Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының ең жас спортшысының бірі Төрехан Сабырхан (70 келі) Моңғолияның Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия чемпионаты жайлы ойымен бөлісті.
- Құрлықтық додаға дайындық өте жақсы. Ұлттық құрама мүшелерінің көңіл-күйі көтеріңкі. Салмақ жағынан ешқандай мәселе жоқ. Барлығы керемет, жекпе-жектерімізді күтіп жүрміз. Турнирге Иорданиядан Ишайш пен Жапониядан Окадзава келді. Олар Ливерпульде өткен әлем чемпионатына қатысты. Олар турнир кестесінің өзге бөлігінде, ал мен басқа бөлігіндемін. Қашанда қазақстандық боксшылар халықаралық жарыстарда 69-70 келі салмақта жоғары нәтижеге қол жеткізді. Мен сол сәттілік жолын жалғағым келеді», - деді Төрехан Сабырхан.
Төрехан Сабырхан 2006 жылы дүниеге келген. Қазірге дейін жастар арасында әлем чемпионы (2024), жастар мен жасөспірімдер арасында Азияның төрт дүркін чемпионы болған.
Сондай-ақ 2025 жылы Англияның Ливерпуль қаласында өткен World Boxing аясында болған әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді.
31 March, 2026
9
Бокстан Азия чемпионаты басталды
Моңғолияның Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия чемпионатының алғашқы жарыс күнінде қазақстандық екі боксшы өнер көрсетті.
Отандасымыз Жазира Орақбаева (51 келі) әлем чемпионатының қола жүлдегері, Солтүстік Корея өкілі Кум Бёл Анмен кездесті. Қазақстандық боксшы жекпе-жек барысында есепте алда келе жатқан еді. Дегенмен шешуші раунда жарақатына байланысты айқасты тоқтатуға мәжбүр болып, жеңіс қарсыласына берілді.
Ал Элина Базарова (54 келі) үндістандық Притиге 0:5 есебімен есе жіберді.
Енді ертеңгі бағдарламада 60 келідегі Римма Волосенко шаршы алаңға шығады.
30 March, 2026
13
Бокстан Азия чемпионатындағы алғашқы қарсыластарымыз анықталды
Моңғолияның Ұланбатыр қаласында бокстан Азия чемпионаты аясында жеребе тарту рәсімі өтті.
Ерлер
50 кг дейін: Санжар Тәшкенбай – Баглан Ергешов (Қырғызстан) пен Вишванат Суреш (Үндістан) жекпе-жегінің жеңімпазы
55 кг дейін: Махмұд Сабырхан – Махди Альмасалех (Иордания) пен Шахзод Музафаров (Өзбекстан) жекпе-жегінің жеңімпазы
60 кг дейін: Оразбек Асылқұлов – Поль Баскон (Филиппин)
65 кг дейін: Ертуған Зейнуллинов – Ю Линь (Тайбэй)
70 кг дейін: Төрехан Сабырхан – Ким Юн Су (Оңтүстік Корея) мен Шамшер Саидов (Тәжікстан) жекпе-жегінің жеңімпазы
75 кг дейін: Сабыржан Ақалықов – Яги Талга (Жапония)
80 кг дейін: Ерасыл Жақпеков – Сагын Сатыбалды (Қырғызстан) мен Фазлиддин Эркинбоев (Өзбекстан) жекпе-жегінің жеңімпазы
85 кг дейін: Нұрбек Оралбай – Барлаахан Дору (Моңғолия) мен Мохаммад Сулейман (Иордания) жекпе-жегінің жеңімпазы
90 кг дейін: Сағындық Тоғамбай – Хань Сюэчжэнь (Қытай)
90 кг жоғары: Айбек Оралбай – Бекнур Хали (Моңғолия) мен Арман Маханов (Өзбекстан) жекпе-жегінің жеңімпазы
Әйелдер
48 кг дейін: Әйгерім Сәттібаева – Сабина Бобокулова (Өзбекстан)
51 кг дейін: Жәзира Орақбаева – Кум Бьель Ан (Солтүстік Корея)
54 кг дейін: Элина Базарова – Прити (Үндістан)
57 кг дейін: Ұлжан Сәрсенбек – Панрави Руенрос (Таиланд) пен Хюен Чан Нгуен (Вьетнам) жекпе-жегінің жеңімпазы
60 кг дейін: Римма Волосенко – Прия (Үндістан)
65 кг дейін: Лаура Есенкелді – Боро Анкушита (Үндістан)
70 кг дейін: Бақыт Сейдіш – Суджин Сон (Оңтүстік Корея) мен Алимире Абудурейиму (Қытай) жекпе-жегінің жеңімпазы
75 кг дейін: Валентина Хальзова – Суен Сон (Оңтүстік Корея)
80 кг дейін: Надежда Рябец – Пуджа Рани (Үндістан)
80 кг жоғары: Дина Исламбекова – Олтиной Сотимбоева (Өзбекстан)
Айта кетейік, Азия чемпионаты 30 наурыз бен 10 сәуір аралығында өтеді.
