Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

20 келі жылқы еті мен 40 келі дәрі-дәрмек: Қазақстан боксшылары жазғы Азия ойындарына аттанды

20 Тамыз, 2018

Қазақстандық 7 боксермен бірге жаттықтырушылар мен дәрігерлер де бар

 Команда мүшелеріне Джакартаға дейінгі жол оңайға түспесі анық. Алдымен олар Астанадан Бангкок қаласына жету үшін 7 сағат әуеде болады. 3 сағат ұшақ күтіп, тағы да 4 сағат Индонезия астанасына ұшады. Алғашқы 2 күн бойы спортшылар демалып, ыстық ылғалды климат пен жергілікті асқа бойларын үйретпек. Атлеттердің дәстүрлі түрде өздерімен бірге алатын жүгі – жылқы етінен жасалған тағамдар.

- «Алғашқы екі күн ешқандай жаттығу болмайды. 17 күні демаламыз, 18 күні ашылу салтанатына қатысамыз», - дейді ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов. – Тек  19 тамызда дайындықты бастаймыз. Өзімізбен бірге 20 келі жылқы етін алып келдік. Әр спортшы кімге қанша грамм қажет екенін өздері біледі.

Былғары қолғап шеберлерімен бірге еліміздің күрестен әйелдер құрамасы да жолға шықты. Бүгінде Джакартада күн райы 30 градус ыстық болып тұр. Оның үстіне ауаның  ылғалдығы 70% құрайды. Әдеттегідей кешенді-ғылыми топ мүшелері команда өкілдеріне Оңтүстік-Шығыс Азияның климаттық жағдайына бейімделу бойынша қауіпсіздік ережелерін ұғындырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

- Ылғалды ыстық климат болғандықтан су көп ішілері анық. Спортшыларымызды ішек-асқазан инфекцияларынан сақтау үшін қауіпсіздік шараларына баса мән береміз. Мысалы, кранның суымен тіс жууға да рұқсат етілмейді. Қолды таза ұстау қажет. Біз мұндай ірі жарыстарға өзімізбен бірге әдеттегідей көп жүк аламыз. Оның басым бөлігі дәрі-дәрмек. Осы жолы оның салмағы 40 келіні құрап отыр»,- дейді команда дәрігері Ирек Сатов.

Ашылу салтанаты 18 тамыз күні Астана уақыты бойынша сағат 20:00 өтеді. Азия ойындарының ресми парақшасы en.asiangames2018.id сайтының хабарлауынша, шоу кезінде керемет безендірілген 120 метрлік алып сахнада индонезияның танымал жұлдыздары мен 4 000 биші өз өнерлерін паш етпек.

Атлеттер шеруі кезінде еліміздің туын боксшымыз Әбілхан Аманқұл алып өтпек. Былғары қолғап шеберлерінің сайысы 24 тамызда басталып, финалдық кездесулер 1 қыркүйек күні өтпек.

 

 

 

 

Наверх