Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

"Арландар" ресейлік командаға қарсы шығатын құрамын жариялады

18 Мамыр, 2017

Жауапты кездесу Қарағандыдағы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өтеді.

 

"Арландар" ертең ширек финалдың қарымта кездесуін өткізеді. Осыдан бір апта бұрын Ресейдің "Патриот Боксинг Тим" командасымен Кемеревода күш сынасқан қазақ боксшылары 3:2 есебімен жеңіске жеткен. Жауапты кездесу Қарағандыдағы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өтеді. Басталуы – 17:00-де.

Ресей боксшылары топтық бәсекеде де "Арландармен" бір топта болды. Екі жекпе-жекте де отандастарымыз қарсыластарынан басым түсті. Мәскеуде өткен алғашқы айқаста Нұрлан Ақүрпековтің командасы 3:2 есебімен жеңіске жетсе, елімізде өткен кездесуде 4:1 есебімен басымдық танытты. Ширек финалдағы бірінші жекпе-жекте де "Арландар" 3:2 есебімен жеңіске жетті.

"Астана арландарының" бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков ресейлік командаға қарсы шығатын боксшылардың есімін жариялады. Егер есеп екі қарымта кездесудің қорытындысы бойынша тең болатын болса, онда жеңімпаз команда қосымша жекпе-жекте анықталады. Бүкіләлемдік бокс сериясы ширек финалдың жеребесі тартылған сәтте қосымша жекпе-жекті +91 келі салмақтағы боксшылар арасында өтеді деп шешкен.

52 келі салмақта күш сынасатын Олжас Сәттібаев биылғы маусымды жоғары деңгейде өткізіп жатыр. Әзірге тараздық тарлан топтық бәсекеде сүрінген жоқ. "Арландардың" капитаны бұл жолы ресейлік Иван Абрамовпен шығады деп күтілуде. Ресей боксшысы бұл маусымда әлі жекпе-жекке шықпаған. Сондықтан Олжасқа бұл қарсылас соншалықты қиындық тудырмас деген ойдамыз.

Топтық бәсеке кезінде Олжас "Патриот Боксинг Тим" командасының осы салмақтағы мүшесі Вячеслав Ташкараковпен қолғап түйістіріп, жеңіске жеткен болатын.

60 келі салмақта күш сынасатын Закир Сафиуллин де осы маусымда тамаша жұдырықтасуда. Бұл жолы отандасымыз Ресейден келетін Шахриер Ахмедовтің бабын байқап көрмек. Біздің боксшы қарсыласына қарағанда әлдеқайда тәжірибелі. Ресейлік боксшы болса, бұған дейін шаршы алаңға тек бір-ақ рет шыққан.

69 келі салмақта Асланбек Шымбергенов пен Шахабас Махмудов биыл екінші мәрте кездескелі тұр. Естеріңізде болса, 18 наурызда Таразда өткен топтық ойында Асланбек қарсыласын 3:0 есебімен жеңген еді.

"Арландардың" бас бапкері Нұрлан Сәкенұлы 81 келі салмақта Арман Рысбекке сенім артып отыр. Наурыз айында ресейлік боксшыларға қарсы өткен топтық сайыста да "Арландар" намысын Арман қорғаған. Сол кезде Ресейдің тәжірибелі боксшыларының бірі Павел Силягинді 2:1 есебімен ұтып, өзінің мықтылығын дәлелдеген еді. Бұл жолы енді Павел Силягинмен емес, Имам Хатаевпен қолғап түйістірмек. Қарсыласы биылғы маусымда тек бір жекпе-жек қана өткізген.

Аса ауыр салмақтағы (91 келі) боксшылар бәсекесінде еліміздегі талантты боксшылардың бірі Дмитрий Зиско шықпақ. 20 жастағы былғары қолғап шеберінің бұл бірінші жекпе-жегі болмақ. Биылғы маусымда аса ауыр салмақтың жүгін Олжас Бұқаев пен Қамшыбек Қоңқабаев сынды алыптарымыз көтеріп келді. Осы Ресей командасымен болған топтық сайыста Қазақстан чемпионы, павлодарлық Олжас Бұқаев Магомед Омаровпен шаршы алаңға шығып, тәжірибелі қарсыласынан жеңіліп қалған болатын. Бұл жолы Магомед Омаровтың орнын Артем Сисленков басты. Бұл боксшы да биылғы маусымда ешқандай жекпе-жекке шықпаған.

kaz.vesti.kz

Наверх