Айбек Оралбай: босаңсуға әлі ерте

Қазақстан ерлер құрамасының капитаны, жуырда Моңғолияда өткен Азия чемпионатында аса ауыр салмақта алтын медаль жеңіп алған Айбек Оралбай өз өнеріне баға беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Сіздер үнемі ірі жарыстарға бірге барып жүрсеңіздер де, Моңғолияда ғана екеуіңіз чемпион атана алдыңыздар. Осы сәтті қалай қабылдадыңыздар? Жасөспірім кездеріңізде де бірге чемпион болған сәттеріңіз көп болып па еді?
Иә, Азия чемпионатында бір үйден чемпион атанып жатқан жайымыз бар. Бұған дейін 10-15 турнирде бірге топ жарған едік. Алайда ересектер арасындағы ірі жарыстар бірінші рет осындай жағдай тіркеліп отыр. Қуаныштымыз. Бұйырса, күзде өтетін жазғы Азия ойындары, 2027 жылы Астана төрінде, 2028 жылы Лос-Анджелес Олимпиадасында да осы жетістіктерімізді жалғастырсақ деген сенімдеміз.
Әуел бастан сіз аса ауыр салмақта Азия чемпионатының басты фавориты саналдыңыз. Жарысқа фаворит ретінде бару сізді босаңсытпай ма? Азия чемпионатындағы жекпе-жектерге көңіліңіз қаншалықты толады?
Әлем чемпионы және 2 дүркін Азия чемпионы ретінде барған соң, міндетті түрде фаворит ретінде саналдым. Бұның артықшылығы – өз-өзіңе деген сенімділігің болады. Бірақ еш босаңсуға болмайды. Өйткені қарсыластар атағы бар боксшылармен барын салып жұдырықтасып, сенсация жасауға тырысады. Басқа салмақтарда да айқын фавориттердің жеңілгенін көрдік. Оның үстіне аса ауыр салмақта күтпеген бір соққы жекпе-жектің тағдырын шешіп кету ықтималдығы жоғары.
Бас бапкер Нұржан Насанов өз сұхбатында Нұрбек пен Айбек толықтай бабында болмады деді. Сіз де өзіңізді сары құрлық додасына 100% бабында болмадым деп ойлайсыз ба?
Иә, біз бас бапкер Нұржан Насановқа физикалық дайындығымыздың толықтай 100% болмағанын алдын ала ескерттік. Шамамен 60-70 пайыз шамасында өз әлеуетімізді көрсеттік деп ойлаймыз. Бұйырса, қыркүйек айындағы жазғы Азия ойындарына сақадай cай боламыз. Өздеріңіз білетіндей, спортшы бір жылда 1-2 мәрте ғана дайындығының шыңына жетеді.
2025 жылы әлем чемпионаты және 2026 жылы Азия чемпионатында да сіздің жекпе-жегіңіз жалпы есептегі бірінші орынның тағдырын анықтады. Бірақ сізге бұл фактор қатты әсер етпеген секілді?
Әлем чемпионатында Өзбекстанмен боксшысымен өткен айқас жалпы есептегі бірінші орынның тағдырын шешті. Геннадий Головкин де өзінің ағалық кеңесін айтып, қолдауын танытқан еді. Нәтижесінде соңғы секундқа дейін жеңіс үшін аянып қалмай, еліміздің абыройын асқақтаттым. Сондай-ақ мен ерлер құрамасының капитаны ретінде әлем чемпионаты мен Азия чемпионатының шешуші жекпе-жектерінде жеңісім өзге жігіттерге психологиялық басымдық береді деп ойлаймын.
Бас бапкер Нұржан Насанов үшін өткен Азия чемпионаты үлкен сынақ болғаны түсінікті. Тіпті ол кісі түнімен қарсыластардың жекпе-жектерін көріп, зерттедім деді. Сіздерге ол кісінің ақыл-кеңестері қаншалықты көмегін тигізді?
