WE ARE ON SOCIAL MEDIA

Бақыт Сәрсекбаев жетекшілігімен Қазақстан жастар құрамасы Ыстықкөлде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр

U19 командасы алдағы үлкен додаларға жан-жақты дайындық жүргізіп, күш пен техникасын арттыру мақсатында ауқымды жұмыс атқарылып келеді.

Естеріңізге сала кетсек, биыл бұл жас дәрежесінде WORLD BOXING аясында Азия чемпионаты да, әлем чемпионаты да ұйымдастырылады. Құрлықтық сайыс 3-16 шілде Джакарта (Индонезия), ал дүниежүзілік дода 14-27 қазан Будваға (Монтенегро) жоспарланған.

Сонымен қатар, биыл жастар арасындағы Олимпиада Ойындары да өтпек. Кешенді жарыс 31 қазан мен 13 қараша аралығында Дакарда (Сенегал) ұйымдастырылады.

18 April, 2026
13

Атырауда Болат Теміровты еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді

20-25 сәуір аралығында бокстан халықаралық дәрежедегі КСРО спорт шебері және КСРО-ның бес дүркін чемпионы Болат Теміровты еске алуға арналған U23 санатындағы III халықаралық турнир ұйымдастырылады.

Жарысқа жастар арасында әлем чемпионатының жүлдегерлері Бексұлтан Боранбек, Өнер Сейілхан және Азия чемпионы Темірлан Мұқатаев және т.б еліміздің бірқатар боксшылары қатысады.

Жас спортшыларымыз үшін алдағы турнир жазда өтетін U23 Азия чемпионатына дайындық ретінде есептеледі.

17 April, 2026
17

4 әлем чемпионы, жаңа салмақтағы сынақ: Бразилиядағы әлем кубогына шолу

2026 жылғы алғашқы әлем бокс кубогының кезеңінеҚазақстан құрамасынан 16 боксшы қатысады. Жарыс 2026 жылдың 20–26 сәуірі аралығында Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өтеді.

Жарысқа 50-ден астам елден 400-ге жуық боксшы қатысады деп күтілуде. Еліміздің атынан Нұржан Насанов баптайтын ерлер құрамасынан боксшы және Елдос Сайдалин жетекшілік ететін әйелдер құрамасынан боксшы жүлдеге таласады.

Бразилия өз тарихында екінші мәрте әлем кубогының кезеңін ұйымдастыруға мүмкіндік алды. 2025 жылы жерлестеріміз 3 алтын, 3 қола жүлде иеленген еді. Олардың арасынан Нұрсұлтан Алтынбек (55 келі), Дәулет Төлемісов (85 келі) және Жазира Орақбаева (51 келі) чемпион атанды.

Биылғы жарысқа төмендегідей боксшылар қатысады:

Ерлер.

50 келі. Даниял Сәбит (дебют)

55 келі. Бағлан Кенжебек (дебют)

60 келі. Жансері Көшербаев (дебют)

65 келі. Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (дебют)

70 келі. Фарух Тоқтасынов (дебют)

75 келі. Санжарәли Бегалиев 

80 келі. Диас Молжігітов (Бразилиядағы әлем кубогының қола жүлдегері)

85 келі. Сұлтанбек Айбарұлы (Үндістандағы әлем кубогының жеңімпазы)

90 келі. Дәулет Төлемісов (Бразилиядағы әлем кубогының жеңімпазы)

Былтырғы Бразилияға барған құраммен салыстырсақ, тек Диас Молжігітов (80 келі) мен Дәулет Төлемісов (90 келі) сақталған. Құрамадағы басты ерекшеліктің бірі – жастар арасында әлем чемпионы Санжарәли Бегалиев пен Мұхаммедсабыр Базарбайұлының төменгі салмаққа ауысқанын айтуға болады. 60 келіде Жансерік Көшербаев та ересектер арасында өзін алғаш рет көрсетуге мүмкіндік алмақ. «Странджа» турнирінде жақсы қырынан көрінген Бағлан Кенжебекке (55 келі) әлем кубогында тағы сенім артылмақ.

