WE ARE ON SOCIAL MEDIA

Бақыт Сәрсекбаев 2026 жылғы жоспарымен бөлісті

"Бірнеше күн бұрын Мажарстанның Егер қаласынан келдік. Ласло Папп халықаралық турниріне 18 боксшымыз қатысты. Еншімізді 6 алтын, 6 күміс және 3 қола жүлде. Алдағы маңызды біріншілік 3-16 шілде аралығында Джакартада (Индонезия) өтетін Азия чемпионаты болмақ. Оған дейін Македониядағы халықаралық турнирге қатысып, 19 маусымнан бастап қорытынды жаттығу жиынын өткізу ойда бар. Азия біріншілігінде жоғары нәтиже көрсетуге ниеттіміз. Жастар сапындағы боксшыларымыз өз уақытымен спорттық қалыпқа келіп жатыр. Барлығының болашақта жетістікке жетуге әлеуеті бар. Біз - жаттықтырушылар әр жекпе-жек алдында дұрыс бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесімізді және бапкерлік пікірімізді жеткіземіз. Биыл қараша айында Дакарда (Сенегал) жастар арасында Олимпиада ойындары өтеді. Бізде бір жолдама бар. Ол 70 келідегі Бибарыс Әшірбай. Сол боксшымыз жақсы нәтиже көрсетіп, абыроймен қатысамыз деген үміттемін. Олимпиада әр спортшы үшін ең биік шың екені анық. Бибарыс командамен бірге дайындық жүргізеді", - деді U19 құрамасының бас бапкері Бақыт Сәрсекбаев.

Айта кетейік, Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев 2026 жылдың қаңтар айынан бастап жастар құрамасының тізгінін ұстаған болатын.

05 June, 2026
7

Қазақстан боксшылары World Boxing рейтингінде көш бастады

World Boxing халықаралық ұйымы әуесқой боксшылардың жаңартылған әлемдік рейтингін жариялады.

Жаңартылған рейтингте қазақстандық былғары қолғап шеберлері бірнеше салмақ дәрежесінде көш басындағы орындарын сақтап қалды.

Санжар Тәшкенбай (50 келіге дейін), Махмұд Сабырхан (55 келіге дейін), Төрехан Сабырхан (70 келіге дейін), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары), Наталья Богданова (70 келіге дейін) рейтингтің бірінші сатысында тұр.

Екінші орынға Назым Қызайбай (48 келіге дейін), Аида Әбікеева (65 келіге дейін) және Нұрбек Оралбай (80 келіге дейін) жайғасты.

Ал үздік үштікті Алуа Балқыбекова (51 келіге дейін), Надежда Рябец (80 келіге дейін), Дина Исламбекова (80 келіден жоғары), Оразбек Асылқұлов (60 келіге дейін), Сабыржан Аққалықов (75 келіге дейін) және Нұрбек Оралбай (85 келіге дейін) түйіндеді.

04 June, 2026
12

Әйелдер құрамасы бірлескен оқу-жаттығу жиынына қатысады

Бас жаттықтырушы Елдос Сайдалиннің жетекшілігімен Қазақстан әйелдер құрамасы Қытайға аттанды.

Гуянг қаласында 15-21 маусым аралығында өтетін Әлем кубогі кезеңінің алдында ауқымды халықаралық жиын ұйымдастырылмақ. Бұл жиынға 19 ел командасы қатысады. Оның ішінде АҚШ, Канада, Бразилия, Өзбекстан, Италия, Франция, Корея және т.б. бар.

Дайындыққа қатысатын Қазақстан құрамы келесідей: Алуа Балқыбекова, Назым Қызайбай, Элина Базарова, Виктория Графеева, Аида Әбікеева, Лаура Есенгелді, Наталья Богданова, Валерия Аксенова және Дина Исламбекова.

03 June, 2026
10

Ерлер құрамасы кезекті оқу-жаттығу жиынына кірісті

Түркістан облысындағы Алматау базасында 4 елдің қатысуымен бірлескен жаттығу жиыны басталды.

Бұл жолы Қазақстан боксшыларына Өзбекстан, Әзербайжан және Қырғызстан командалары қосылды.

