Қазіргі Қазақстан құрамасының үздік бес нокауты
Бокстағы дәл соққы жекпе жектің тағдырын шешіп, жанкүйерлер жадында ұзақ сақталатын оқиғаға айналады. Соңғы жылдары Қазақстан ұлттық құрамасының боксшылары халықаралық ареналарда жарқын жеңістерімен ғана емес, жойқын нокауттарымен де ерекшеленіп келеді.
Бекзат Нұрдәулетов – Акмолжан Исраилов
Болгарияда өткен Странджа кубогінде Бекзат Нұрдәулетов өзбекстандық Акмолжан Исраиловпен қолғап түйістірді. 86 келі салмақтағы кездесуде қазақстандық боксшы алғашқы секундтардан-ақ басымдық танытты. Ол бірінші раундтың 2 минут 44 секунды өткенде қарсыласын нокаутқа жіберіп, жекпе жекті мерзімінен бұрын аяқтады.
Айбек Оралбай – Александр Окаров
Венгрияның Дебрецен қаласында өткен Иштван Бочкай халықаралық турнирінде Айбек Оралбай өзінің соққы күшін тағы бір мәрте дәлелдеді. Германия өкілі Александр Окаровқа қарсы жекпе жекте ол толық үстемдік көрсетіп, бірінші раундтың 2 минут 41 секунды кезінде қарсыласын нокаутқа түсірді.
Сабыржан Аққалықов – Джошуа Арон Кузин
Ұлттық құрамадағы мықты техниканы көрсетіп жүрген боксшылардың бірі - Сабыржан Аққалықов. Ол 2025 жылы Джошуа Арон Кузинге қарсы 75 келідегі жекпе жекте екінші раундтың 2:19 минутында қарсыласын нокаутқа жіберді. Қазақстан боксшысының ауыр соққысынан кейін Джошуаға өз-өзіне келу қиынға соқты.
Махмұд Сабырхан – Башким Баджоку
2025 жылғы Ливерпульдегі әлем чемпионатында Махмұд Сабырхан Косово боксшысы Башким Баджокумен жұдырықтасты. Қазақстандық спортшы қарсыласын бар болғаны 30 секунд ішінде нокаутқа түсіріп, турнирдің ең жарқын сәттерінің бірін сыйлады. Кейін Лондондағы «Boxing News» басылымы бұл соққыны әлем чемпионатының «Ең үздік соққысы» деп атады.
Оразбек Асылқұлов – Мукело Дламини
Оразбек Асылқұлов Эсватини өкілі Мукело Дламиниге қарсы шаршы алаңға шықты. Қазақстан боксшысы кездесудің небәрі 21 секундында қарсыласын нокаутқа жіберіп, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Бұл нокаут біріншіліктегі ең жылдам жеңістердің бірі ретінде есте қалды. Қазақстан ұлттық құрамасының бұл нокауттары боксшылардың жоғары деңгейдегі дайындығын, соққы күшін және халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін айқын көрсетеді.
Дайындаған: Жанерке Есманова













