Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Қайрат Ералиев: «Рингте жұмбақ бола білген дұрыс»

23 Қыркүйек, 2017

 25 тамыз бен  2 қыркүйек аралығында Германияның Гамбург қаласында өткен әлем чемпионатында шымкенттік Қайрат Ералиев 56 келі салмақ дәрежесінде алтыннан алқа тақты.

15 жылдан бергі еңбегінің жемісін көрген боксшы бұл жеңістің оңайлықпен келмегенін айтты. Бұған дейін Қайрат 2013 жылы Алматыда өткен дүние додасында қола жүлде жеңіп алған еді. Міне, енді сол қоланы мәртебесі жоғары алтынға айырбастап отыр. Statsport.kz порталы жақында «Қазақта қанша әлем чемпионы бар?» тақырыбымен материалдар жариялап, сонда әр чемпионның жеңіс жолын талдауға тырысатынын айтып еді. Арнайы өтінішімізбен журналист Жансая Тәуекелқызы «су жаңа» әлем чемпионы Қайрат Ералиевті сөзге тартып, Гамбург төріндегі жеңісі туралы сұрап білді.

 

І кезең. Кристофер Флорес Магана (Мексика) — 5:0 (30:27, 30:27, 30:27, 30:27, 30:25)

— Қайрат, жеңісіңіз құтты болсын! Әлемдік додадағы алғашқы қарсыласыңыз туралы не айтасыз?

— Рахмет, әрине, бұл жеңіс маған оңай келген жоқ. Қаншама жыл төккен тер мен бапкерлерімнің еңбегі ақталған жеңіс болды бұл. Гамбургте өткен чемпионатта іріктеу кезеңіндегі алғашқы жекпе-жегім мексикалық Кристофер Флореспен өткенін білесіздер. Шынымды айтсам, мексикалық спортшы мен күткендей шеберлік көрсете алған жоқ. Негізі мексикалық боксшылар тәжірибелі әрі жұдырықтасу мәнері де ерекше ғой. Флоресті де мен «төбелескіш», қимылы шапшаң деп ойлағанмын. Қарсыласымен ара қашықтықтықты алшақтатпай жұдырықтасатынын шамалайтынмын. Бірақ ол жекпе-жек басталғаннан қашып жүрді. Оның үстіне, бойы да менен әжептеуір ұзын. Бәлкім, мен ыңғайсыз қарсылас болдым ба, әйтеуір әлсіз көрінді. Ойымда әбден пісірген әдістерді қолдана жүріп, алғашқы раундтың өзінде-ақ жеңіске жететініме сенімді болдым. Нәтижесінде 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жеттім.

 

ІІ кезең. Мұратжан Ахметәлиев (Өзбекстан, Азия чемпионы-2017, Олимпиаданың қола жүлдегері-2016, әлемнің вице-чемпионы-2015) – 4:1 (30:27, 30:27, 30:27, 28:29, 29:28)

— Жанкүйерлеріңіз өзбекстандық Мұратжан Ахметәлиевпен кездесуіңізді ерекше күтті деуге болды. Оның себебін өзіңіз де білесіз. Бұл жекпе-жекке көңіліңіз толды ма?

 