Бұл Қытайдың Гуянг қаласында өтетін WORLD BOXING әлем кубогінe бағытталған соңғы дайындық кезеңі. 15-21 маусым аралығындағы жарысқа командалар Қазақстандағы жиын аяқталған соң, аттанады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан мен Өзбекстан құрамасы Моңғолиядағы Азия чемпионатының алдында да дәл осы базада бірге дайындалған болатын.

02 June, 2026
7

Шаршы алаңдағы ағайынды чемпиондар

Қазақ боксының тарихында бір отбасыдан шығып, әлемдік аренада ел намысын қорғап жүрген спортшылар аз емес. Кейбір ағайындылар мен апалы-сіңлілер шаршы алаңда қатар өнер көрсетіп қана қоймай, халықаралық жарыстарда биік нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Олар жеңістері арқылы Қазақстан боксының абыройын асқақтатып жүр.

Махмұд Сабырхан мен Төрехан Сабырхан Маятас ауылынан шыққан ағайынды боксшылар.  Махмұд - екі дүркін әлем чемпионы, Азия чемпионы және Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі. Ал, Төрехан жастар сапынан ауыса сала ересектер арасында әлем чемпионы атанды. Екеуі де кәсіби бокста дебют жасап, алғашқы жекпе-жектерін нокаутпен жеңген. Төрехан көптеген сұхбатында жетістіктеріне ағасы Махмұдтың әсері зор екенін айтып жүреді.
Қазақ боксы тарихында ағайынды спортшылар аз болмағанымен, Айбек пен Нұрбек Оралбайдың орны ерекше. Айбек Азия чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, 2025 жылғы әлем чемпионы атанды. Нұрбек Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Әлем және Азия чемпионы. Егіздердің өміріндегі ең қызық деректердің бірі - бала күндерінде жарыстарда бір-бірінің орнына шығып кеткен кездері болған. Мұны өздері сұхбаттарында әзілдеп жеткізді.
Әйелдер боксында шаршы алаңға шығып жүрген апалы-сіңлілер бар. Қазақстан әйелдер боксына жол ашқан - Боранбаевалар. Назгүл Боранбаева - әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері. Бауырлары Әлия мен Наргүл бокстан халықаралық жарыстарда топ жарған. Қыздарың алғашқы бапкері де өз әкелері.
Күні кеше Бразилияда өткен Әлем кубогінің чемпионы, “сары қыз” танылып кеткен Виктория Графееваның сіңлісі, Евгения Графеева әпкесінің ізін жалғап, шаршы алада өз өнерін көрсетіп жүр. 

Орал қаласынан шыққан Назым және Ақнар Ищановалар  әйелдер боксында топ жарып жүрген апалы-сіңлілер. Назым Ищанова жастар арасындағы әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері. Ал, Ақнар - Азия чемпионы. Сондай-ақ жас дарынды бокшылар арасында Аяулым және Камила Оспановалар. Олардың жаттықтырушысы өз әкелері Жеңіс Оспанов. Аяулым үш дүркін Азия чемпионы, Камила - Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, сонымен қатар бір біріне деген ерекше қолдауымен көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген Оспановалар жасөсіпірімдер санатында Азия чемпионаты және Азия Ойындарында да топ жарып үлгерді. Олардың жеке жаттықтырушысы - өз әкелері Жеңіс Оспанов.
Қазақстан ұлттық құрамасының аса ауыр салмақтағы боксшылары ағайынды Нұрлан және Даниял Сапарбай. Нұрлан Қазақстанның екі дүркін чемпионы, інісі Даниял Әлем кубогінің қола жүлдегері. 
Ағайынды Төлтаевтар ұлттық құрама сапында жетістіктергн жеткен егіз боксшылар. Саматәлі Жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Санатәлі Азия чемпионы. 
Әлемдік бокс тарихындағы мықты ағайынды спортшылар Виталий және Владимир Кличколар. Кличколар ауыр салмақтағы белбеулерді бір уақытта жинаған тарихтағы жалғыз ағайындылар. Олар бұл жетістігі үшін Гиннес рекордтар кітабына еңген. Әлемдік бокста Геннадий Головкиннің есімі ерекше құрметпен айтылады. Алайда оның жетістігің артында жанынан табылатын егізі Максим Головкин бар. Максим Головкин Қазақстанның еңбек сіңірген бокс жаттықтырушысы. Геннадий Головкин де Гиннестің рекордтар кітабына енген. Ол орта салмақтағы әлем чемпиондары арасындағы ең жоғары нокаут көрсеткішінің иесі атанып, бұл жетістігімен әлемдік бокс тарихында өз ізін қалдырды. 

