Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Қайрат Ерәлиев - «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

12 Желтоксан, 2018

 Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықованың қатысуымен марапаттау рәсімі өтті

 «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы 1992 жылдан бастап беріліп келеді. Аталмыш жүлде шығармашылықпен айналысатын жастарға, ғылыми жаңалықтарға жаны құштар, қоғамда белсенді, я болмаса, спорт саласында биікті бағындырған қыз-жігіттерге әр сала бойынша 10 номинацияда табысталады.

Атап айтсақ, әдебиет, ғылым, дизайн және бейнелеу өнері, журналистика, классикалық музыка, қоғамдық қызмет, спорт, театр және кино, эстрада, ұлттық шығармашылық саласы.

Тәуелсіздік жылдары 200 астам жас отандасымыз «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанған.

Олардың қатарында Аманжол Әлтаев, Дәрмен Сәдуақасов, Максим Здоровец, Мария Мудряк, Денис Тен, Әділ Ахметов сынды танымал таланттарымыз бен «Ұлытау» тобы секілді шығармашылық ұжымдар бар.

«Дарын» жүлдесі биыл 20 адамға берілді. Дипломмен бірге төсбелгі және 600 мың теңге сыйақы табысталды. Марапатқа ие болғандардың ішінде жас ақын Біржан Байтуов, флейтаның құлағында ойнайтын Роза Солтыханова, «Ару-Тас» ЖШС директоры Бекжан Әлімқұлов, Ұлттық биотехнология орталығының Генетика және микроорганизмдер биохимиясы зертханасының ғылыми қызметкері Жігер Ақышев, сондай-ақ, танымал боксшымыз, ҚР ҰҚК мүшесі Қайрат Ерәлиев бар.

Қайрат Ерәлиев – 2017 жылы Германия Федеративтік Республикасының Гамбург қаласында өткен Әлем біріншілігінің жеңімпазы, ҚР Чемпионатының үш дүркін алтын алқа иегері, Азия ойындары мен Азия чемпионаттарының жүлдегері.

56 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Түркістан облысының боксшысы ҚР ҰҚК Бас бапкері Мырзағали Айтжановтың шәкірті.

Наверх