Алдымен 56 келі салмақ дәрежесінде Қайрат Ералиев әзірбайжандық талантты боксшы Джавид Чалабиевпен қолғап түйістірді.
Бәсеке барысында Қайрат қарсыласына қарағанда алымды қимылдап жеңіске жетті. Енді ол ¼ финалына шықты.
Данияр Елеусіновтың (69 келі) қарсыласы британдық боксшы Джош Келли болды. Данияр одан бір бас жоғары тұрды. Нәтижесінде таза ұтып, келесі кезеңге өтті.
81 келіде өнер көрсеткен Әділбек Ниязмбетов 2012 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Михаил Долголевецпен кездесті. Біздің боксшы қарсыласына еш мүмкіндік бермей, шаршы алаңда мерейі үстем болды. Енді оны ¼ финалда Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері әзірбайжандық Теймур Мамедов күтіп тұр. Жұртшылықтың есінде болсын, Теймурдың ата-анасы кезінде Шымкентте тұрған. Анасы –қазақ.
Олимпиадалық ойындарда бір өкініш бір үміт қатар жүреді. Бұл жолы да «қап» деп сан соғуға тура келеді. Болашағынан үлкен үміт күттіретін қарағандылық 19 жасар боксшымыз Абылайхан Жүсіпов (64 келі) үшін Олимпиадағы алғашқы кездесуі сәтсіз болды. Ол 21 жасар британдық Пэт Маккормакқа есе жіберіп алды. Қазақстан құрама командасының бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов бұл жеңілістің себебі Абылайханның тәжірибесінің жоқтығы мен физикалық тұрғыда даярлығының жеткілікті деңгейде болмауынан дейді.
Дзюдошылар сынында 100 келі салмақта бақ сынаған тәжірибелі Максим Раков жарысты аяқтады. Ол алдымен эстондық ауыр салмақты дзюдошы Григорий Минашкинді ұтқанымен, екінші кездеуінде көбірек ескерту алуы салдарынан чех Лукаш Крпалектен ұтылды.
Винтовкамен үш түрлі жағдайда нысана көздеушілер арасында Елизавета Король 36 спортшының арасында 26 орынды қанағат тұтты. Айта кетейік бұл сында финалға 8 спортшы жолдама алды.