“Бокстағы мен үлгі тұтатын адам ол - менің ағам. Мен оның әр қимылын бақылап, ұқсап бағуға тырысамын”, - дейді Мейірім Нұрсұлтанов ағасы, әрі әлем чемпионы Мерей Ақшалов жайында. 

Дайындаған: Сымбат Бердіханқызы

01 June, 2026
52

Қазақ боксының негізін қалаған Шоқыр Бөлтекұлына 110 жыл

Биыл қазақ боксының негізін қалаушылардың бірі, көрнекті спорт қайраткері, майдангер және дарынды бапкер Шоқыр Бөлтекұлының туғанына 110 жыл толып отыр. Оның есімі қазақ спорты тарихында алтын әріптермен жазылған. Шоқыр Бөлтекұлы ұлттық бокстың қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосып, бірнеше буын спортшылардың тәрбиеленуіне жол ашты.

Шоқыр Бөлтекұлы 1916 жылы Маңғыстау өңірінде дүниеге келген. Әкесі қарапайым балықшы болған. Ел аузында сақталған деректерге сүйенсек, ұлы дүниеге келген күні қармаққа «Шоқыра» балығы түсіп, оны жақсылықтың нышаны санаған әкесі баласына осы есімді берген. Кейін халық арасында ол Шоқыр атымен танылды.

Балалық шағы қиындықпен өткен болашақ чемпион ерте жетім қалып, Форт-Шевченко қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленді. Жастайынан қайсар мінезімен және күш-қайратымен ерекшеленген ол кейін өнер жолын таңдап, Киев көркемсурет академиясында білім алады. Алайда тағдыр оны спортқа алып келді. 1936 жылдан бастап боксқа ден қойып, аз уақыт ішінде жоғары нәтижелер көрсете бастады.

Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға аттанды. Соғыстан жараланып оралғанымен, спорттағы қызметін жалғастырып, қазақ боксының дамуына бар күш-жігерін жұмсады.

1947 жылы Шоқыр Бөлтекұлы КСРО чемпионатында жеңіске жетіп, қазақ жастары арасынан алғаш болып «КСРО спорт шебері» атағын иеленді. Ол спорттық мансабында шаршы алаңға 223 рет шығып, оның 199-ында жеңіске жеткен. Кейін бапкерлік қызметке ауысып, 800-ден аса боксшы тәрбиеледі.

Шоқыр Бөлтекұлы тек спортшы ғана емес, ұлттық рухты жоғары қойған тұлға болды. Ол 1940 жылдары тегін «Бөлтекұлы» деп жаздырған алғашқы қазақтардың бірі ретінде де белгілі.

Белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы оның болмысын аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлымен салыстырған. Екі тұлғаның мінезіндегі қайсарлық пен отансүйгіштік қасиеттер көпшілік тарапынан жиі айтылып келеді.

Шоқыр Бөлтекұлының жары Нұрсұлу Тапалова - қазақтың тұңғыш кәсіби балериналарының бірі. Бұл олардың отбасы қазақ мәдениеті мен спортының дамуына қатар үлес қосқанын көрсетеді.

Арада 30 жыл өтсе де, Шоқыр Бөлтекұлының есімі халық жадынан өшкен жоқ. Бүгінде Ақтау қаласында оның құрметіне халықаралық бокс турнирі тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сонымен қатар, оның өмірі мен еңбегі туралы зерттеулер жазылып, кітаптар жарық көрді.

Шоқыр Бөлтекұлы – қазақ боксының тарихындағы тұғырлы тұлға. Оның өмір жолы мен еңбегі бүгінгі спортшылар үшін табандылықтың, еңбекқорлықтың және отансүйгіштіктің жарқын үлгісі болып қала береді.

Дайындаған: Ажар Алина

01 June, 2026
37

Қазіргі Қазақстан құрамасының үздік бес нокауты

Бокстағы дәл соққы жекпе жектің тағдырын шешіп, жанкүйерлер жадында ұзақ сақталатын оқиғаға айналады. Соңғы жылдары Қазақстан ұлттық құрамасының боксшылары халықаралық ареналарда жарқын жеңістерімен ғана емес, жойқын нокауттарымен де ерекшеленіп келеді.  

