U15 санатындағы боксшыларымыз Азия чемпионатында ТОП-3-ке енді

Ташкент қаласында өтіп жатқан бокстан U-15 жас санатындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға тұрақтады.
Құрлық біріншілігінің қорытындысы бойынша, қазақстандық боксшылар 24 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 7 алтын, 8 күміс және 9 қола жүлде бар. Медальдар кестесінде Өзбекстан құрамасы көш бастады. Жарыс иелері 13 алтын, 8 күміс және 6 қола медаль иеленді. Екінші орынға Үндістан құрамасы жайғасты.
Қазақстанның ұлдар құрамасы турнирді 10 медальмен аяқтады. Команда қоржынына 5 алтын, 3 күміс және 2 қола жүлде түсті.
Азия чемпионы атанғандар қатарында Бейбарыс Қойшыбай (43 келі), Нұрислам Бактубаев (55 келі), Рауан Тоғызбай (61 келі), Аманжан Жанай (67 келі) және Аян Бауыржан (70 келі) бар. Финалдық жекпе-жектерде қазақстандық спортшылар Үндістан мен Өзбекстан өкілдерін жеңіп шықты.
Күміс жүлдені Саят Рахымберді (33 келі), Жақсылық Ермекұлы (35 келі) және Айбын Мәжит (+70 келі) иеленді.
Қыздар құрамасы да жоғары нәтиже көрсетіп, 2 алтын, 5 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды. Самал Төлепберген (52 келі) мен Нұргүл Сахи (67 келі) өз салмақ дәрежелерінде Азия чемпионы атанды.
Сондай-ақ Нұржанат Бекназар, Сабрина Адилханова, Аруна Шалман, Айару Файзуллаева және Көркем Ғалым күміс жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, Ташкенттегі Азия чемпионаты U-15 және U-17 жас санаттары бойынша өтіп жатыр. Турнир 15 мамырда аяқталады.