— Жанкүйерлерімнің бұл жекпе-жекті ерекше күту себебін, әрине, білемін. Бұған дейін өзбек боксшысымен екі рет  кездестім. Алғашқы кездесуде, шыны керек, оны жақсы жұдырықтасады деп күтпеп едім. Ал екінші жекпе-жегім Рио оимпиадасында өтті. Өте тартысты болды дей аламын. Бірақ спорттық бабымда болмай, жеңіліп қалдым. Әлем чемпионатында сол кеткен есемді қайтардым дей аламын. Әрине, «тағы да ұтылып қаламын ба?» деген қорқыныштың болғанын жасырмаймын. Негізі спортта, соның ішінде бокста алдыңғы кездесулерде жеңілген спортшыға қарағанда жеңіске жеткен боксшының бойында қорқыныш басым болады. Неге дейсіз ғой? Бұрын тізе бүктірген қарсыласынан жеңілу спортта үлкен жеңіліс боп саналады. Тағы бір айта кетерлігі, кейбір спортшыларда «өткен жолы ұтқанмын, бұл жолы да жеңіс менде болады» деген ой болуы мүмкін. Алайда есе жіберіп қойған қарсылас келесі кездесуде тәуекелге бел буып, бар күш-жігерін салып, алдына қойған мақсатына жету үшін аянбай еңбек етеді. Дәл сол қарсыласымен болатын жекпе-жекке ерекше дайындалады. Менде де тура сондай жағдай болды. Ахметәлиевпен шаршы алаңға шықпас бұрын бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов: «Бар күшіңді сал, бұл сен үшін есте қалатын жекпе-жектің бірі болады. Ұтылып қалма, онсыз да көп адам осы қарсыласың үшін сыртыңнан сөйлеп жүр», – деп жігерлендірді. Ахметәлиев екеуміз бір-біріміздің қыр-сырымызды біліп алдық қой. Ойын тактикамызды да жаттап алдық. Дегенмен бұл жолы  спорттық бабымда болып,  төрешілердің шешімімен  4:1 есебімен жеңіске жеттім. Жеңістен кейін бапкерім Мырзағали аға қатты қуанды, бірақ босаңсымау қажеттігін ескертті. «Алда жекпе-жектер тұр, жеңіске жетуің керек» деп жігерлендірді.

 

Ширек финал. Омар әл-Хаг (Германия) — 5:0 (30:27, 30:27, 30:27, 29:28, 30:27)

— Ширек финалдағы қарсыласыңыз, шаршы алаң иесі Омар әл-Хагты айқын басымдықпен жеңдіңіз. Бірақ Германияның бұл спортшысы тым дөрекі жұдырықтасқаны байқалып тұрды.

 

— Қай спортшы болса да, өз елінде өтіп жатқан жарыста намысын қамшылап, қарсыласынан басым түсуге тырысатыны анық. Шаршы алаңға шыққан сәттен бастап-ақ мен оның ринг иесі екенін есімде ұстап, барымды салдым. Ол мені жеңудің түрлі амалын жасауға тырысқанымен, оған жол бермедім. Неміс боксшысы барын салды. Тек шеберлігі жетпеді деуге болады. Алғашқы раундтың өзінде-ақ ол бірнеше соққы жіберіп алып, кейінгі раундтарда мүлдем жұдырықтаса алмай қалды.  

 

Жартылай финал. Петер МакГрейл (Англия, Еуропа чемпионы-2017) — 5:0 (30:27, 30:27, 30:27, 30:27, 30:27)

— Жартылай финалда англиялық былғары қолғап шебері Питер МакГрейлмен болған кездесуіңізді көрген көрермен бойыңыздан аз-кем үрей байқағанын айтады. Келісесіз бе?

 

— Расында да мен онымен жұдырықтасуға кішкене сескеніп шықтым. МакГрейлдің мықты жұдырықтасатынын білемін, алдыңғы жекпе-жектерін мұқият қарап шыққанмын. Оның үстіне, Питер МакГрейл – Еуропа чемпионы. Алғашында «қалай болар екен?» деген қорқыныштың болғанын жасырмаймын. Тек осы кездесуді қалай да болса жеңіп, ақтық сынға берілетін жолдамадан қағылып қалмау керек деген ой  маза бермеді. Менің о бастағы көздеген жүлдем алтын еді ғой. Соған барымды салып, бүкіл күшімді жұмсасам да қарсыласымды тізе бүктіру қажет болды. Бірақ англиялық жігіт мен күткендей жұдырықтаса алған жоқ. Қорғанысын берік ұстай алған жоқ. Құрып шыққан тактикасын жүзеге асыра алмады. Менен сескенді ме, мүмкін, мен ол ойлағандай боксшы болмай шықтым ба, әйтеуір 0:5 есебімен жеңілді. Меніңше, әлем чемпионатындағы жеңісім бапкерлерімнің кеңесімен қойылған тактикалық шеберлігіме тікелей байланысты болды. Себебі, мен әр кездесуде әртүрлі тактиканы қолдандым. Әр жекпе-жекте қарсыласыма жаңа қырымнан танылдым дей аламын. Бокста неғұрлым қарсыласыңа ыңғайсыз болсаң, сорғұрлым жеңіске бір табан жақын боласың. Рингте жұмбақ бола білген де дұрыс. Бұған дейін менің жекпе-жектерімді бақылап, соған сай дайындалған қарсыластарым шаршы алаңда өз ойларын жүзеге асыра алмағанын байқадым.  