Бекзат Нұрдәулетов – Акмолжан Исраилов  

Болгарияда өткен Странджа кубогінде Бекзат Нұрдәулетов өзбекстандық Акмолжан Исраиловпен қолғап түйістірді. 86 келі салмақтағы кездесуде қазақстандық боксшы алғашқы секундтардан-ақ басымдық танытты. Ол бірінші раундтың 2 минут 44 секунды өткенде қарсыласын нокаутқа жіберіп, жекпе жекті мерзімінен бұрын аяқтады.  

Айбек Оралбай – Александр Окаров  

Венгрияның Дебрецен қаласында өткен Иштван Бочкай халықаралық турнирінде Айбек Оралбай өзінің соққы күшін тағы бір мәрте дәлелдеді. Германия өкілі Александр Окаровқа қарсы жекпе жекте ол толық үстемдік көрсетіп, бірінші раундтың 2 минут 41 секунды кезінде қарсыласын нокаутқа түсірді.  

Сабыржан Аққалықов – Джошуа Арон Кузин  

Ұлттық құрамадағы мықты техниканы көрсетіп жүрген боксшылардың бірі - Сабыржан Аққалықов. Ол 2025 жылы Джошуа Арон Кузинге қарсы 75 келідегі жекпе жекте екінші раундтың 2:19 минутында қарсыласын нокаутқа жіберді. Қазақстан боксшысының ауыр соққысынан кейін Джошуаға өз-өзіне келу қиынға соқты.  

Махмұд Сабырхан – Башким Баджоку  

2025 жылғы Ливерпульдегі әлем чемпионатында Махмұд Сабырхан Косово боксшысы Башким Баджокумен жұдырықтасты. Қазақстандық спортшы қарсыласын бар болғаны 30 секунд ішінде нокаутқа түсіріп, турнирдің ең жарқын сәттерінің бірін сыйлады. Кейін Лондондағы «Boxing News» басылымы бұл соққыны әлем чемпионатының «Ең үздік соққысы» деп атады.

Оразбек Асылқұлов – Мукело Дламини

Оразбек Асылқұлов Эсватини өкілі Мукело Дламиниге қарсы шаршы алаңға шықты. Қазақстан боксшысы кездесудің небәрі 21 секундында қарсыласын нокаутқа жіберіп, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Бұл нокаут біріншіліктегі ең жылдам жеңістердің бірі ретінде есте қалды. Қазақстан ұлттық құрамасының бұл нокауттары боксшылардың жоғары деңгейдегі дайындығын, соққы күшін және халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін айқын көрсетеді.  

Дайындаған: Жанерке Есманова

01 June, 2026
64

U19 жастар бокс құрамасы Мажарстандағы жарыста 15 жүлде жеңіп алды

Бақыт Сәрсекбаевтың жетекшілігімен Қазақстанның U19 жастар бокс құрамасы Мажарстанның Эгер қаласында өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы халықаралық «Мемориал Иштван Борнемисса» турнирінде табысты өнер көрсетті.

World Boxing ұйымының аясында өткен додаға 24 елден, соның ішінде Өзбекстан, Украина, АҚШ, Франция, Үндістан және басқа да мемлекеттерден 500-ден астам спортшы қатысты. Қазақстан бұл жарыста 18 боксшымен сынға түсіп, 6 алтын, 6 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.

Алтын жүлдегерлер:

50 кг – Әділ Асқанбай

55 кг – Бексұлтан Қожамжар

65 кг – Ақжүрек Қалабай

80 кг – Тимур Тайбеков

85 кг – Руслан Ахметов

90 кг – Жалғас Утебеков

Күміс жүлдегерлер:

55 кг – Айдос Усенов

70 кг – Оразалы Көбей

75 кг – Санжар Матасов

85 кг – Ерубай Тұрлыбай

90 кг – Нұрсұлтан Қыстаубай

+90 кг – Еркетан Жарқынбек

Қола жүлдегерлер:

55 кг – Едіге Нұрқожа

70 кг – Бейбарыс Әшірбай

+90 кг – Әбілмансұр Бақыт

31 May, 2026
33

12 боксшымыз Мажарстандағы турнирдің финалына шықты

Қазақстанның U-19 жастар бокс құрамасының аға жаттықтырушысы Бақыт Сәрсекбаевтың жетекшілігімен Мажарстанның Эгер қаласында өтіп жатқан жастар мен жасөспірімдер арасындағы халықаралық «Мемориал Иштван Борнемисса» турниріне қатысып жатыр.

