Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Бақтияр Артаев дарынды боксшыларды «Астана Арлансқа» шақырмақ

14 Мамыр, 2018

Ақтөбеде бокстан жастар арасында ҚР чемпионаты өтіп жатыр. Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев «Астана Арланс» клубына мықты боксшыларды шақыру үшін Ақтөбеге арнайы келді.

Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек спорт сарайында бокстан жастар арасында ел чемпионаты өтіп жатыр. Шараның ашылуына Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев, танымал боксшы Геннадий Головкиннің бірінші жаттықтырушысы, ҚР жастар арасындағы құрамасының аға жаттықтырушысы Ғалымбек Кенжебаев қатысты.

«Жастар арасындағы спортшылардың қабілетін байқап, келесі жылы «Астана Арланс» клубына мықты боксшыларды жасақтасам деген ойым бар. Сол үшін арнайы келіп отырмын. Тағы да айтып өткім келеді, мына кереметтей «Жекпе-жек» сарайын жеке кәсіпкердің салып, мемлекеттің балансына бергенін бірінші рет көріп тұрмын. Сондықтан, еліміздің басқа кәсіпкерлерінің «құлағына алтын сырға». Осылай әр өңірде осындай ғимараттар бой көтерсе, қазақ спортының болашағы жаман болмас еді»,- деді бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев.

Ал, Геннадий Головкиннің бірінші жаттықтырушысы, ҚР жастар арасындағы құрамасының аға жаттықтырушысы Ғалымбек Кенжебаев қазақ елінен әлі де талай Геннадий Головкиннің шығатына сенімді екенін жеткізді. «Жастар арасындағы біріншілікке республикамыздың барлық аймағынан ең мықты боксшылар жиналды. Олар жеңіске жету жолында аянбай, өздерін көрсетеді деген ойдамын. Себебі, ҚР Ұлттық құрамасына спортшылар сараланып алынатын болады»,- деп атап өтті Ғалымбек Кенжебаев.

Айта кетейік, чемпионатқа еліміздің барлық аймағынан 180 спортшы қатысып жатыр. Жарыс мамыр айының 16-на дейін жалғасын табады. Оның қорытындысы бойынша еліміздің құрама командасына және 2018 жылы Аргентинаның Буэнос-Айресте қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына спортшылар іріктеледі.

inform.kz

Наверх