29 March, 2026
23
Моңғолияда қандай жетістіктеріміз жаңаруы мүмкін?
29 наурыз - 11 сәуір күндері аралығында Моңғолия мемлекеті өз тарихында үшінші мәрте Азия чемпионатын қабылдайды.
Моңғолияда қалай өнер көрсеттік?
2007 жылы Ұланбатыр қаласында өткен сары құрлықтың додасында Олимпиада чемпиондары Бақыт Сәрсекбаев (69 келі), Серік Сәпиев (64 келі) және Мират Сәрсенбаев (51 келі) топ жарған еді. Ал әйелдер құрамасының қазіргі бас бапкері Елдос Сайдалин (57 келі) күміс жүлде еншілесе, Қанат Әбутәліпов (56 келі) мен Хамзат Гелисханов (91 келі) қола жүлдегер атанды.
2012 жылы әйелдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 2 күміс (Юлдуз Маматкулова, Ләззат Күңгейбаева) пен 2 қола жүлде (Фируза Шарипова, Гүлжан Акимова) алды.
Қандай ерекшелік бар?
Азия чемпионатына екінші мәрте Украина мемлекеті қатысады. 2024 жылы бұл құрама 2 күміс пен 11 қола жүлде жеңіп алған еді. Қазіргі құрамасы алтын медальді көздеп келетіндігі анық. Бірер ай бұрын ғана Болгарияда өткен «Странджа» турнирінде Украинаның ерлер командасы 3 алтын, 2 күміс, 4 қола жүлде иеленіп, өздерінің әлеуеттерін көрсетті. Құраманың сапында қазақ боксшыларымен кездесіп үлгерген Максим Зименко (55 келі), Матвей Ряжба (85 келі), Сабыржан Аққалықов пен Жавохир Умматалиевті сенсациялық түрде жеңген Павел Иллюша (80 келі), Елвин Алиев (65 келі) cынды мықты спортшылар бар.
Азия чемпионатында ең көп алтын жүлде алған ТОП-3 мемлекет:
2019 жылдан бастап, ерлер мен әйелдердің жүлдесі бірге есептеледі.
Оңтүстік Корея - 86 (1992 жылға дейін 76)
Қазақстан – 72
Өзбекстан – 66
Азия чемпионатында бірнеше рет топ жарған боксшыларымыз
Биылғы құрамада аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбай Қазақстан тарихында ең көп 3 дүркін Азия чемпионы атанған Василий Левитті қуып жетуі әбден мүмкін.
Василий Левит (2009, 2015, 2017) – 3 дүркін Азия чемпионы атанып қана қоймай, 2019 бен 2021 жылдары күміс және қола жүлде иеленген.
Бақыт Сәрсекбаев (2002, 2005, 2007) – 2002 жылы Өзбекстан атынан және 2005, 2007 жылдары Қазақстан сапында Азия чемпионы атанған.
Болат Жұмаділов (1994, 1995)
Болат Ниязымбетов (1994, 1995)
Нұржан Сманов (1994, 1997)
Ермахан Ибраимов (1995, 1999)
Серік Сәпиев (2007, 2009)
Данияр Елеусінов (2013, 2015)
Иван Дычко (2013, 2015)
Теміртас Жүсіпов (2013, 2019)
Айбек Оралбай (2022, 2024)
Қазақстан құрамасынан кімдер барады?
50 келі. Санжар Тәшкенбай (2 дүркін әлем чемпионы)
Азия чемпионатына үшінші мәрте барады. 2022 жылы Азия чемпионы атанса, 2024 жылы күміс жүлде иеленді.
55 келі. Махмұд Сабырхан (2 дүркін әлем чемпионы)
Үшінші рет сары құрлықтың додасында жұдырықтасады. 2024 жылы Азия чемпионы атанған. 2022 жылы күміс жүлде еншіледі.
60 келі. Оразбек Асылқұлов (әлем чемпионы)
2024 жылы финалға дейін жетті.
65 келі. Ертуған Зейнуллинов (әлем чемпионатының қола жүлдегері)
Азия чемпионатына алғаш рет барады.
70 келі. Төрехан Сабырхан (әлем чемпионы)
Азия чемпионатында дебют жасайды.
