Казахстанская
федерация Боксаkfb.kz

Новости

МАРАТ ЖАКИЕВ: БОКСШЫЛАР ДЕНСАУЛЫҒЫН ҮЛКЕН СПОРТҚА САРҚЫП БЕРЕДІ

15 октября, 2020

 Бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, екі дүркін Олимпиада ойындарының жүлдегері Әділбек Ниязымбетов пен әлем чемпиондары Ердос Жаңабергенов және Бекзад Нұрдәулетовтің жеке бапкері Марат Жәкиев  Olympic.kz сайтына арнайы сұхбат берді. Ел боксындағы беделді бапкер спортшылардың карантиндегі жағдайына тоқталып, шәкіртінің Токио қарсаңындағы хал-жағдайымен бөлісті. 


- Боксшылардың жаттығу жиынын аяқтағанына көп болған жоқ. Бұл жиын сіздер үшін қалай өтті?

- Араға біраз үзіліс салып, ұлттық құрама мүшелері «Ақбұлақтағы» жаттығу жиынында бас қосты. Карантинде айтарлықтай өзгеріс болмаған. Бәрі де бабында десем, артық емес. Тек жарыстың жоқтығы ғана қолбайлау болып тұр. Қазіргі сәтте турнир өткізу мәселелерін басшылық қарастырып жатыр. Олимпиадаға жолдама алған спортшыларды кәсіби боксшылармен бірге өтетін бәсекелерге қатыстыру мәселелері талқылануда. Себебі, бізге жарыс қажет. Бар әлемнің басындағы жағдай бір болғанымен, ел ішінде болса да турнирлердің өткізілгені дұрыс. 


 - Өзіңіздің төл шәкіртіңіз Бекзад Нұрдәулетов бүгінде команда үздігіне айналды. Карантин кезінде Бекзадтың дайындығы қалай өтті? Әлем чемпионы атанған соң, мінез-құлқында қандай да бір өзгерістер болмады ма?


- Бекзад бос уақытының бәрін жаттығуға арнады. Үйде де, далада да, теңіз жағасында да тоқтаусыз дайындалды. Жаттығуын әлі күнге дейін үзген жоқ. Әлем біріншілігіндегі және Иорданияның Амман қаласында өткен Олимпиадаға іріктеу турниріндегі жекпе-жектерді жиі көріп, талқылап тұрамыз. Қарсыластарды зерттейміз. Өйткені, Олимпиадада осал қарсылас болмайтынын білесіздер. Ал мінез-құлқында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Бекзад баламыз бұрынғы қалпында сол. Ешқандай жұлдыз ауруын жұқтырмады. Әрине, чемпион атанған соң, ақыл айтып, қасына ерткісі келетіндер көп. Ондайлар ешқашан азаймайтын шығар. Көпшіліктің орынды сыны мен ақылын көпсінбейміз. Егер дұрыс айтылған нәрсе болса, үнемі қаперде ұстаймыз. 


 - Бекзадтың төрт дүркін әлем чемпионы Хулио Сезар Ла Крузды жеңгенін жанкүйер әлі ұмытқан жоқ. Бұған дейін тағы бір шәкіртіңіз Әділбек Ниязымбетов маңызды екі финалда кубалыққа жол берген еді. Нұрдәулетов жеңгенде, есеңіз қайтқандай болды ма?

 - Бұл жерде бәрі баққа байланысты. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген сөзі бар қазақтың. Сол күні Бекзадтың бабы да, бағы да қатар шапты. Екі балам да сол кубалықпен кездесіп, Әділбек әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарының финалында жол берді. Кейін Бекзад әлемге әйгілі боксшыны ұтып алғанда, расында, есем қайтқандай сезімде болдым. 
- Сіз бокстан әлемдік және құрлықтық деңгейде атой салған талай боксшының томағасын сыпырдыңыз. Сіз баптаған боксшылар әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарының тұғырында тұрды. Сол жетістіктердің ішінде сізге ең жақыны, ең жылысы қайсысы?
- Әрине, шәкірттерімнің ешқайсысын да бөліп-жарғым келмейді. Балаларымның талай жеңісіне, талай жетістігіне куә болдым. Оған тәубе деймін. Ердос Жаңабергенов, Берік Әбдірахманов, жастар арасындағы Азия чемпионы Қанат Көптілеуовтер де маған жақсы шәкірт атанды. Біршама биіктерді бағындырды.  Бірақ бала кезінен бері қасымда жүргесін бе, Әділбек пен Бекзадқа ерекше алаңдап отыратыным бар. Олардың оқуы, тәрбиесі, киер киімі мен ішер тамағына дейін ойымда тұрады. Сондықтан, осы екеуінің жеңісі мен жетістіктері мен үшін бір төбе. Олардың спорттан кейінгі тағдыры да мені алаңдатады. Мәселен, Әділбек Ниязымбетов бірнеше әлем чемпионаты мен Азия ойындарында жүлде салып, екі Олимпиаданың финалында бақ сынаған сақа спортшы. Ол ел намысын абыроймен қорғап, өзінің бар жастығын боксқа арнады. Ал үлкен спорттың өтеуі де үлкен екенін ұмытпау керек. Әсіресе, денсаулыққа тиер нұқсан көп. Әділбек те өзге боксшылар секілді денсаулығын спортқа сарқып берді. Бірақ қазір осындай талантты боксшылардың көлеңкеде қалып қоятыны бар.  Талай сындарлы шақты намысты қолдан бермеген жігіттің көптің бірі болып қалғаны қынжылтады. Иә, боксшылар өз қатарластары секілді білім ала алмайды. Басқалар білім қуып жүргенде, бұлар тер исі аңқыған залда тынбай жаттығу жасап, әлем алдында Қазақстан намысын қорғау үшін барын салды. Оларда құдай берген талант бар. Соны ұмытпауымыз керек. 


- Биыл коронавирус індетіне байланысты Токио Олимпиадасы кейінге шегерілді. Бұл өзгерісті қалай қабылдадыңыз? 


- Жоғарыда айтып өттім, бұл біздің емес, бар әлемнің басындағы қиын жағдай. Соған қарамастан, біз жаттығуды үзген емеспіз. Бір жағынан, Азия құрлығы бойынша Олимпиадаға іріктеу турнирінің аяқталғаны да көңілге медеу. Біздің алдымызда африкалықтар іріктеу өткізіп үлгерді. Ал Еуропадағы лицензиялық турнир орта жолда тоқтатылып, америкалықтар жарысты кейінге шегерді. Жолдама қалтамызда, бұйырса, Токиоға төрт көзіміз түгел барамыз деп отырмыз. Лицензияға иелік еткен соң, көңілде алаң жоқ. Керісінше, асықпай дайындалып, Олимпиадаға нағыз бабымызда аттансақ деген ой бар. Әрине, жарысқа қатыспай, үйде жүргенімізге де тоғыз айға жуықтап қалды. Мұның салдары жоқ емес. Бірақ алдағы уақытта турнир өткізу мәселесі де шешіледі деп ойлаймын. 

 - Токио ойындарында Бекзад Нұрдәулетовтің ең қауіпті қарсыластары кімдер болады деп ойлайсыз?


- Олимпиадаға осал адам бармайды. Сондықтан, барлық қарсыластан қауіп күтеміз. Егер біреуді бағаламай, менсінбей шығатын болсақ, іс оңға баспайды. Ал кіл мықтылар қатарына Ресей, Куба, АҚШ боксшыларын қосар едім. 


- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Ақырыс Сейтқазы

 

Наверх