Әйелдер 

51 келі. Алуа Балқыбекова (Астанадағы әлем кубогының күміс жүлдегері)

54 келі. Назым Қызайбай (Астанадағы әлем кубогының жеңімпазы)

60 келі. Виктория Графеева (Астанадағы әлем кубогының жеңімпазы)

 

65 келі. Аида Әбікеева (Астанадағы әлем кубогының қола жүлдегері)

70 келі. Наталья Богданова (Астанадағы әлем кубогының жеңімпазы)

80 келі. Жібек Жарасқызы (дебют)

+80 келі. Валерия Аксенова (дебют)

2025 жылғы Ливерпульдегі жетістіктерімізден кейін аруларымыздың көпшілігі енді ғана ресми жарысқа оралмақ. Бұл тізімде 4 бірдей (Алуа Балқыбекова, Назым Қызайбай, Аида Әбікеева, Наталья Богданова) әлем чемпионы бар.

 

16 April, 2026
31

Оразбек Асылқұлов: Азия чемпионы болсам да, еш босаңсуға болмайды

Кейінгі бір жылдың ішінде ұлттық құрамада жарқырап көзге түскен боксшылардың бірі – Оразбек Асылқұлов. Әлем және Азия чемпионы атанған спортшы бізбен сұхбатында мансабы, жеңістері мен алдағы жоспарлары жайлы ой бөлісті.

Сіз Азия чемпионатында өзіңізге жаңа салмақ саналатын 60 келіде топ жардыңыз ғой. Осы орайда эмоцияңызбен бөліссеңіз?

  • Моңғолиядағы сары құрлық додасында жоғары мақсатты көздедім. Ең бастысы, Қазақстан ішінде 60 келіде нөмір бірінші боксшы екендігімді дәлелдеуге тырыстым. Солай болды деп ойлаймын. Өзім 2009 жылдан бері өмірімді боксқа арнап, Олимпиада, Әлем, Азия чемпионаттарын жеңуді жоспарладым. Ақырындап жоспарларым орындалып келеді. 17 жыл деген үлкен спортта ұзақ мерзім. 28 жас деген бокста «кеш» саналады. Көпшілігі сынаққа төзбей, спортты тастап кеткендері де қаншама. Сондықтан өзіме разымын және жеңіске әлі «ашпын».

Өзіңізді дәлелдедіңіз деп ойлаймын. Жарыс барысы қалай өтті? Қай жекпе-жек қиынға соқты?

  • Негізі ширек финалда Ливерпульдегі әлем чемпионатының қола жүлдегері Шунсуке Китамотомен (Жапония) қиын айқасты күткен едім. Бірақ ол бірінші айналымда Азия чемпионы Акмал Убаидовпен өткен жекпе-жекте қабағынан жарақат алып, рингке шыға алмады. Финалда да Үндістан спортшысы Сачин Сачинмен жұдырықтасу оңай болмады. Өздеріңіз көргендей, 1-раундтан кейін 0:5 есебімен жеңіліп жатып, соңында 3:2 есебімен басым түстім. Оның үстіне менің кездесуім жалпы есепте Қазақстан немесе Үндістанның бірінші орын алуына тікелей әсер етті.

Сіз финалда бірінші раундтан соң, 0:5 есебімен есе жіберіп жаттыңыз ғой. Сол сәтте көп боксшылар эмоцияға ерік беріп, бастапқы тактикасынан жаңылып жатады. Сіздің салқынқанды жұдырықтасуыңызға не әсер етті?

  • Бас бапкер Нұржан Насанов үзілісте еш қобалжымай, салқынқанды айқаса беруімді талап етті. Сол кісінің ақыл-кеңесі жақсы көмектесті. Бәлкім, егер ұтылып жатсың, асығу керек деп айтса, жеңіс бұйырмаушы ма еді.

Басқа боксшылармен салыстырар болсақ, сіздің жасыңыз құрамадағы көпшілігінен үлкен ғой. 28 жасқа келіп, тәжірибеңіз артып, енді пісіп жатқандайсыз?

  • 2024 жылы Таиландтағы Азия чемпионатының финалына дейін жеттім. 2025 жылы әлем чемпионы атандым. Сол кездегі тәжірибем Моңғолияда жеңіске жетуге септігін тигізді.

Бұған дейінгі жетістіктеріңіз 57 келіде тіркелді ғой. Алда осы 60 келіде қаласыз ба әлде 55 келіге түсесіз бе?