75 келі. Сабыржан Аққалықов (әлем чемпионатының күміс жүлдегері)
Алғаш рет қатысады.
80 келі. Ерасыл Жақпеков
2024 жылы қола жүлдегер атанған.
85 келі. Нұрбек Оралбай (Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері және әлем чемпионы)
2022 жылы қола жүлде алған.
90 келі. Сағындық Тоғамбай
2024 жылғы Азия чемпионы және 2022 жылы қола жүлде алды.
+90 келі. Айбек Оралбай (әлем чемпионы)
2022 және 2024 жылы Азия чемпионы атанды.
27 March, 2026
25
Бокстан Азия чемпионатына баратын құрам анықталды
Бокстан Қазақстан құрамасы ертең Моңғолияға аттанады. 30 наурыз бен 10 сәуір аралығында Ұланбатырда World Boxing ұйымдастыруымен ересектер арасындағы алғашқы Азия чемпионаты өтеді.
Әлем чемпионы Галиб Джафаровтың құрметіне арналған халықаралық турнир басталды
Бокстан Ақтөбе қаласындағы Жекпе-Жек спорт сарайында 2010-2011 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер арасында бәсеке басталды.
Жарысқа еліміздің 18 облысы және Ресей Федерациясынан 192 боксшы тіркелді.
Турнир барысында 14 салмақта жүлде жиынтығы сарапқа салынады.
Айта кетейік, жарыс 28 наурызға дейін жалғасады.
25 March, 2026
8
Олимпиада жүлдегерлері бокс федерациясында қызметке тағайындалды
Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Қазақстан бокс федерациясы президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.
Серік Жұманғалиұлы Сәпиев 1983 жылы дүниеге келген. Бокстан Олимпиада ойындарының жеңімпазы, екі дүркін әлем және Азия чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері. Вэл Баркер Кубогінің иегері.
Қазақстан бокс федерациясы президентінің боксты дамыту жөніндегі кеңесшісі қызметінде Серік Сәпиев бокс құрамаларының нәтижесін жақсарту, спорт түрін дамыту бойынша жүйелі жұмыс пен Олимпиада ойындарындағы жоғары жетістік жолында қызмет атқарады.
Сондай-ақ Қанат Ислам бокстан 19 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының үйлестірушісі болды.
1984 жылы дүниеге келген. Кәсіпқой боксшы, WBA FedeCaribe тұжырымының чемпионы. Әуесқой бокста Қытай құрамасының сапында Бейжің Олимпиадасы, әлем чемпионаты және Азия Ойындарының қола жүлдегері атанды.
2010 жылдан бастап Қазақстан азаматы болған ол «Астана арландары» кәсіпқой клубы сапында ойын көрсетті. Кәсіпқой бокста 30 жекпе-жек өткізіп, оның 22-сінде нокаутпен жеңіске жеткен. Қанат Ислам бұдан былай отандық бокста жастар құрамасының жұмысын үйлестіріп, әлемдік аренадағы нәтижені жақсартуға үлес қоспақ.
24 March, 2026
12
Черногориядағы турнирде боксшыларымыз 5 жүлде алды
15-21 наурыз аралығында Черногорияның Будва қаласында өткен халықаралық турнир мәресіне жетті, деп хабарлайды Sport12.kz
1-орын. +90 келі. Салауат Тлекбай
2-орын. 54 келі. Томирис Мырзақұл
3-орын. 48 келі. Гүлназ Бөрібаева
3-орын. 70 келі. Анастасия Баязитова
3-орын. 80 келі. Жібек Жарасқызы
Бұл турнирге Украина, Қырғызстан, Польша, Аустрия, Мексика, Сербия, Косово, Черногория, Германия, Молдова, Македония, Грекия, Бельгия, Әзербайжан, Албания, Словакия, Хорватия, Босния және Герцеговина елдері қатысты.
22 March, 2026
15
World Boxing ұйымының жаңартылған рейтингінде 6 боксшымыз топ бастады
World Boxing ұйымы әйелдер және ерлер арасындағы жаңартылған әлемдік рейтингті жариялады.
Әйелдер арасында Аида Әбікеева 65 келіде, Наталья Богданова 70 келіде бірінші орында тұр.
Назым Қызайбай мен Алуа Балқыбекова екінші, Виктория Графеева мен Елдана Талипова үшінші орынға жайғасқан.
Ерлер арасында Санжар Тәшкенбай 50 келіде, Махмұд Сабырхан 55 келіде, Төрехан Сабырхан 70 келіде, Айбек Оралбай +90 келіде әлемдік рейтингтің шыңында орналасқан.
Ал, Нұрбек Оралбай екінші орынды иеленді.
