Виктория Графеева: АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиыны Азия ойындары алдындағы маңызды кезең

Қазақстанның ерлер және әйелдер ұлттық бокс құрамалары Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарына дайындық аясында АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында 36 күндік оқу-жаттығу жиынын өткізуде.
Жиынның негізгі мақсаты – Санта-Моникада жалпы дене дайындығын жетілдіру және америкалық кәсіпқой боксшылармен спаррингтік кездесулер өткізу. Қазақстандық делегация АҚШ-тағы дайындықты 8 тамызда аяқтап, Азия ойындары алдындағы соңғы оқу-жаттығу кезеңін өткізу үшін тікелей Жапонияға аттанады.
Оқу-жаттығу жиынына қатысып жатқан ұлттық құраманың боксшысы Виктория Графеева дайындық барысы туралы пікірімен бөлісті.
– Дайындық өте қарқынды өтіп жатыр. Әр күніміз минутына дейін жоспарланған. Жаттығу, қалпына келу, техникалық және физикалық дайындықты жетілдіруге бағытталған жұмыстардың барлығы нақты кесте бойынша жүргізілуде. Бұл жиынның басты ерекшелігі – жаңа спарринг-серіктестердің көптігі және олардың бокс мәнерінің өзгешелігі. Сондықтан жаңа жағдайға тез бейімделуге тура келеді.
Боксшының айтуынша, АҚШ-тағы жиын халықаралық тәжірибе жинақтап, шеберлікті шыңдауға үлкен мүмкіндік беріп отыр.
– Басты мақсатымыз – маңызды жарыстардың алдында дайындық деңгейін барынша арттыру. Мұнда мықты спортшылармен спарринг өткізіп, жекпе-жек жүргізудің түрлі мәнерлерімен танысуға мүмкіндік бар. Мұның бәрі халықаралық тәжірибе жинауға және өз шеберлігіңді шыңдауға көмектеседі.
Сондай-ақ Виктория Графеева оқу-жаттығу жиынына жасалған жағдайдың жоғары деңгейде екенін атап өтті.
– Жағдай өте жақсы. Сапалы жаттығу өткізуге қажетті барлық мүмкіндік қарастырылған. Заманауи спорт залы, қажетті құрал-жабдықтар және қалпына келуге арналған жағдай бар. Соның арқасында бар назарымызды тек дайындыққа аудара аламыз.













