WE ARE ON SOCIAL MEDIA

Боксшыларымыз Азия чемпионатының жалпы есебінде топ жарды

Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өткен World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатында бокстан Қазақстан құрамасының медальдар кестесінде нешінші орын алғаны белгілі болды. 

Отандастарымыз құрлықтық додада 6 алтын, 2 күміс, 5 қола медаль алды. Нәтижесінде медальдар кестесінде көш басына шықты.

2026 жылғы Азия чемпионатының медальдар кестесі

1. Қазақстан - 6-2-5
2. Үндістан - 5-3-8
3. Өзбекстан - 3-4-4
4. Қытай - 2-1-5
5. Жапония - 1-1-2
5. Кытайлық Тайбэй — 1-1-2
5. Таиланд - 1-1-2
6. Иордания - 1-1-1
7. Солтүстік Корея - 0-3-0
8. Моңғолия - 0-2-3
9. Тәжікстан - 0-1-2
10. Оңтүстік Корея - 0-0-1
10. Түрікменстан - 0-0-1
10. Филиппин - 0-0-1.

Азия чемпионатында Оразбек Асылқұлов (60 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрбек Оралбай (85 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары), Надежда Рябец (80 келі), Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) жеңіс тұғырына көтерілсе, Төрехан Сабырхан (70 келі) мен Бақыт Сейдіш (70 келі) күміс, Махмұд Сабырхан (55 келі), Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі), Әйгерім Сәттібаева (48 келі), Валентина Хальзова (70 келі) үздік үштікті түйіндеді.

10 April, 2026
17

Боксшы аруларымыз Азия чемпионатында бес медаль еншіледі

Отандастарымыз құрлықтық додада 2 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлдеге қол жеткізді.

Беделді бәсекеде Надежда Рябец (80 келі), Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) Азия чемпионы атанса, Бақыт Сейдіш (70 келі) күміс жүлдегер болды.

Сондай-ақ Әйгерім Сәттібаева (48 келі), Валентина Хальзова (70 келі) үздік үштікті түйіндеді.

Еліміздің әйелдер құрамасы медальдар саны жөнінен екінші орынға тұрақтады. Көш басында тұрған Үндістанның 4 алтын, 2 күміс, 4 қола медалі бар.

Медальдар кестесі

1. Үндістан - 4 алтын, 2 күміс, 4 қола

2. Қазақстан - 2-1-2

3. Қытай - 2-0-3

4. Қытайлық Тайбэй — 1-1-2

5. Таиланд - 1-0-1

6. Солтүстік Корея - 0-3-0

7. Өзбекстан - 0-2-3

8. Моңғолия - 0-1-1

9. Оңтүстік Корея - 0-0-1

9. Тәжікстан - 0-0-1.

Құрлықтық додада енді 10 сәуірде ерлер құрамасынан бес боксшымыз алтын медальды сарапқа салады. Олардың қатарында Оразбек Асылқұлов (60 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрбек Оралбай (85 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) бар.

09 April, 2026
19

Сегіз отандасымыз Азия чемпионы атағын сарапқа салады

Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатында қай елден қанша боксшы финалға шыққаны белгілі болды.

Құрлықтық додада қазақстандық 8 боксшы алтын медальға таласатын болды. Бұл жөнінен ел құрамасы жалпы есепте Үндістанмен алғашқы екі орынды өзара бөлісіп тұр.

Сондай-ақ Азия чемпионатында Өзбекстан - 7, Солтүстік Корея мен Қытай -3, Тайпей, Моңғолия, Таиланд, Иордания, Жапония -2, Тәжікстан -1 үздігіне үміт артады.

Құрлықтық додада енді еліміздің атынан ерлерде Оразбек Асылқұлов (60 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрбек Оралбай (85 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) финалда сынға түссе, әйелдерде Бақыт Сейдіш (70 келі), Надежда Рябец (80 келі), Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады.

Азия чемпионатының финалы 9-10 сәуір күндеріне белгіленген.

07 April, 2026
20

Төрт боксшымыз финалдың жолдамасын иеленді

Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионатының жартылай финал жекпе-жектерінің жартысы өтті.

Нәтижесінде Ұлттық құраманың 4 спортшысы ақтық сынға өтті. Күндізгі сессияда Бақыт Сейдіш (-70 кг) Қытай өкілі Алимир Абудуреймді айқын басымдықпен жеңді. Сосын -80 кг салмақтағы Надежда Рябец әлем чемпионатының қола жүлдегері Пужа Ранимен (Үндістан) жекпе-жекте басым түсті.