19 March, 2026
9
Қазақстан ұлттық құрамасының алғашқы бапкері Әбдісалан Нұрмаханов қандай жетістікке жетті?
1993 жылы 57 жасында ұлттық құрамаға тағайындалған Әбдісалан Нұрмаханов жайлы естелігімізбен бөлісеміз.
Ұлттық құрамаға келгендегі алғашқы әсері
1993 жылы бас бапкерлікке келгенде командада жүгенсіздік жайлап тұрған еді. Іліп алар жігіттердің өзі арақ ішіп, шылым тартып, бетімен кеткен екен. Бір жыл табандап жүріп, тәртіпті жөнге салдым. Көне қоймаған үш-төртеуін құрамадан қуып та жібердім. Тіпті ұйқысы қалай, тамағы қандай, соған дейін қадағалау қажет болды. Күндізгі үлкен жаттығуда адам 8-9 мың килокалория қуатын жоғалтады. Тамағы, демалысы нашар болса, қалыпты жағдайға түсе алмайды. Спортшыларымның асқазан жолдарын түрлі шлактан арылтып, жуу үшін Олимпиадаға екі жарым ай қалғанда команданы Сарыағаш санаторийіне алып бардым. Одан бөлек, адам басқа географиялық аймаққа тек 9-шы күні ғана үйренеді. Түрлі атмосфералық қысымға организмді үйрету үшін, команданы Олимпиада алдында екі рет тауға шығардым. Сол арқылы өкпе қабын кеңейттік, жүрек соғысын реттедік. Осындай ғылыми ізденіспен жүйеленген жаттығу арқасында жігіттер үшінші раундта да шаршамайды.
(«Әбдісалан» атты кітабындағы сұхбатынан)
1993-1997 жылдар аралығында қандай танымал спортшылар шықты?
1993-1997 жылдар аралығында ұлттық құрамада Василий Жиров, Болат Жұмаділов, Аркадий Топаев, Қанатбек Шағатаев, Нұржан Сманов, Ермахан Ибраимов, Болат Ниязымбетов, Бақтияр Тілегенов, Бектас Әбубәкіров сынды боксшылардың жұлдызы жанды.
«Боксшы шәкірттерінің арасынан шымкенттік Нұржан Смановты ерекше іш тартатын. Адамгершілігі мол, талантты жігіттің бокстағы жолы ауыр екенін айтып, уайымдап отырушы еді. Ермаханды жақсы көрді. Ол біздің үйде де тұрды. Ермаханның институтқа түсуіне де көмектесті»
(Әбдісалан Нұрмахановтың жұбайы Күлпаш Шаймерденованың сұхбатынан)
Ірі жарыстарда қандай нәтиже көрсетті?
Атланта Олимпиадасы (1996 жыл, АҚШ)
1 алтын, 1 күміс, 2 қола (жалпы есепте 3-орын)
Василий Жиров Олимпиаданың ең үздік боксшысына берілетін «Вэл Баркер» кубогын алды
Әлем чемпионаты (1995 жыл, Германия)
1 күміс, 1 қола
Азия ойындары (1994 жыл, Жапония)
2 алтын, 1 күміс, 2 қола (жалпы есепте 2-орын)
Азия чемпионаты (1994 жыл, Иран)
5 алтын, 1 күміс, 4 қола (жалпы есепте 1-орын)
Азия чемпионаты (1995 жыл, Өзбекстан)
6 алтын, 1 күміс (жалпы есепте 1-орын)
Әлем Кубогы (1994 жыл, Таиланд)
1 алтын, 1 күміс, 2 қола
18 March, 2026
40
Боксшыларымыз Montenegro Cup турниріне қатысып жатыр
Қазақстан құрамасының спортшылары 15-21 наурыз аралығында Черногорияның Будва қаласында жалғасып жатқан турнирде жұдырықтасуда.
Бұл бәсекеде Украина, Қырғызстан, Польша, Аустрия, Мексика, Сербия, Косово, Черногория, Германия, Молдова, Македония, Грекия, Бельгия, Әзербайжан, Албания, Словакия, Хорватия, Босния және Герцеговина елдері 20 салмақта жүлдені сарапқа салып жатыр.
Қазақстан сапынан әйелдер арасында Гүлназ Бөрібаева (48 келі), Жансая Рахымберді (51 келі), Томирис Мырзақұл (54 келі), Әсем Таңатар (65 келі), Анастасия Баязитова (70 келі), Жібек Жарасқызы (80 келі) ел намысын қорғаса, ерлер арасында Ағажан Қадыр (70 келі) мен Салауат Тлекбай (80 келі) жұдырықтасады.