Кеше Атырауда Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Хиуаз Доспанованы еске алуға арналған әйелдер арасында бокстан халықаралық турнир мәресіне жетті.
Қазақстан бокс федерациясының мәлімдеуінше, 48 келі салмақта Алуа Балқыбекова, 51 келі салмақта екі дүркін әлем чемпионы, атыраулық ару Назым Қызайбай, 54 келі салмақта Аида Тұяқбай, 57 келіде Дәметкен Келімбет, 60 келі салмақта тағы бір атыраулық бойжеткен Назым Ишанова, 64 келі салмақта Мадина Нұршаева, 69 келі салмақта 2016 жылғы Әлем чемпионы Валентина Хальзова, 75 келі салмақта Виолетта Князева, 81 келі салмақта Мөлдір Базарбаева және 81 келіден жоғары салмақта Умида Садыкова алтын алды.
«Бұл турнирге тыңғылықты дайындалып, жоғары мақсат қойдым. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Алда бұдан да жауапты сайыстар тұр. Ең бастысы — Олимпиада ойындары. Оған 4 жыл тынбай дайындалу қажет», — дейді Назым Қызайбай.
Айта кетейік, тағы бір әлем чемпионы атанған Дина Жоламан 54 келіге дейінгі салмақта күміс жүлде алды.