Нұржан Насанов: Әлем кубогында боксшыларымыз өздерін жақсы қырынан көрсете білді

Бокстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұржан Насанов Қытайда өткен Әлем кубогының екінші кезеңін қорытындылады.
"Қытайдағы Әлем кубогінде боксшылар өзін жақсы қырынан көрсете білді. Бұл жарыстың алдында екі кезеңдік дайындықтан өткен команда функционалдық тұрғыда шыңдалып келді деп ойлаймын. Абылайхан Жүсіпов пен Айбек Оралбай жоғары деңгейдегі бокс көрсетті және мықты қарсыластардан басым түсті. Салмақ ауыстырған екі боксшымыз Сабыржан Аққалықов пен Нұрбек Оралбай екі жекпе-жектен өткізді, олар үшін бұл бірінші жарыс, алдағы уақытта әлі де шыңдалады. Азия ойындарына дайындық бастапқы жоспар бойынша жүргізіліп келе жатыр.
Қытайдағы жарыспен осы ауқымды дайындықтың үшінші кезеңін аяқтадық. Шілде айына Америкадағы жаттығу жиыны жоспарланған, ол жақта әр боксшы жеке жоспар бойынша жұмыс істейді. Ағайынды Камачолармен бірге мұхиттың арғы жағында да, кейін елге келіп тағы бір оқу-жаттығу жиынын да өткіземіз" - деді Нұржан Насанов.
Айта кетейік, 15-21 маусым аралығында өткен Әлем кубогында ерлер құрамасы 3 алтын медаль жеңіп алған болатын.