Ал кешкі сессияда +80 кг салмақта бақ сынайтын отандасымыз Дина Исламбекова өзбек боксшысы Олтиной Сотимбоеваның, әлем чемпионы Төрехан Сабырхан (-70 кг) қытайлық Пейчен Уанның осал тұсын тапты.

Сондай-ақ бүгін шаршы алаңға шыққан Валентина Хальзова (-75 кг), Махмұд Сабырхан (-55 кг) мен Ертуған Зейнулинов (-65 кг) қарсыласқа жол беріп, қола жүлдегер атанды.

Ертең тағы жартылай финалдар өтеді. Қазақстан командасы сапынан Айгерім Сәттібаева (-48 кг), Оразбек Асылқұлов (-60 кг), Сабыржан Аққалықов (-75 кг), Нұрбек Оралбай (-85 кг), Сағындық Тоғамбай (-90 кг), Айбек Оралбай (+90 кг) күш сынасады.

Азия чемпионатын Qazsport тікелей эфирде тек телеарнадан көрсетеді.

06 April, 2026
26

Азия чемпионатында 13 боксшымыз жартылай финалға өтті

Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатында қазақстандық 13 боксшы жартылай финалға жолдама алды.

Ерлер құрамасынан Махмуд Сабырхан (55 келі), Оразбек Асылқұлов (60 келі), Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрбек Оралбай (85 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) енді финал жолдамасын сарапқа салады.

Ерлер құрамасынан Санжар Тәшкенбай (50 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі) жарыс жолын ширек финалда аяқтауға мәжбүр болды. 

Ал әйелдер құрамасында Айгерім Сәттібаева (48 келі), Бақыт Сейдіш (70 келі), Валентина Хальзова (75 келі), Надежда Рябец (80 келі), Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) жартылай финалда шаршы алаңға шығады.

Олардың қатарынан Лаура Есенкелді (65 келі), Жазира Орақбаева (51 келі, Элина Базарова (54 келі), Римма Волосенко (60 келі) жарыс жолынан шығып қалды.

05 April, 2026
19

4 боксшымыз Азия чемпионатының келесі кезеңіне өтті

Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатында ел құрамасынан 4 сәуірде 5 отандасымыз өнер көрсетті.

Күндізгі сессия
2-жұп. 65 келі, Лаура Есенкелді - Анкушита Боро (Үндістан) - 1:4
5-жұп. 50 келі. Санжар Тәшкенбай - Вишванаш Суреш (Үндістан) - 0:5
12-жұп. 65 келі. Ертуған Зейнуллинов - Мирзохид Имамназаров (Қырғызстан) - 3:2

Кешкі сессия
4-жұп. 75 келі. Валентина Хальзова - Суйеон Сеонг (Оңтүстік Корея) - 2-раундта техникалық нокаутпен жеңді
9-жұп. 90 келіден жоғары. Айбек Оралбай - Арман Маханов - 4:1

Айта кетсек, бүгін Оразбек Асылқұлов (60 келі) Азия чемпионатында жапониялық Шунсуке Китамотомен кездесуі керек еді. Алайда қарсылас жарақатына байланыста шаршы алаңға шықпайтыны белгілі болды. Осылайша Оразбек жартылай финалға өтті.

04 April, 2026
11

Ағайынды Сабырхандар Азия чемпионатының жартылай финалына өтті

Бокстан Моңғолия астанасы Ұланбатырда Азия чемпионатының ширек финалы басталды.

Әлем чемпионы, 70 келідегі Төрехан Сабырхан 1/4 финалда Тәжікстан өкілі Шамшер Саидовпен жолықты.

Алғашқы раундта Тәжікстан боксшысы ауыр соққыларымен басымдықты алуға тырысты. Бірақ отандасымыз қарсыласын қашықтықта ұстап, жылдам соққыларымен жеңісті өз еншісіне жазды. Есеп: 4:1.

Кешкі сессияда 2 дүркін әлем чемпионы, 55 келідегі Махмұд Сабырхан 1/4 финалда  Шахзод Мұзафаровпен (Өзбекстан) жұдырықтасты.

Бір-бірін жақсы білетін боксшылар аңдысып жатпай-ақ, алғашқы раундтан ашық айқасқа кетті. 3 раунд бойы жоғары қарқында өткен жекпе-жекте 3:2 есебімен отандасымыз жеңіске жетті.

Айта кетейік, Махмұд Сабырхан 2024 жылғы құрлықтық жарыстың финалында дәл осы Шахзод Мұзафаровты жеңіп, Азия чемпионы атанған.