  • Таза салмағым – 62 келі. Осы салмақта болған өзіме ыңғайлы. Бірақ әлі салмақ қосуым керек. Жарыс барысында салмағым 59 келіге дейін түскен сәттер кездесті. Азия чемпионы болсам да, еш босаңсуға болмайды. Қазақстан ішінде де бәсекелестік жоғары. Серік Теміржанов, Бейбарыс Жексен және т.б мықты боксшылар жеткілікті. Өздеріңіз білетіндей, 60 келі Азия ойындары мен Лос-Анджелес Олимпиадасының бағдарламасына кіреді. Енді сол жарыстар мен 2027 жылы Астанада өтетін әлем чемпионатында көк туымызды желбіретуге барымды саламын.

Құрамада кіммен жақсы араласасыз? АҚШ-тан келген ағайынды Камачолардың жаттығуы сіздерге сезіле ме?

  • Ұлттық құрамада үнемі Сабыржан Аққалықовпен бірге жаттығып, бірге жүреміз. Әлем чемпионаты мен Азия чемпионатына барып, жеңіс тұғырына көтерілдік. Оның көзге түсетін қасиеті – көп еңбектенеді.

Ағайынды Камачолардың дайындығы ерекше. 1,5 жылдың ішінде физикалық және функционалдық жағынан оң өзгеріс сезіледі.

Енді отбасы жағына ауыссақ. Сіз жайлы көп ақпарат біле бермейміз.

  • Анам екеуміз бірге тұрамыз. Анам жұмыс істемейді. Отбасымда асыраушы – өзім. Әпкем тұрмысқа шыққан. баласы бар.

Анаңыз сіздің жекпе-жектеріңізді көре ме?

- Иә, көріп отырады. Алғаш рет теледидардан тамашалаған сәтте сен жақсы жұдырықтасады екенсің ғой деп таңғалған еді.

Сіз 11 жастан бері бокспен айналысып келемін дедіңіз. Бүгінгі Оразбектің қалыптасуына қандай әлемдік деңгейдегі боксшылар әсер етті?

  • 2 дүркін Олимпиада чемпионы Гильерме Ригондо (Кубамен Василий Ломаченконың (Украина) жекпе-жектерін көріп өстім. Отандық бокстан Серік Сәпиевтің аяқта жұмыс істеу стилі қатты ұнайтын. Сол секілді көптеген боксшылардың мықты тұстарын өзіме алуға тырыстым.

Сіз 2018 жылдан бері ұлттық құрамада келе жатырсыз ғой. Сол кезеңдерден бері бірнеше бас бапкер ауысты. Қандай ерекшеліктерін байқадыңыз?

  • Барлық бас бапкермен қарым-қатынасым жақсы болды. Мырзағали Айтжановтың тұсында Олимпиада чемпионы Абдумалик Халоковты жеңген болатынмын. Менен кейін оның жеңіс сериясы 33-ке дейін жалғасып, 2 әлем чемпионаты, жазғы Азия ойындары, Париж Олимпиадасында топ жарды. Тек Дубайдағы әлем чемпионатының финалында ғана төрешілердің даулы шешімімен қарсыласқа жол берді. Енді алда Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарында Абдумаликпен қайта кездесіп қалуымыз ықтимал. Қайрат Сәтжанов тұсында әлем чемпионы атандым. Нұржан Насановтың кезеңінде Азия чемпионатының «алтын» жүлдесін еншіледім.

Ақмола облысының тумасысыз ғой. Сізді Көкшетауда қаншалықты көшеде танып жатады?

  • Көкшетаудан қарағанда, Астана мен Шымкент қалаларында көп танып, амандасады. Салыстырмалы түрде бокс Ақмола облысында қатты танымал спорттардың қатарына кірмейді. Бірақ Руслан Мусинов, Теміртас Жүсіпов және т.б мықты спортшылар үнемі шығып тұрады.

Сұхбатыңызға рақмет!

 

15 April, 2026
26

Әйелдер құрамасы Бразилияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында халықаралық оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

8-20 сәуір аралығындағы дайындыққа Қазақстаннан бөлек, Түркия, Англия, Ирландия, Венесуэла, АҚШ, Бразилия елдері өзара тәжірибе алмасуда.

Ал 20-26 сәуір аралығында боксшылар дәл осы қаладағы World Boxing әлем кубогының алғашқы кезеңіне қатысады.

Қазақстан әйелдер командасының сапында Алуа Балқыбекова, Назым Қызайбай, Виктория Графеева, Аида Әбікеева, Наталья Богданова, Жібек Жарасқызы және Валерия Аксенова бар.