Нұржан ағамыз Азия чемпионатына бірінші рет келіп жатқан жоқ. Бірақ бас бапкер ретінде жауапкершілігі үлкен екенін білеміз. Күнделікті ағайымызбен қарсыластарымызды талқылап, зерттедік. Боксшы ретінде біз оған, бапкер ретінде ол кісі әр жекпе-жектегі жайттарды айтып отырды. Бірге атқарылған жұмыс өз жемісін берді. Нұржан ағамызға алғысымыз шексіз.
Азия чемпионаты, әлем кубоктары алдағы Азия ойындарына дайындық ретінде саналатындығы түсінікті. Осы орайда сіздің басты қарсыластарыңыздың бірі - Жахонгир Зокировтың АҚШ-та дайындалып жүргенін көрдік. Сіздер 3 мәрте кездесіп үлгердіңіздер ғой. Оның қарқыны артып жатқаны сезіле ме? Жапонияда одан да басқа қауіпті қарсыластар бар ма?
2026 жылдағы басты мақсатымыз – жазғы Азия ойындары. Бұйырса, жазда біз де АҚШ-қа жаттығуға барамыз. Жахонгирден бөлек те, басқа елдердің боксшылары осал емес. Ешкімді бөліп жармаймын. Ең бастысы, өзім толықтай бабымда болуға барымды саламын.
Сіз аса ауыр салмақта қаншалықты бейімделіп үлгердіңіз? Өзіңіздің салмағыңызды таптыңыз ба? Ел ішіндегі сізге лайықты спарринг қарсыластар табыла ма?
Аса ауыр салмаққа ауысқаныма бір жылдан астам уақыт өтті. Әлі де бір-екі қателіктеріміз бар. Жарысқа шығатын салмағымызды анықтадық. Сол салмағымды ұстауға тырысамын. Ел ішінде де лайықты спарринг қарсыластар бар. Қазір Қазақстанда, шетелде де біріккен оқу-жаттығу жиындарында тәжірибе алмасып, өзімнің дайындығымды одан әрі жетілдіріп жатырмын. Мысалы, Азия чемпионатының алдында «Алматау» спорт базасында Германия боксшысымен спарринг өткіздік. Азия ойындарына дейін тағы бірнеше шетелдік боксшылармен дайындалу жоспарымызда бар.
Оқу-жаттығу жиыны мен жарыстарда ағайынды Оралбайлар мен ағайынды Сабырхандар үнемі бірге жүреді. Махмұд пен Төрехан ұлттық құрамадағы ең жақын достарыңыз деп санауға бола ма?
Махмұдпен бірге 2018 жылдан бері бірге келе жатырмыз. Жастар арасында жаттықтық. Ересектер сапына бірге өттік. Төреханға туған ініміздей қарап, жастар құрамасында жүргенде ақыл-кеңестерімізді айтып жүретінбіз. Сол кездері Махмұд өз інісінің ересектер сапына қосылғанын күтіп жүретін еді. Міне сол күнге де жеттік. Ағайындылар ретінде де бір-бірімізге қолдауымызды аямаймыз. Алдағы уақытта төртеуіміз тарихи жеңістерді тіркейміз деген сенімдеміз. Өздеріңіз куә болғандай, 2025 жылы Ливерпульде ағайынды Сабырхандар әлем чемпионы атанып, ерекше жетістікті тіркеген болатын. Ұлттық құрамадағы басқа жігіттермен де қарым-қатынастарымыз жақсы. Ешкімді бөліп-жармаймыз.
Енді мамыр айында Өзбекстанда бірлескен оқу-жаттығу жиыны өтеді деп естідік. Оған дейін толық қалпыңызға келіп үлгере аласыз ба?
Мамыр айына дейін құрамаға кішігірім демалыс берілді. Қазіргі сәтте отбасыммен біргемін. Одан кейін Өзбекстанға аттанамыз. Әлем кубогы да бар. Әлі босаңсуға ерте. Себебі, алда жазғы Азия ойындары бар.












