Жасөспірімдер құрамасы барлығы 10 медаль иеленді. Оның 4 боксшыларымызға тиесілі
Рауандатып атқан таңмен бірге таласып, Астана көгінің ақ ұлпа бұлттарын қақ жарған ұшақ әуежайға қонды. Бір топ журналистер мен спорт федерацияларының өкілдері, Мәдениет және спорт министрлігінің қызметкерлері, спортшылардың туған-туыстары осы ұшаққа қарап тұр. Себебі, жолаушылардың басым бөлігі Аргентина астанасы Буэнос-айрес қаласынан келе жатқан ел спортының келешек жарқын жұлдыздары болатын.
Ұлттық құрама қатарына ілігіп, Олимпиада ойындарына барып қатысудың өзі ұлық мәртебе. Ал егер кіл мықтылардың ішінде озық шығып, бағыңыз жанып жатса әрине ел мерейі үстем болары хақ. Аргентинада жасындай жарқылдаған жас боксшыларымыз Айбек Оралбай (91 келі), Дамир Тойбай (91 жоғары салмақ), Талғат Шәйкен (64 келі) мен Надежда Рябец (75 келі), Жансая Әбдірахмановаларды (51 келі) туғандары мен біздің федерация өкілдері ыстық ықыласпен қарсы алды. Ұшақтан түсіп құшаққа енген спортшыларымыздың да жүздері жайнап, туған елдің топырағына келгендеріне риза екендерін айтып қуанып жатты.
Алтыннан алқа тағынған Айбек Оралбай өз бапкерлеріне, ата-аналарына алғысын төкті. Айбек пен Нұрбек егіз ағайындылар. Екеуі де боксшы. Нұрбек биылғы жылдың жастар арасындағы Әлем чемпионы. Інілері Азамат каратэмен шұғылданады екен. Ал 6 жасар кенже інісі әлі спорт түрін таңдап үлгермепті. Отбасындағы 4 баланы осылайша салауатты өмір салтын ұстануға баулыған ата-аналары, міне, қазір өз еңбектерінің жемісін көріп отыр.
Біздің саңлақтарымыздың барлығы да өз спорт түрлері бойынша намысты қолдан жібермей, өте сапалы әрі жоғары деңгейде өнер көрсетті. Сондықтан да барша қазақстандықтарды және ел абыройын асқақтатқан спортшыларды жеңістерімен құттықтаймыз.
Фото: Данияр Майлыбаев