Құрамаға аға жаттықтырушы Марат Қырықбаев жауапты.

14 April, 2026
24

Жайна Шекербекова Финляндиядағы турнирде сенсация жасады

Қазақстан әйелдер құрамасы 8-12 сәуір аралығында Финляндияның Хельсинки қаласында өткен GeeBee халықаралық турнирінде үш медаль жеңіп алды.

Әлем чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері, 54 келідегі Жайна Шекербекова чемпион атанды. Оның жеребесі қиын болса да, алғашқы кезеңде әлем чемпионатының ширек финалисі Габриелла Вирхеймді (Нидерланд ), 1/4 финалда Ливерпульдегі әлем чемпионатының қола жүлдегері Сирин Чараабиді (Италия) жеңіп кетті. Ал жартылай финалда жарыс қожайыны Эмма Йокиахо және финалда АҚШ өкілі Джейшаннет Запатадан басым түсті.

1982 жылдан бері өткізіліп келе жатқан турнирде Данияр Елеусінов, Абылайхан Жүсіпов, Қайрат Ералиев сынды танымал боксшыларымыз топ жарғанымен, әйелдер арасында Жайна Шекербекова осы турнирді жеңген алғашқы отандық ару атанды.

Сондай-ақ 51 келідегі Анита Адишева көзге түсе білді. Ірі жарыстарда мүмкіндік алып жүрген отандасымыз турнир барысында Финляндия спортшысы Елса Нархи мен Мишель Никол Весковиниді (Италия) ұтты. Тек шешуші сында ол Франция боксшысы, Еуропа чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері Василя Лькадириге (Франция) жол берді.

Ал 70 келідегі Жасмин Кизатова жартылай финалға дейін жетіп, қола медаль иеленді.

Айта кетейік, GeeBee турниріне Бельгия, Дания, Финляндия, Франция, Германия, Италия, Нидерланд, Норвегия, Шотландия, Швеция, Швейцария, АҚШ және Уэльс елдерінен 100 спортшы қатысты.

12 April, 2026
18

Боксшыларымыз Азия чемпионатының жалпы есебінде топ жарды

Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өткен World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатында бокстан Қазақстан құрамасының медальдар кестесінде нешінші орын алғаны белгілі болды. 

Отандастарымыз құрлықтық додада 6 алтын, 2 күміс, 5 қола медаль алды. Нәтижесінде медальдар кестесінде көш басына шықты.

2026 жылғы Азия чемпионатының медальдар кестесі

1. Қазақстан - 6-2-5
2. Үндістан - 5-3-8
3. Өзбекстан - 3-4-4
4. Қытай - 2-1-5
5. Жапония - 1-1-2
5. Кытайлық Тайбэй — 1-1-2
5. Таиланд - 1-1-2
6. Иордания - 1-1-1
7. Солтүстік Корея - 0-3-0
8. Моңғолия - 0-2-3
9. Тәжікстан - 0-1-2
10. Оңтүстік Корея - 0-0-1
10. Түрікменстан - 0-0-1
10. Филиппин - 0-0-1.

Азия чемпионатында Оразбек Асылқұлов (60 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрбек Оралбай (85 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары), Надежда Рябец (80 келі), Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) жеңіс тұғырына көтерілсе, Төрехан Сабырхан (70 келі) мен Бақыт Сейдіш (70 келі) күміс, Махмұд Сабырхан (55 келі), Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі), Әйгерім Сәттібаева (48 келі), Валентина Хальзова (70 келі) үздік үштікті түйіндеді.

10 April, 2026
17

Боксшы аруларымыз Азия чемпионатында бес медаль еншіледі

Отандастарымыз құрлықтық додада 2 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлдеге қол жеткізді.

Беделді бәсекеде Надежда Рябец (80 келі), Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) Азия чемпионы атанса, Бақыт Сейдіш (70 келі) күміс жүлдегер болды.

Сондай-ақ Әйгерім Сәттібаева (48 келі), Валентина Хальзова (70 келі) үздік үштікті түйіндеді.

Еліміздің әйелдер құрамасы медальдар саны жөнінен екінші орынға тұрақтады. Көш басында тұрған Үндістанның 4 алтын, 2 күміс, 4 қола медалі бар.

