Қазақстан бокс федерациясының жылдық конференциясы өтті

Астана қаласында Қазақстан бокс федерациясының жылдық конференциясы өткізілді. Жиынға Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп және толық басшылық құрам қатысты. Сонымен қатар, ұлттық құрама бапкерлері мен аймақтық бокс федерацияларының басшылары бас қосты.
Шахмұрат Мүтәліп жиынның алғысөзінде: «Біз жаңа Олимпиадалық кезеңге қадам бастық. Қазірден бастап 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына дайындықты жүйелі, әрі белсенді түрде жүргізуіміз қажет.
Ортақ стратегия аясында бірлесіп әрекет ете отырып, елімізді лайықты деңгейде таныстырып, Отандық бокстың халықаралық аренадағы беделін одан әрі арттыра аламыз деп сенемін.
Алдағы уақытта бізді бұрынғыдан жауапкершілігі еш кем емес жыл күтіп тұрғанын атап өткім келеді. Негізгі күш-жігерімізді 2026 жылы Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындары және 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындары дайындығына бағыттауымыз қажет.
Ағымдағы жылдың соңына дейін біз бірқатар маңызды жарыстарды өткізуді және оларға қатысуды жоспарлап отырмыз», - деп жиын қатысушыларына бағытты айқындады.
ҚБФ бас хатшысы Мерей Ақшалов өз баяндамасында 2024 жылға федерация жұмысы бойынша есеп беріп, алдағы жобалар жайында айтып өтті.
«2025 жылдың маңызды оқиғаларының бірі - 2025 жылғы 30 маусым мен 6 шілде аралығында Астана қаласында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе жек сарайында өтетін бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Әлем кубогі. 30-дан аса елден 350-ден аса спортшының қатысуы күтілуде. Қазіргі таңда 23 елден 200 қатысушы алдын ала қатысуын растады», - деді Мерей Төлегенұлы.
Сонымен қатар, бас хатшы 2025 жылдың күзінде аймақтық ерлер және әйелдер командаларының қатысуымен Қазақстан бокс федерациясының Кубогы өтетін хабарлады. Қайта жаңғыртылған жарыстың жүлде қоры 150 000 АҚШ долларын құрамақ. Өңірлердегі боксты дамытуға бағытталған жобаға ұлттық құраманың 1-2 нөмірлі боксшылары қатыса алмайды.
«Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап Клубтық чемпионатты өткізу жоспарлануда. Турнир спорттық резервті қалыптастыруға, аймақтарда, әсіресе ауыр және аса ауыр салмақ дәрежелерінде боксты дамытуға бағытталған», деп қорытындылады Ақшалов.
Сонымен қатар, жиында ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов, әйелдер құрамасының аға бапкері Марат Қырықбаев, төрешілер алқасының төрағасы Дінмұхамед Абайхан 2024 жылы нәтижесі бойынша есеп беріп, алдағы жоспарларды айтып өтті.