03 April, 2026
11

Ертуған Зейнуллинов ширек финалға шықты

Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында бокстан Азия чемпионаты жалғасып жатыр. 

Әлем чемпионатының қола жүлдегері, 65 келідегі Ертуған Зейнуллинов Азия чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегін өткізді.

Отандасымыз 1/8 финалда Тайпей өкілі Ю Линды алғашқы минуттан қыспаққа алып, шабуылда белсенді болды. Нәтижесінде төрешілер 5:0 есебімен жеңісті Ертуғанға берді.

Ширек финалдағы қарсыласымыз Қырғызстан өкілі Мирзохид Имамназаров атанады.

02 April, 2026
9

Сағындық Тоғамбай: құрлықтық додадағы қарсыластарым осал емес

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының мүшесі Сағындық Тоғамбай (90 келі) World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатына дайындық және алдағы қарсыластары жөнінде пікірін білдірді.

— Құрлықтық додадағы қарсыластарым осал емес. Солардың бірі — қытайлық боксшымен алғаш рет Азия ойындарында кездескен едім. Ол жолы жартылай финалда қарсыласыма есе жібердім. Одан кейін Астанадағы Елорда кубогында есемді қайтардым. Бұл жолы үшінші мәрте шеберлік байқасамыз. Алдағы жекпе-жекте жеңіспен қуантамын деген ойдамын. Жалпы, бұл салмақта әлем бойынша мықты боксшылар көп. Мәселен, өзбекстандық қарсыластарымды ерекшелеп айтар едім. Сондай-ақ құрлықтық додада Тәжікстан, Үндістан боксшылары да жүлдеге ілігуді қалайды. Мен 2019 жылы Моңғолияда жастар арасында Азия чемпионатына қатысқан едік. Қазір олардың арасынан Махмұд Сабырхан, Ерасыл Жакпековті жанкүйерлер жақсы таниды. Барлығымыз енді Азия чемпионатына қатысуға мүмкіндік алдық, — деді Сағындық Тоғамбай. 

Сағындық Тоғамбай 2001 жылы 15 ақпанда дүниеге келген. Қазірге дейін ол Азия чемпионатында 2024 жылы алтын алса, 2022 жылы қола жүлдегер атанды.

01 April, 2026
11

Төрехан Сабырхан: жеңіс жолын жалғағым келеді

 

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының ең жас спортшысының бірі Төрехан Сабырхан (70 келі) Моңғолияның Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия чемпионаты жайлы ойымен бөлісті.

- Құрлықтық додаға дайындық өте жақсы. Ұлттық құрама мүшелерінің көңіл-күйі көтеріңкі. Салмақ жағынан ешқандай мәселе жоқ. Барлығы керемет, жекпе-жектерімізді күтіп жүрміз. Турнирге Иорданиядан Ишайш пен Жапониядан Окадзава келді. Олар Ливерпульде өткен әлем чемпионатына қатысты. Олар турнир кестесінің өзге бөлігінде, ал мен басқа бөлігіндемін. Қашанда қазақстандық боксшылар халықаралық жарыстарда 69-70 келі салмақта жоғары нәтижеге қол жеткізді. Мен сол сәттілік жолын жалғағым келеді», - деді Төрехан Сабырхан.

Төрехан Сабырхан 2006 жылы дүниеге келген. Қазірге дейін жастар арасында әлем чемпионы (2024), жастар мен жасөспірімдер арасында Азияның төрт дүркін чемпионы болған.

Сондай-ақ 2025 жылы  Англияның Ливерпуль қаласында өткен World Boxing аясында болған әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді.

31 March, 2026
12

Бокстан Азия чемпионаты басталды

Моңғолияның Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия чемпионатының алғашқы жарыс күнінде қазақстандық екі боксшы өнер көрсетті.

Отандасымыз Жазира Орақбаева (51 келі) әлем чемпионатының қола жүлдегері, Солтүстік Корея өкілі Кум Бёл Анмен кездесті. Қазақстандық боксшы жекпе-жек барысында есепте алда келе жатқан еді. Дегенмен шешуші раунда жарақатына байланысты айқасты тоқтатуға мәжбүр болып, жеңіс қарсыласына берілді.

Ал Элина Базарова (54 келі) үндістандық Притиге 0:5 есебімен есе жіберді.

Енді ертеңгі бағдарламада 60 келідегі Римма Волосенко шаршы алаңға шығады.

30 March, 2026
21