Қазақстан боксшылары Түркиядағы оқу-жаттығу жиынын аяқтады

Түркияның Кастамону қаласында Қазақстан мен Түркия боксшыларының бірлескен оқу-жаттығу жиыны аяқталды.
Оқу-жаттығу жиыны 15 шілдеде басталып, Түркия бокс федерациясының Кадыдагы оқу-жаттығу орталығында өтті.
Кастамонуда Қазақстан құрамасы сапында Диас Берікбай, Даниял Сабит, Бекзат Алдамжаров, Дамир Әбдіқадыр, Сәкен Бибосынов, Ерасыл Аманғалиев, Нұрсұлтан Алтынбек, Илья Калинин, Ертуған Зейнуллинов, Алмат Әбдуәли, Дархан Дүйсебай, Еркебұлан Шайкенов, Сержан Еркін, Азамат Бектас, Сұлтанбек Айбарұлы және Нұрлан Сапарбай сынды отандастарымыз дайындалды.
Кастамонудағы орталық Түркия бокс федерациясының негізгі биік таулы оқу-жаттығу базаларының бірі саналады. Мұнда әртүрлі жас санатындағы ұлттық құрамалар Еуропа және әлем чемпионаттарына, сондай-ақ Олимпиада ойындарына дайындық жүргізеді.
Сонымен қатар Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамаларының негізгі құрамы АҚШ-тың Калифорния штатындағы Санта-Моника қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Америка Құрама Штаттарындағы дайындық жазғы Азия ойындары алдындағы маңызды кезеңдердің бірі болмақ.













