зейнуллинов, Алмат Әбдуәли, Дархан Дүйсебай, Еркебұлан Шайкенов, Сержан Еркін, Азамат Бектас, Сұлтанбек Айбарұлы және Нұрлан Сапарбай сынды отандастарымыз дайындалды.

Кастамонудағы орталық Түркия бокс федерациясының негізгі биік таулы оқу-жаттығу базаларының бірі саналады. Мұнда әртүрлі жас санатындағы ұлттық құрамалар Еуропа және әлем чемпионаттарына, сондай-ақ Олимпиада ойындарына дайындық жүргізеді.

Сонымен қатар Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамаларының негізгі құрамы АҚШ-тың Калифорния штатындағы Санта-Моника қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Америка Құрама Штаттарындағы дайындық жазғы Азия ойындары алдындағы маңызды кезеңдердің бірі болмақ.

24 July, 2026
3

Азиза Исина Азия чемпионатының үздік боксшысы атанды

Азия бокс федерациясы (Asian Boxing) Индонезияның Джакарта қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатының үздік боксшыларын атады. Ерлер арасында Өзбекстан өкілі Элёр Рустамов (U-19, 55 кг) пен Жапония спортшысы Коити Накаяма (U-23, 60 кг) үздік деп танылды. Ал әйелдер арасында Үндістан боксшысы Пуджари (U-19, 51 кг) және Қазақстан құрамасының өкілі Азиза Исина (U-23, 70 кг) үздік боксшы атағына ие болды. Еске салсақ, 2026 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпы 30 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 11 алтын, 11 күміс және 8 қола жүлде бар. Ерлер арасында Бибарыс Әшірбай, Владислав Саможонов, Аман Қонысбек, Темірлан Мұқатаев және Ибрагим Бетаев Азия чемпионы атанса, әйелдер арасында Камила Оспанова, Айдана Убайдуллақызы, Зарина Толыбай, Гүлназ Бөрібаева, Азиза Исина және Шұғыла Нәлібай чемпиондық атақты жеңіп алды.

23 July, 2026
5

«Халық» қоры мен Қазақстан бокс федерациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

2024 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «AUYL SPORT» жобасы аясында «Халық» қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов пен спорт менеджері Ғалым Сихимов Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Самат Адхаммен жолығып, ауылдағы боксты дамыту мақсатында өзара меморандумға қол қойды.

Келісім аясында 2026 жылы Астана қаласында өтетін «AUYL SPORT» жобасының Республикалық бәсекесінде Қазақстан бокс федерациясы білікті төрешілермен қамтамасыз етуге атсалысса, «Халық» қайырымдылық қоры бапкерлер, төрешілердің біліктілігін арттыруға бағытталған семинарларды ұйымдастырып, «AUYL SPORT» жобасындағы бокс жеңімпаздарын халықаралық турнирге қатысуын толықтай өз мойындарына алады.

«AUYL SPORT» жобасы - ауыл балаларына кәсіби түрде спортпен айналысуға мүмкіндік беретін бірегей бастама.

Шараның мақсаты - ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттыру, олардың тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау.

22 July, 2026
4

U23 әйелдер құрамасының жаттықтырушысы Марат Қырықбаев Азия чемпионатын қорытындылады

«Команданың жалпы нәтижесіне көңіліміз толады. Азия чемпионатында 3 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль иелендік. Осы уақытқа дейін бұл жарыс U22 Азия чемпионаты ретінде өтсе, биыл алғаш рет U23 Азия чемпионаты мәртебесінде ұйымдастырылды. Бұл өзгеріс - құрамамыздағы жастар санатынан енді ғана ауысқан боксшылар үшін жақсы тәжірибе болмақ.

Құрама сапында 70 келіде өнер көрсеткен Азиза Исинаның өнерін ерекше атап өтер едім. Ол мансабында алғаш рет Азия чемпионы атанып, өзінің жоғары деңгейін дәлелдей білді. Азия құрлығында чемпион атану оңай емес. Себебі, бұл аймақта Қытай мен Үндістан секілді алпауыттар ӘЧ және Олимпиада ойындарында тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетеді.

Енді елге оралған соңәр боксшы жеке бапкерімен бірге қателіктерін саралайды. Ал алдағы оқу-жаттығу жиындарында жалпы дене дайындығы мен жұптық жұмысқа ерекше көңіл бөлеміз»

Айта кетейік, бұл санаттағы аруларымыз 3 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль иеленген болатын.

21 July, 2026
5

U23 ерлер құрамасының жаттықтырушысы Мақсат Бақтыбазаров Азия чемпионатына бағасын берді

«Азия чемпионатын жақсы деңгейде өткіздік деп есептеймін. Жігіттер өз мүмкіндіктерін көрсетті. Себебі, 10 салмақтың 8-інде мүмкіндіктер 50/50 болды. Әсіресе 55 келідегі Бексұлтан Боранбек пен 60 келідегі Нұрасыл Төлебек өздерін жақсы қырынан танытты. Дегенмен, ешкімді бөліп-жармаймын. Спортшылар бар күшін салды.

Азия чемпионатында бәсекелестіктің өте жоғары екенін бәріңіз де көрдіңіздер. Көптеген мемлекеттер барлық 10 салмаққа қатысушысын қоспаса да, өздері басымдық берген 3-4 салмақта өте мықты қарсылық көрсетті. Жалпы, Азиядағы бокс деңгейі жылдан-жылға өсіп келеді.

Енді чемпионат қорытындысын саралап, жіберілген қателіктермен жұмыс жүргіземіз. Сонымен қатар, U23 құрамасы үшін жеке Қазақстан чемпионатын өткізуді ұсынып отырмыз. Бұл осы жас санатындағы боксшылардың дайындық деңгейін жүйелі түрде көтеруге мүмкіндік береді.

Жас спортшылар ересектер арасындағы ел чемпионатының алғашқы кезеңдерінде-ақ фавориттерге қарсы шығып қалып жатады. Соның салдарынан олар өз әлеуетін толық аша алмай қалуы мүмкін.»

Айта кетейік, ерлер құрамасы бұл сында 3 алтын, 4 күміс, 1 қола медаль еншілеген еді.

20 July, 2026
6