Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Бақтияр Артаев «Astana Arlans» бокс клубының бас менеджері болып тағайындалды

07 Ақпан, 2018

Клубта осыған дейін бас менеджер қызметін Серік Сәпиев атқарып келген болатын.

2004 жылы бокстан Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер Кубогінің иегері, Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері (2005, 2007). Азия Ойындарының күміс жүлдегері, 7 дүркін Қазақстан чемпионы, Халықаралық дәрежедегі еңбек сіңірген спорт шебері Бақтияр Артаев "Astana Arlans" бокс клубының бас менеджері болып тағайындалды. Бұл туралы клубтың ресми сайтыхабарлады.

Клубта осыған дейін бас менеджер қызметін 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев атқарып келген болатын.

Бақтияр Ғарифоллаұлы Артаев  М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін және Қазақ спорт және туризм академиясын тәмамдаған. 2014 - 2016 жж. Ұлыбританияда бизнес менеджмент курстарын оқыған. Қазіргі танда Қарағанды Экономикалық университетінде, экономика саласы бойынша жергілікті басқару мамандығының магистратурасын оқып жатыр.

2008 жылы Б.Артаев атындағы бокс сарайының директоры болып тағайындалды. 2008-2009 жылы Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Айшабибі ауылдық округінің әкімі болды. 2009-2010 Жамбыл облысы туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы қызметіне тағайындалды. 

2011 жылы Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болды.  2012 жылы 24 желтоқсанда «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының президенті болып тағайындалды. 2013 жылдың қараша айында Дүниежүзілік бокс сериясы комиссиясының мүшесі болып сайланды.

2016 жылы желтоқсан айында "Тарлан батырлары" ЖШС-нің директоры болып тағайындалды.

Бақтияр Ғарифоллаұлы Артаев 1-ші дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталған, "Дарын" сыйлығының иегері, Грекия елінің құрметті азаматы, Тараз қаласының құрметті азаматы.

Айта кетейік, 2010 жылы "Astana Arlans" клубының бірінші бас директоры Болат Манкенов болған, одан кейін бұл қызметті Серік Сапиев атқарып келді.

"Astana Arlans" клубы осы маусымдағы алғашқы кездесуін 10 ақпан күні Қарағанды қаласындағы С.Сәпиев атындағы спорт кешенінде өткізеді. Қарсыласы - Үндістанның "Indian Tigers" клубы. 

kaz.vesti.kz

 
Наверх