Медальдар кестесі

1. Үндістан - 4 алтын, 2 күміс, 4 қола

2. Қазақстан - 2-1-2

3. Қытай - 2-0-3

4. Қытайлық Тайбэй — 1-1-2

5. Таиланд - 1-0-1

6. Солтүстік Корея - 0-3-0

7. Өзбекстан - 0-2-3

8. Моңғолия - 0-1-1

9. Оңтүстік Корея - 0-0-1

9. Тәжікстан - 0-0-1.

Құрлықтық додада енді 10 сәуірде ерлер құрамасынан бес боксшымыз алтын медальды сарапқа салады. Олардың қатарында Оразбек Асылқұлов (60 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрбек Оралбай (85 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) бар.

09 April, 2026
19

Сегіз отандасымыз Азия чемпионы атағын сарапқа салады

Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатында қай елден қанша боксшы финалға шыққаны белгілі болды.

Құрлықтық додада қазақстандық 8 боксшы алтын медальға таласатын болды. Бұл жөнінен ел құрамасы жалпы есепте Үндістанмен алғашқы екі орынды өзара бөлісіп тұр.

Сондай-ақ Азия чемпионатында Өзбекстан - 7, Солтүстік Корея мен Қытай -3, Тайпей, Моңғолия, Таиланд, Иордания, Жапония -2, Тәжікстан -1 үздігіне үміт артады.

Құрлықтық додада енді еліміздің атынан ерлерде Оразбек Асылқұлов (60 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрбек Оралбай (85 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) финалда сынға түссе, әйелдерде Бақыт Сейдіш (70 келі), Надежда Рябец (80 келі), Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады.

Азия чемпионатының финалы 9-10 сәуір күндеріне белгіленген.

07 April, 2026
20

Төрт боксшымыз финалдың жолдамасын иеленді

Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионатының жартылай финал жекпе-жектерінің жартысы өтті.

Нәтижесінде Ұлттық құраманың 4 спортшысы ақтық сынға өтті. Күндізгі сессияда Бақыт Сейдіш (-70 кг) Қытай өкілі Алимир Абудуреймді айқын басымдықпен жеңді. Сосын -80 кг салмақтағы Надежда Рябец әлем чемпионатының қола жүлдегері Пужа Ранимен (Үндістан) жекпе-жекте басым түсті.

Ал кешкі сессияда +80 кг салмақта бақ сынайтын отандасымыз Дина Исламбекова өзбек боксшысы Олтиной Сотимбоеваның, әлем чемпионы Төрехан Сабырхан (-70 кг) қытайлық Пейчен Уанның осал тұсын тапты.

Сондай-ақ бүгін шаршы алаңға шыққан Валентина Хальзова (-75 кг), Махмұд Сабырхан (-55 кг) мен Ертуған Зейнулинов (-65 кг) қарсыласқа жол беріп, қола жүлдегер атанды.

Ертең тағы жартылай финалдар өтеді. Қазақстан командасы сапынан Айгерім Сәттібаева (-48 кг), Оразбек Асылқұлов (-60 кг), Сабыржан Аққалықов (-75 кг), Нұрбек Оралбай (-85 кг), Сағындық Тоғамбай (-90 кг), Айбек Оралбай (+90 кг) күш сынасады.

Азия чемпионатын Qazsport тікелей эфирде тек телеарнадан көрсетеді.

06 April, 2026
26

Азия чемпионатында 13 боксшымыз жартылай финалға өтті

Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатында қазақстандық 13 боксшы жартылай финалға жолдама алды.

Ерлер құрамасынан Махмуд Сабырхан (55 келі), Оразбек Асылқұлов (60 келі), Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрбек Оралбай (85 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) енді финал жолдамасын сарапқа салады.

Ерлер құрамасынан Санжар Тәшкенбай (50 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі) жарыс жолын ширек финалда аяқтауға мәжбүр болды. 

Ал әйелдер құрамасында Айгерім Сәттібаева (48 келі), Бақыт Сейдіш (70 келі), Валентина Хальзова (75 келі), Надежда Рябец (80 келі), Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) жартылай финалда шаршы алаңға шығады.

Олардың қатарынан Лаура Есенкелді (65 келі), Жазира Орақбаева (51 келі, Элина Базарова (54 келі), Римма Волосенко (60 келі) жарыс жолынан шығып қалды.

05 April, 2026
19