Үш боксшымыз әлем кубогының келесі кезеңіне өтті

World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан әлем кубогының бірінші күнінде бес отандасымыз өнер көрсетті.
Дүбірлі додада 3 дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Түркия өкілі Айсен Таскинмен жолығып, 4:1 есебімен басым түсті.
Одан кейін 1/8 финалда Дәулет Төлемісов бразилиялық Фильо Исайаспен қолғап түйістірді. Отандасымыз бірінші нөмірде жұдырықтасып, басымдықты алуға тырысса да, қарсылас қарымта шабуылда жылдам әрі дәл соққыларымен жеңісті өз еншісіне жазды. Қорытынды есеп: 0:5.
Сондай-ақ Жансері Көшербаев (60 келі) ирландиялық Джуд Галлахерге есе жіберіп, 1/16 финалдан аса алған жоқ.
Кешкі сессияда Фарух Тоқтасынов (70 келі) әлем кубогын сенімді бастады. Ол ирландиялық Джон МакКоннелді 3:2 есебімен жеңді. Енді ол 22 сәуірде 1/8 финалда былтырғы әлем чемпионатының финалисі, жапониялық Севон Оказавамен жұдырықтасады.
Сондай-ақ ел құрамасынан Диас Молжігітов (80 келі) Жапония боксшысы Кай Ториабені еш қиындықсыз қапы қалдырды. Жекпе-жек екінші раундта тоқтатылды. Отандасымыз 22 сәуірде 1/8 финалда аустралиялық Марлон Севехонмен шаршы алаңға шығады.
Беделді бәсеке Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында 20-26 сәуір аралығында өткізіледі.