 

Финал. Дук Раган (АҚШ) – 3:2 (29:28, 28:29, 27:30, 29:28, 30:27)

— Бапкеріңіз Мырзағали Айтжанов ақтық сында өзін қоярға жер таппай, «аяқ қайда?» деп бірнеше рет айқайлап, кеңес бергені белгілі. Соған қарағанда американдық қарсыласыңыздан да сескенген секілдісіз. Тағы бір сауал, жалпы әлем чемпионатында бапкерлеріңіздің айтқан кеңестері есіңізде қалды ма және толықтай орындадым дей аласыз ба?

— Спортта бапкерсіз спортшының бәйгеде озуы мүмкін емес қой. Мен де жаттықтырушыларымның еңбегінің арқасында осы бір белесті бағындырып отырмын. Тек әлем чемпионаты емес, кез келген жарыс алдында бапкерімізбен ерекше тактика құрып, қарсыластың осал тұсын табуға тырысамыз. Бұл жолы да тура сондай болды. Жоғарыда атап өткенімдей, әрбір жекпе-жекке ерекше дайындалдым, жұдырықтасу мәнерім бір-біріне ұқсамады. Бапкерлерімінң барлық кеңестері есімде және оны  орындап шықтым деп айта аламын. Жартылай финалдағы жеңісімнен кейін финалға тактикалық, психологиялық тұрғыда жақсы дайындалдым. Себебі, ақтық сындағы қарсыласым, америкалық Дук Раганға осы жылдың наурыз айында Германияның Галле қаласында өткен турнирдің жартылай финалында есе жіберіп қойған едім. Бір жағынан сол жеңілісім еске түсіп, сескеніп қаламын ба деп уайымдадым. Терең ойдың үстінде жүргенде, бапкерім Мырзағали ағаның қыркүйек айындағы туған күні есіме түсті. «Мен үшін қаншама тер төгіп, сөзімді сөйлеп, үнемі қолдап жүрген бапкеріме жасаған сыйлығым болсын, қалай да болса осы жеңіс менікі болуы керек» деп өзімді қамшыладым. Шаршы алаңға шығар алдында да, тіпті жұдырықтасып жатқан кезде де сол ой маза бермеді. Меніңше, кез келген спортшы психологиялық тұрғыда дайын болса, жеңіске жету қиындық туғызбайды.

 

Гамбургтегі додада кез келген қарсыласыма сақадай сай болдым. Финалда екі қолымды бірдей жұмыс істете білдім. Жеңісімнің басты сыры сол әдіс болды десем қателеспеймін. Рингте осы тактикаммен оған ыңғайсыз соққылар жасадым, нәтижесінде Раган өз тәсілін өзгертуге мәжбүр болды. Сондай-ақ, Мырзағали ағаның «аяқ қайда?» деген кеңесі де қарсыласты тізе бүктіруге орайлы тәсіл болды. Бапкерлерім маған барынша шапшаңдық танытып, аяқты қимылдатып жұдырықтасуға кеңес беріп отырды. Яғни қарсыласқа соққы беріп, бірденен қорғанып, қашықтықты алшақтату қажет болды. Бірінші, екінші раудантардың өзінде-ақ мүмкіндігімді қалт жібермей, осы тәсілім нәтижесін бере бастады. Осы ретте әрбір жекпе-жекке ерекше дайындап, ақыл-кеңесін айтудан шаршамайтын, қарсыласқа қарсы ұтымды әдістерді үйрете білгетін бапкерлеріме ерекше алғыс айтамын.

Тәртіп бойынша жарыстан соң біз допинг бақылауынан өттік, содан кейін командамен естелікке суретке түстік. Қонақүйге келгенімше телефоным сөндірулі болды. Бөлмеме келген бойда анама хабарластым. «Жеңісіңіз құтты болсын! Бұл алтын медаль – сіздің, бауырларымның қолдауының арқасы» деп алғысымды айттым. Ал өзімді алғаш болып құттықтаған адам есімде жоқ. Құттықтаулар бірінен соң бірі келіп жатты.

— Сұхбатыңызға рахмет. 

 

Әңгімелескен Жансая Тәуекелқызы, арнайы Statsport.kz үшін

statsport.kz

сурет - Данияр Майлыбаев

Наверх