ҚБФ ұжымы жеңісімен құттықтайды
Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы өзінің төртінші кездесуін өткізеді деген ақпар тарағалы көптің көкейіне «қарсыласы қаншалықты мықты екен» деген сауал келгені жасырын емес. Өйткені, Данияр Маратұлының әуесқой бокстағы жетістіктері бір төбе екенін баршамыз жақсы білеміз.
Дегенмен, естеріңізге сала кетсек артық болмайтын да шығар. Елеусінов әуесқой бокстан 2013 жылғы Әлем чемпионы, 2016 жылғы Рио Олимпиадасының жеңімпазы, 2013 және араға бір жыл салып 2015 жылдары Азия чемпионы болған. 4 жылда бір рет өтетін Азиада ойындарының 2010 және 2014 жылғы екі дүркін алтын алқа иегері.
Қарсыласы Мэтт Доэрти бұрын ережесіз төбелеспен айналысып, кейін кәсіпқой боксқа ден қойған. Данияр Елеусіновпен кездескенге дейін кәсіпқой бокста барлығы 14 кездесу өткізіп, оның сегізінде жеңіске жетіп, 5 рет жеңілген, бір рет нокаутпен ұтқан. Америка Құрама Штаттарындағы Бостон қаласының көрермендеріне Мэтт Доэртидің де есімі ерекше таныс. «TD Garden» аренасында өткен кездесуде жұртшылық қолдау білдіріп жатты.
Алайда, Олимпиада чемпионына қарсы тұрудың қандай екенін ол алғаш рет сезінсе керек. Жемтігін көрген бойда қас қағым сәтте бас салып, ту-талақайын шығаратын бүркіттей, әуесқой бокстағы Әлем чемпионы кәсіпқой бокстың кезекті өкілін місе тұтпады. Жекпе-жек алғашқы раундтың соңына жетпей аяқталды. Төреші Мэтті құтқарып қалды десек те болады. Себебі, бет қаратпайтын соққылардың астында қалған қарсылас ауыр жарақат алуы да мүмкін еді.
Данияр осы кездесуде кәсіпқой бокс өкілдеріне «маған мықты қарсылас беріңдер» деп тұрғандай көрінді. Бірақ алғашқыда ортаңқол боксшылармен кездесіп, ізінен мықтыларға тап болары хақ. Сондықтан отандасымыз бабында жүрсе бізді әлі талай жеңістерімен қуантады. Баршаңызды осы мерейлі сәтпен құттықтаймыз және Данияр Маратұлының алдағы кездесулеріне сәттілік тілейміз.