Жарысқа Өзбекстан, Черногория, Италия, Әзербайжан, Германия, Балтық және Балқан елдері, сондай-ақ жарыс иелері – Мажарстан спортшылары қатысып жатыр. Жалпы қатысушылар саны 24-тен астам елден келген 500-ден астам боксшыны құрайды. Қазақстан бұл турнирде 18 боксшымен қатысуда, олардың 12-сі финалға шықты. Ал 3 спортшы қола жүлдеге ие болды. World Boxing халықаралық федерациясының аясында өтетін турнир 25 мамырда басталған, ал финалдық жекпе-жектер мен жабылу рәсімі ертеңге жоспарланған.

30 May, 2026
7

Сағадат Нұрмағамбетовтың турнирінде кімдер жеңіске жетті?

Алматы қаласында Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры және Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың құрметіне арналған XXIX халықаралық бокс турнирі мәресіне жетті.

Финалдық жекпе-жектердің нәтижелері:

50 келі

Нұрсұлтан Нуриденовтің (БҚО) жекпе-жекке шықпауына байланысты жеңіс Ернар Қарапқа (Абай обл) берілді.

55 келі

Сәкен Бибосынов (ЦСКА) - Кенже Мұратұлы (Алматы обл) - 4:1

60 келі

Асылжан Серікбай (Шымкент қ) - Талғат Сырымбетов (ЦСКА) - 5:0

65 келі

Абзал Серік (Шымкент қ) - Нұрислам Қалдыбай (Түркістан обл) - 4:1

70 келі

Елнұр Сүйінбай (Жамбыл обл) - Дархан Дүйсебай (ЦСКА) - 4:1

75 келі

Еркебұлан Шайкенов (Жетісу обл) - Нұрбол Мұхаметәли (ЦСКА) - 4:1

80 келі

Нұрқанат Райыс (Маңғыстау обл) - Игорь Соловев (Ақтөбе обл) - 4:1

85 келі

Бекнұр Батырбек (ЦСКА) - Ислам Бетаев (Астана қ) - 5:0

90 келі

Нұржан Думан (Қарағанды обл) - Мухаммадризо Алижонов (Өзбекстан) - 4:1

+90 келі

Мадияр Саидрахимов (Өзбекстан) - Бекболат Әбдікерім (Түркістан обл) - 4:1
 

29 May, 2026
17

Сағадат Нұрмағамбетов турнирінің жартылай финалы қалай өтті

Алматы қаласында Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры және Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың құрметіне арналған XXIX халықаралық бокс турнирі жалғасып жатыр.

Ең жеңіл 50 келіде Абай облысының өкілі Ернар Қарап өзінің чемпиондыққа үміткер екендігін дәлелдеп келеді. Ол жартылай финалда бір бас жоғары өнер көрсетіп, Ербол Абдреимовты (Жамбыл обл) 5:0 есебімен жеңді.

55 келіде атақты Сәкен Бибосынов та айтарлықтай қиындыққа тап болмай, Қарағанды облысының боксшысы Нұрислам Бекеннен төрешілердің бірауыз шешімімен басым түсті.

60 келіде Асылжан Серікбай тағы да бір алтынға үміткер Жандос Қыдырәлиеті жарыстан шығарды. Есеп: 3:2.

65 келіде алдын ала болжағандай, U22 санатында 2 дүркін Азия чемпионы Нұрислам Қалдыбаев пен 3 жылдық үзілістен кейін спорт жолына оралған Абзал Серік ақтық сынға жолдама алды.

70 келіде Елнұр Сүйінбай қарсылас шыдатпай, финалға емін-еркін жетті. Оны Жетісу облысының мықтысы Дархан Дүйсебай күтіп тұр.

80 келіде Нұрқанат Райыс та финалға дейін жетті. 

Аса ауыр салмақта Өзбекстанның этникалық қазағы Мадияр Саидрахимов қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, чемпиондыққа таласуға мүмкіндік алды.


Айта кетейік, жарыс жеңімпаздары 29 мамырда белгілі болады.

28 May, 2026
20