U23 ерлер құрамасының жаттықтырушысы Мақсат Бақтыбазаров Азия чемпионатына бағасын берді

«Азия чемпионатын жақсы деңгейде өткіздік деп есептеймін. Жігіттер өз мүмкіндіктерін көрсетті. Себебі, 10 салмақтың 8-інде мүмкіндіктер 50/50 болды. Әсіресе 55 келідегі Бексұлтан Боранбек пен 60 келідегі Нұрасыл Төлебек өздерін жақсы қырынан танытты. Дегенмен, ешкімді бөліп-жармаймын. Спортшылар бар күшін салды.
Азия чемпионатында бәсекелестіктің өте жоғары екенін бәріңіз де көрдіңіздер. Көптеген мемлекеттер барлық 10 салмаққа қатысушысын қоспаса да, өздері басымдық берген 3-4 салмақта өте мықты қарсылық көрсетті. Жалпы, Азиядағы бокс деңгейі жылдан-жылға өсіп келеді.
Енді чемпионат қорытындысын саралап, жіберілген қателіктермен жұмыс жүргіземіз. Сонымен қатар, U23 құрамасы үшін жеке Қазақстан чемпионатын өткізуді ұсынып отырмыз. Бұл осы жас санатындағы боксшылардың дайындық деңгейін жүйелі түрде көтеруге мүмкіндік береді.
Жас спортшылар ересектер арасындағы ел чемпионатының алғашқы кезеңдерінде-ақ фавориттерге қарсы шығып қалып жатады. Соның салдарынан олар өз әлеуетін толық аша алмай қалуы мүмкін.»
Айта кетейік, ерлер құрамасы бұл сында 3 алтын, 4 күміс, 1 қола медаль еншілеген еді.













