Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Қазақстан бокс федерациясы кубогы жолындағы жарыстың жеребесі тартылды

11 Маусым, 2017

Қазақстан бокс федерациясы (ҚФБ) кубогы жолындағы жарыстың жеребесі тартылып, VIII маусымдағы топтық турнирде қай командалардың өзара күш сынасатыны анықталды.

«А» тобы: Алматы, Қарағанды, Қызылорда және Қостанай облыстары; «В» тобы: Астана қаласы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары; «С» тобы:  Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары; «D» тобы: Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстары және Алматы қаласы.

Биылғы дода қызыққа толы болайын деп тұр. «А» тобында Алматы мен Қарағанды боксшылары өзара мықтыны анықтайтыны сөзсіз. «В» тобында Астана мен Жамбылды ерекше айта кеткен жөн. Бірақ соңғы кездердегі нәтижелерге қарап, Астананың қауқары көпке жетеді деп айтуға болады. «С» тобында ОҚО боксшылары айқан фаворит. Ал оларға тек Павлодарлықтардың шамасы жетуі мүмкін. «Д» тобында былтырғы чемпион Маңғыстау өз жерінде жеңіске жетуге ниетті.

Ширек финалдық бәсекелерді Қызылорда («А» тобы), Астана («В» тобы), Павлодар («С» тобы) және Ақтау («D» тобы) қалалары қабылдайды. Бұл бәсекелер 7-9 қыркүйекте («А» мен «С» топтары) және 21-24 қыркүйекте («В» мен «D» топтары) өтеді. Жартылай финал және финалдық сайыстар 2-3 желтоқсан күндері Алматы қаласында ұйымдастырылады. Ережеге сай әр команда сапында 20 боксшы (10 адам негізгі құрамда+10 адам қосалқы құрамда) болуға тиіс. Әр кездесу 10 жекпе-жектен тұрады. Бәсеке тең аяқталған жағдайда қосымша кездесу ұйымдастырылады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейінгі ҚБФ кубогы жолындағы жарыста Астана қаласы (2010, 2013) мен Маңғыстау (2012, 2016) облысының былғары қолғап шеберлері екі рет топ жарды. Бұл атақ Қарағанды (2011), Жамбыл (2014) және Оңтүстік Қазақстан (2015) облысына бір реттен бұйырды.

dodasport.kz

Наверх