Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Жапония ұлттық құрамасы Шымкентте оқу-жаттығу өткізді

09 Қаңтар, 2019

 Самурайлар елінің боксшылары биылғы маусымға дайындықтарын қазақ жерінде бастап отыр. Шым шаһарға ат терлетіп келген спортшылардың жетеуі өткен жылы 88 мәрте жалауын желбіреткен ел біріншілігінде үздік шыққандар.

 

Атап айтсақ, 2015 жылғы Әлем чемпионатына қатысқан Томоя Цубой (52 кг), Азия ойындарының күміс жүлдегері Рентаро Кимура (60 кг), студенттер арасында өткен Әлем чемпионатының ¼ финалына шыққан Джунья Шимада (60 кг), Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қатысушысы Дайсуке Наримацу (64 кг), Жапония чемпионы Юта Акияма (64 кг), 2018 жылғы Азиадада өнер көрсеткен Иссеи Арамото (69 кг) мен Азия ойындарының жеңімпазы Юито Мориваки (75 кг) бар.   

 

Оқу-жаттығулар кезінде қос құрама спортшылары жолдастық кездесу өткізді. Мақсат жеңімпаз анықтау емес, құрама боксшыларының қарымын бағамдау еді. Жапония құрамасы қазіргі таңда өз елдерінде өтетін 2020 жылғы Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындық жүргізуде. Айта кету керек, өткен жылы жапондар Индонезия астанасы Джакартада өткен Азия ойындарында жалғыз қола медальды қанағат тұтқан болатын.

 

Шеберлік шыңдаудан бөлек, шымкенттіктер қазақы қонақжайлық танытып, алыстан келген меймандарға шапан жауып, естелік сыйлықтар табыстап, барынша құрмет көрсетті. 

Наверх